Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 31 газет

20 сәуір 2024 ж.

№ 30 газет

16 сәуір 2024 ж.

№ 29 газет

13 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Оттан да ыстық сезімдер

Оттан да ыстық сезімдер

Бірі едің өзің көп Нардың,
Өмірдің аз ба жарасы...
Белгісіз солдат боп қалдың,
Дәрібайдың жалғыз баласы.

Дархан ата мен Рыскүл шешейдің үш перзенті 1932-1933 жылғы ашаршылықта шейіт болғаннан кейін, Сатыбалды атты ұлы мен Ханша қызын аштан өлмесін деп оларды амалсыздан балалар үйіне тапсырған. Сондағы өзіне тиесілі күнделікті берілетін кішкене тілім нанды жемей, жинап арттарынан келген әке-шешесі мен жанындағы қарындасына бөліп беріп тұрып: «Менің қарыным тоқ, көп уайымдамаңыздар, жігітпін ғой, шыдаймын, тек Ханшаны бұл жерден тезірек үйге алып кетіңіздерші, өздеріңізді сақтаңыздар», – деп терезедегі темір торға жабысып, қарауытқан көздерін жалтарып, күнде аштан өліп жатқан балалардың кеуіп кеткен іштерінен аққан нәжістің сасық иісіне өзі зорға шыдап тұрғанын көрсетпеуге тырысқан қаршадай, он жасар Сатыбалдысының бейнесі Дархан атаның көз алдынан кетер ме, сірә?! Аша тұяқ қалдырмай, мал біткеннің бәрін үкімет тартып алып, ел-жұртты бақа-шаянға да зар еткен еді-ау. Қолдан жасалған сол сұмдық жұтты бастан кешіріп, күнде әрбір үйден бір қора жанның өлі денесін арбаға тиеп, ауыл сыртындағы сайға көміп келіп, еңіреген азаматтардың теңселіп зорға жүргендерін көзімен көрген ақсақалдың жүрегі әлі күнге дейін үнсіз егіледі. Енді сол қырғыны аздай, сегіз жыл араға салып, тағы бір зұлмат – Ұлы Отан соғысы деген шықты.

Ойлап қараса, осы дүниеге өзі 1879 жылы келген екен, содан бері бір рахаттанып өмір сүрмепті. Заманы қаһарлы болыпты, талай тар жол, тайғақ кешулерден өтуді Құдай маңдайға аямастан жазған екен. Ресей Патшалығы кезінде көрген қиыншылықтары да аз емес еді, бірақ 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін, әйтеуір, елде тыныштық болмай кетті ғой. «Ақтар» мен «қызылдар», «бай-құлақ пен кедей-шаруа» болып бірін-бірі қырды, інісін ағасына, баласын әкесіне айдап салып өлтірткен деген бұрын-соңды естімеген масқара, сорақы күндер де өтті жұрттың жүрегіне қап-қара таңба салып. Бұдан кейін колхоз деп барлық қолдағы малдан айырып, елді үкіметке қаратып, телміртіп қойды. Ақырында, бас көтерер, арқа сүйер азаматтары жоқ, қолындағы барынан айырылып, дүбәра болған халықты аштан қырып тынды ғой. Одан соң туған ұлтының сөзін сөйлеген, жанашыр, көзі ашық, білімді, асыл ұлдарына неше түрлі қисынсыз жала жауып, итжеккенге айдатып жіберіп, сол жақта олардың көздерін жойды.

Бұл қандай саясат ойыны екеніне Дархан ата түсіне алмайды. Өзі осы Сыр бойының Тереңөзекке қарасты Шаған деген ауылында қарапайым диқанның отбасында туған. Кішкентай кездерінде әкесі балаларына жеті атасының аты-жөндерін жаттатқызып, олардың Есентемір деген батырдан тарайтынынан басқа ештеңе айта алмай, жұмған ауызын ашпағаны неліктен екенін, ол білмей-ақ қойды. Әкесі бұл он екіге келгенде көз жұмды, төрт баламен қалған шешесінің ортаншысы – өзі де жас­тайынан жұмысқа жегілді. Сосын Кеңес үкіметінің ашқан «ликбезі» бойынша оқыды. Одан кейін де сол диқаншылықпен айналысып колхоздың егінін екті, үйленіп, бала-шағалы болып, солардың рахатын Рыскүл екеуі көреміз бе дегенде бір сұрапылдан кейін одан да сорақылары келіп, ақыры мынау, кемпірі екеуі телміріп күнде жолға қарап, соғысқа кеткен жалғыз ұлдың бары-жоғын біле алмай, күнде елеңдеп, үміттеніп, күтіп отырғандары. Елдің сорын қайнатып, барынан айырып еңіреткен бұл соғыс та бітті. Миллиондаған қылшылдап тұрған азаматтардың шашылған қанының, тұтқынға түскендердің ышқынған жанының адам төзгісіз азабы мен ардағынан айырылған ата-ана, әйел, бала-шағаның зары – Құдайдың ісі емес шығар. «Жалғыз ұлдың алдында алшы», – деп Алладан тілеуші еді. Бірақ көретінін көрмей, көрге де кіре алмайды екен ғой бұл пенде. Дархан ақсақалдың ойы осылай сан-саққа жүгіріп, түнімен көз іле алмай жатып, Сатыбалдысына деген сағынышы жүрегін өртеп, баласы есіктен кіріп келетіндей болады да тұрады.

Сатыбалды жастайынан мығым денелі, еңселі, мінезі сырбаз, салмақты еді. Елді аралап, үйден-үйге барып таң атқанша жыр жырлайтын. Жырауларды тыңдау үшін ол әкесімен бірге ұйықтамай бірнеше түн жүре беретін. Сол жыраулардың әсері ме, ол кейін, ер жете бастағанда, өлең шығаратын болды. Тек әке-шешесімен қарындасының ғана емес, туған-туыс, жекжат, дос-жарандардың бәрінің қамқоршысы, сүйеніші болып өсіп келе жатқан. Он бес жасқа келгенде ол Тереңөзек ауданының орталығынан жолдастарымен бірге осы қақыраны салып, Шағандағы ескі жер тамнан бұларды осында көшірген. Сатыбалды он жетіге толғанда Ұлы Отан соғысы басталып кетіп, «елді қорғаймын» деп, комсомолға мүше болып, жасын он тоғызда етіп жаздырып, майданға аттанып кеткен. Екі жылдай өлеңдетіп хат келіп тұрды да, кейін сап тиылды. Міне, соғыс біткелі де екі жылға аяқ басты, Сатыбалдыдан әлі хабар-ошар жоқ. Жалғыз ұлына деген сағынышы мен ынтықтығы жүрегінде шер болып қатқан Дархан ата Ханша қызының домбырамен термелетіп айтқан Сатыбалдының жырларын тыңдап қана жан сақтап жүр. Баласының жазған әрбір жолын естіген сайын жүрегі қансырап, өзегі өртенеді:

Оралды жағалай біткен болады тал,
Жамиғат, әңгімеге құлағыңды сал,
Алдымда ағам да жоқ, інім де жоқ,
Барады қалып артта кемпір мен шал.

***
Аэроплан аспанда жүр ағылып,
Зорға жүрмін ата-анамды сағынып.
Ертелі-кеш дамыл таппай сабылып,
Германия бара жатыр қағынып.
Істің арты не боларын білмеймін,
Жеңіп шықсақ бір амалы табылып.
Артыңа ерген жалғыз ұлың мен едім,
Мені ойлап қалма, әке, шағылып.

***
Хат жаздым бес жол етіп жиырма қатар,
Сіздердің тарыққаның маған батар,
Балаңның өз басында болса еркі,
Ендігі бұл арада неғып жатар.
Жаз болып тұрған шығар, шөптер жайнап,
Тотылар жүрген шығар сансыз сайрап,
Азамат бас көтерер бәрі кетіп,
Кемпір-шал отыр ма екен соры қайнап.
Ата-анам артта қалып егіледі,
Көзден жас ыршып жерге төгіледі,
Жалғызы ем бір кісінің «жаным» деген,
Қайтам ба жаудан есен кім біледі?!

Ханша өзі егіл-тегіл болып отырып кемпір мен шалға, жиналып қалған көрші, туысқа ағасының жүрек лүпілін әуендете тебіренеді:

Қолға қару алармыз,
Жауға ойран салармыз,
Бір күнгідей болмай-ақ,
Ауылға аман барармыз.
Талай жерді көрдік қой,
Талай нәрсе білдік қой,
Көп әңгіме есітіп,
Оған да көңіл бөлдік қой.
Осы хатты алған соң,
Сөзге әбден қанарсыз.
Екі бетте қан қалмай,
Екі аяқта жан қалмай,
Біз барғанша, папажан,
Өзіңіз әбден жарарсыз.
Аға деген алда жоқ,
Іні деген және жоқ,
Алды-артыңызға қарарсыз.
Жалғыз балаң мен едім,
Артыма ерген қарындас,
Сүйенішім сен едің,
От басында бас қосып,
Отырғанда, қарағым,
Кімнен артық-кем едің.
Атам менен анамды
Қызықты өмір сүргізіп,
Гүлдендірсем деп едім.

Көз жасына булығып, еңкілдеп, уһілеген жандардың демінен кішкене үй теңселіп кеткендей. Сатыбалдының жырлары әрбір көкіректегі шерді қозғап, әрқайсысының сол соғыстан оралмаған жақындарын көз алдына әкеліп, боздатты. Отырған туысқан ағайындар өздеріне жазылған мына шумақ­тарды есітіп, көз жастарын тия алмай қойды:

Хат жазылды ата менен ағаға,
Нелер келіп, не кетпейді санаға,
Атам менен анам қалып барады,
Туысқандық жолмен қара, жан аға.
Осы хатты жазған Сатан ініңіз,
Ініңіздің айтқан сөзін біліңіз.
Қапаланып көп қамықпай, ата-анам,
Ағайынмен араласып жүріңіз.
Сіздер қалып, біздер кеттік ауылдан,
Жан дегенде жалғыз аға, бауырдан
Айтмағанбет артта қалып барады,
Тату едік тәтті піскен қауыннан.
Біразырақ өлең жаздым көңілден,
Жас жүрегім ағайынға бөлінген,
Көпке дейін көзім тартып жүріп ем,
Әскерлікке кетуіме көрінген.

Осындай жыр жолдарымен жазылған хаттар Сатыбалдыдан ағылып келіп жатты, Ханша да оған өлеңмен жауап қайтарады.
Сатыбалдының жақсы көрген қызы, қара­торғайдай ғана, сүйкімді, жүрегінен жыр есіп тұратын Нұрзат та қалды еңіреп. Ол Сатыбалды соғысқа кеткен соң үш жылдан кейін Дархан ата мен Рыскүл шешейдің қолына келген. «Сатыбалды аман оралса келіндеріңіз болайын, ал ол Тәңірдің жазуымен жазатайым кетсе, сіздердің қыздарыңызбын. Мені өздеріңізден бөлектемеңіздер, қуаныш-қайғыны бірге бөлісіп, қолымнан келгенінше сіздерге Сатыбалдыны жоқтатпауға тырысып, тірек, сүйеніш болайын», – деп Нұрзат кемпір-шал мен он алтыға келіп қалған Ханша қызға бәйек болып, сол үйдің отынан кіріп, күлімен шығып жүрді.

Соғыс та бітті. Нұрзат Сатыбалдыны әлі күтуде, үмітін үзбейді. Рыскүл шешей мен Дархан ата, Ханша үшеуі Нұрзатқа әбден бауыр басып қалды, оның жайдары жылы сөзі мен биязы іс-қимылы құлазып, әбден жүдеген көңілдеріне медет. Сатыбалды үшін өмірін сарп еткізуге дайын осы мөлдір жанның асылдығына тәнті болған Рыскүл шешей, оны өз қызынан артық көрмесе, кем көрмейді.
Нұрзаттың күнде жолға қарап телміріп, білдірмей көз жасын сығып алып жүргені Рыскүл шешейдің жанына әбден батты. Бір­де ол отағасысына: «Қара жолға қарай-қарай Нұрзатжанның әбден құр сүлдесі қалды ғой. Обалына қалдық па, қайтейін? Қой, бұлай жүре берсе, болашағы тұл болар, жарық дүниенің жақсылығын көрсін, шал-ау, оған қалай айтам бұл ойымды, онсыз да тілім-тілім жүрегіне тұз сепкендей боламын-ау жарқынымның» деген кемпірінің сөзін үнсіз тыңдап отырған Дархан ақсақал, тіп-тік бойы бүгіліп, жер таянып орынынан әрең тұрды да, қалбалақтап барып, босағадан ұстап, көнетоз қара қайыс мәсісіне қолпылдақ резеңке кебісін тәлтіректеп тұрып әрең киіп, сыртқа шықты.

Жасы жиырмаға келген қыздың бо­лашағын ойлап, Рыскүл шешей жан дүниесі қанша алай-дүлей болып, бауыры езіліп, көңілінің жарығы Нұрзатынан көз жазғысы келмей тұрса да, бір күні өзін-өзі қамшылап, қатуланып алып: «Соғыс біткелі де міне, үшінші жылға аяқ басты. Біздің қу маңдай болып отырғанымыз мынау, бір баланың бар-жоғын біле алмай. Ал Нұрзат, қарағым, ендігі жерде сенің көзіңнен аққан сораңды көріп оты­­рар бізде дәрмен жоқ. Бізді сорлаған үстіне сорлатпай, үйіңе қайт. Өзіңнің өміріңді сүр. Балам аман-есен болса осы уақытқа дейін бір хабарын берер еді ғой. Біз саған ризамыз. Көктеп көгер, өсіп өн, осы менің саған берер аналық батам!» – деді күйзелгенін білдірмеуге тырысып. Сонда Нұрзат Рыскүл шешейдің уһілеген кеудесіне басын қойып, өксігін баса алмай ұзақ жылаған. Дархан ата ене мен келін болуды Құдай жазбаған екі байғұстың жүректерінің қақ айрылып кете жаздап тұрған үстінен түскен. Ол кеудесіне тығылған ащы өксікті ішіне тығып, бір сәт үн-түнсіз тұрып қалды да: «Кемпір, шай дайында. Нұрзаттың өзегі талды ғой, жылатпасайшы» деп, дауысының діріліне ие бола алмай, шығып кетті. Нұрзат атасының соңынан жүгіріп: «Ата! Бәрімізді амандықпен кездесуге жазсын!» – деді, емірене толғанып. Дархан ата бұрылып келіп, Нұрзаттың маңдайынан иіскеді. «Бағың ашылсын, балам!» – деді де, абдырап, сәл кідіріп тұрып, аулаға шығып кетті.

Ертеңіне Нұрзатты Рыскүл шешей, Ханша, жақын туыс, жеңгелер мен көрші әйел, бала-шаға Қызылордаға аттандыруға жиналды. Нұрзаттың әке-шешесі ертерек қайтыс болған екен. Бұлар сіңілісі екеуі қаладағы ағасының үйінде тұрыпты. Енді сонда қайтып барады. Рыскүл шешей Нұрзаттың жанына туысқан бір келінді қосып, есек арба айдайтын он бестердегі көрші баламен бірге оны жолға аттандыруға кірісті. Рыскүл шешей Нұрзаттың кішкене қол сандығын арбаға салдырып, жолда қарындары ашып қалмасын деп жүгері нан, түйілген тары, айран салынған дорбаны жанына жайғастырғызды да, Нұрзатқа ашық қызғыш гүлдері бар сатиннен тігілген көйлекті сыйлап, бөз орамалды иығына жауып тұрып, оның маңдайынан, көзінен сүйіп, жанарындағы жасты іркіп тастап, толғана сөйледі: «Осы көйлекпен орамалды Сатанжанның келіншегіне деп арнап, ырымдап, балам әлі соғысқа аттанбай тұрғанда, қалаға барып бір сәудегер грек әйелінен күміс білезік, сақиналарыма айырбастап алып едім. Маған өзіңнен артық келін керегі жоқ, шырағым. Үмітімді үзбеймін, Сатышжан аман-есен оралса, екеуіңнің балаларыңды бағып-қаққаннан артық, шал екеумізде арман жоқ. Қайдан білейін, жалғыз ұлды енді қайтып бұл дүниеде көретін күн бар ма екен? Алладан тілейік, ең болмаса жастың тілегін, сенің тілегіңді қабыл етер. Анау сормаңдай шалды аяймын, ішінен тынып қаусап бара жатыр. Баласын сағынғанда жүрегі өртеніп кете жаздайды, ол менен жасырғысы келгенімен, мен бейбақ, бәрін көріп жүрмін ғой. Күнде ауыл сыртына шығып, сарыла баласын күте-күте екі көзі қанталап келеді. Қайтейін, не амалым бар. Ханша қыз, анау, ашушаң болып алды, сөз көтермейді. Ағасына өлеңмен хат жазады да жатады, онысы қайтып келеді поштамен. Он сегізде ғой. Нағыз жауқазындай жайқалатын кезі. Қу соғыс-ай, талайдың түбіне жеттің-ау! Сені ойлап тапқандарға, лағнет! Қайғы-қасіреттен көзіміз ашылмай-ақ қойды ғой. Құдай-ау, сонша не жазығымыз бар еді сенің алдыңда? Қаншама боздақ қырылып, жетімсіреп, жәутеңдеген жас қыздар мен келіншектердің, балдырғандардың жан ай­қайын неге естімейсің? Сонша еңіретерің бар, неге жараттың бұл байғұстарды? Әлде тайраңдаған кейбір қанағатсыздардың то­йымсыз пиғылы үшін, жас ұрпақ азап тартуы керек пе? Жоқ, әлде, билікқұмар, қанқұмар біреулердің құрбаны бола береміз бе? Мен оқымаған қараңғымын, ал көзі ашық азаматтар неге жол береді осындай қырғынға?» – деді де, алқынып, жүрегін ұстап, отыра кетті. Нұрзат жүгіріп келіп, «апалап» мойнынан құшақтап, өксігін баса алмай қойған соң, Рыскүл шешей оны бауырына басып, маңдайынан сүйді де, жәймен түрегелді, әрі қарай шыдауға дәрмені жетпей, жанындағы әйелдерге: «Нұрзатжанды аттандырыңдар» – деді, қарлыққан дауысын зорға шығарып, сосын белі бүгіле әрең жүріп, үйге кіріп кетті.

Нұрзат көз жасын қолымен сүртіп, сол­қыл­дап жылап тұрған Ханшаны құ­шып тұрып: «Жылама, жаным! «Әйел қырық шырақты» дейді ғой қазақ. Әлі-ақ шыра­ғымыз жанар, көкең аман-есен келуін Құдай­дан тілей бер. Маңдайың ақ, жолың тола бақ болсын, қалқам!» деп, оның басынан сипап, бетінен сүйді. Сосын есік алдында аңырап тұрып қалған Дархан атасына, Сатыбалдының өз қолымен салған қақыра үйге иіліп сәлем салды да: «Қош болыңыздар, қайтып көрісуді бұйыртсын!» деп, ол жылай-жылай қызарып, білеуленіп ісіп кеткен екі көзін қолымен қалқалап, басы салбырап, тәлтіректеп барып, арбаға отырды. Есекке жегілген арба сықырлай орынынан қозғалды. Нұрзаттың құлағы шыңылдап, көзі қарауытып кетті. Көкірегі өртеніп, алқымына ащы өксік тығылып, өкіріп жылағысы келді. Сатыбалдының өзіне емірене қарап, еркелеткен сәттері келді көз алдына. Балаң, ұяң сезіммен, жанары алаулап, тіл қата алмай, салалы саусақтарымен мұның шашынан сипай берген оның бейнесін, енді бұл ұмыта ала ма?! Ал Сатыбалдының өзіне арнап жолдаған мына жырлары жүрегінде мәңгі жазылып қалды ғой:

Арнап жаздым осы хатты бұл рет,
Шын жақсының бір белгісі білінер,
Сынық мінез сипатыңды көрген соң,
Тыным таппай тереңнен ой тербелер.
Айып етпе, артық сөзім болса егер,
Зер қадірін зергер білер деген ед.
Қолда барда құлаш ұрып қалайық,
Аз ба, көп пе өмір, шіркін, кім білер?
Балдырғандық балалық шақ баста тұр,
Жөні келсе ол да бір күн жөнелер.
Алатаудың алмасындай аңсаймын,
Ашып айтшы, көңіл қалай емделер?...
Нұрзаттың өзінің жазған жауабы да есінде:
Сатан атты, асыл затты, қарағым,
Хатыңды алып, сөз нашына қарадым.
Тәтті тілің бұлбұлдайын сайраған,
Толтырыпсың ақ қағаздың парағын.
Қатарыңнан артық екен ақылың,
Жүрегіңе еккен екен маржан сөздің дақылын.
Сөзіңізден сынап, қалқам, айтайын,
Жаратқан ием қолдасыншы ақынын.
Әдейі арнап қойыпсың маған сұрақты,
Бұл сөзіңді жан жолдасың ұнатты.
Әзіл еді сонау кезде айтқаным,
Көңілің түзу болсын, қалқам, тұрақты.
Бізден алыс сіздер елдің шынары,
Бұл өмірдің, жас дәуреннің құмары,
Көп ойланып, көп толғанып Сіз үшін,
Осы болды жылы сөздің тынары.

Нұрзат бұл жырларды іштей қайталай береді, сонда өзі Сатыбалдымен қауыш­қандай, іңкәрлігі арта түскендей, сол ға­жайып сезімдерге қайтадан бөленгендей болады. Сатыбалдының бұл дүниеде жоқ екеніне сенбейді, сенгісі де келмейді. Нұрзат онсыз өмір сүре алмайды, мына дүниенің Сатыбалдысыз мәні жоқ, ал мағынасыз өмір кешудің керегі бар ма? Осындай ойлар жанын жегідей жейді. Адам көп уайымнан есеңгіреп қалады екен. Жан-жағы құлазыған дала, қыстың соңы болса да, салқын қабағы әлі түсіңкі. Нұрзат сықырлаған арбаның үстінде отырып, ирелеңдеп, сазды топырағы иленіп жатқан жолға қарап, қайда жатқаны белгісіз Сатыбалдыны, сол сияқты туған жер топырағы бұйырмай кеткен есіл ерлерді ойлап, лықсып келген оттан да ыстық сезім­дерден жүрегі өртеніп бара жатқандай еді. Енді бір-екі айдан кейін көктем келеді, 1947 жылдың көктемі...

Әр заманның ұрпағына дайындаған өз құйыны, өз зұлматы бар. Бірақ ондайда адамның бойында соларға төтеп бере алатындай асыл қасиеттер де шыңдала түседі екен. Әйтпесе, аштықта да, жоқтықта да, алпауыт қасіреттің араны ашылып, жұрт ең ардақтысы мен асылынан айырылып жатқанда да мейірім, жанашырлық, ізгілік, шапағат шуағының молая түсуі неліктен? Ал бейбіт өмірде, баршылықта жақсылық шеңбері сонша тарылып, безбүйректік, ішітарлық, дүниеқоңыздық, құмарлыққа құ­­нығушылық етек алып кететіні несі? Мүмкін, адам бойындағы қасиетті шырақтар мұндайда кір-ластан тітіркеніп, шошып, сө­ніп қалатын шығар?

Адам жаманнан, кірден, әйтеуір, бір арылғысы келеді. Ол мөлдір бастауларды іздей бастайды.

Жадыра Дәрібаева, жазушы,
«Сырдария ауданының Құрметті азаматы»
17 тамыз 2021 ж. 518 0