2006 жыл: "Әрқашан бірге, әрдайым алда болған"
Тәуелсіздіктің он бес жылдығын жас мемлекетіміз буыны қатайып, бақуаты беки түскен, дамудың дара жолына түсіп, мақсаты мен міндеті нақтыланған елдер қатарында қарсы алды. Елбасының сындарлы саясатының арқасында елдің ішкі-сыртқы жағдайы біршама тұрақталып, халықаралық аренадағы ел беделі жоғарылай түсті. 2006 жылы ауданымыз да үлкен жетістіктерге жетіп, жаңа жылды тың серпінмен қарсы алды.
Желтоқсан айында республикалық «Отан» саяси партиясының кезектен тыс оныншы съезі өтіп, оған қатысушы делегаттар партияны «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы» деп атау жөнінде басым көпшілік дауыспен шешім қабылдаған.
Дәл осы жылдың қаңтарында республика көлемінде Астанадағы Ақордада қайтадан сайланған Мемлекет басшысын ұлықтау салтанаты өтіп, жаңа Гимн бекітіліп жатса, жыл басталысымен ауданда да бірсыпыра жұмыстар атқарылған. 2006 жыл «Өнер жылы» деп белгіленуіне байланысты жыл шымылдығы Н.Ілиясов ауылындағы мәдениет үйінде ашылған.
Жаңа жылда сырдариялықтар үлкен қуанышқа кенелген. Аудан орталығында орналасқан «Ақ жол» мейрамханасы келушілерге есік ашып, салтанатты тұсаукесер рәсіміне сол кездегі аудан әкімі И.Әбибуллаев, аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме-ұжым жетекшілері, ардагерлер мен кәсіпкерлер қатысқан. Аталған тойхана аудан тұрғындарына талай жыл қызмет етіп, әр отбасының қуанышына куә болған. Белгілі себептермен қазіргі таңда жұмысын тоқтатқан орталық – қаншама жастың шаңырақ құрып, отау көтерген, жақсылығын жақындарымен бөліскен ыстық орны.
Жаңа жылдың жағымды жаңалығы – Қалжан ахун ауылына ауыз судың келуі. Аталған ауылда «Таза су» бағдарламасы аясында трансферт есебінен бөлінген қаржыға салынған су тартатын кешен іске қосылды. Құны 17 жарым миллион теңге тұратын кешеннің ашылуына арналған салтанатты рәсімнің лентасын аудан әкімі И.Әбибуллаев қиған.
Сол жылы аудандағы барлық сала қызметкері егін жинау науқанына белсене қатысып, іскерлік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсеткен. Аудан шаруашылықтары мен жеке секторда индикативтік жоспар бойынша 29 480 гектарға егіс егілген. Оның ішінде 18,0 мың гектары дәнді дақыл болса, оның 17,5 мың гектарына күріш орналастырылған. Бұл көрсеткіш өткен 2005 жылмен салыстырғанда мың гектарға артық болған.
Жыл басынан басталған жақсы істер жалғасын тауып, Бесарық ауылында 360 орындық №147 мектептің жаңа ғимараты толық аяқталған. Сонымен бірге аудандық 50 орындық өкпе ауруларына қарсы күрес ауруханасының ғимараты пайдалануға беріліп, Әуез мектебінің ғимараты күрделі жөндеуден өткен. Бүгінгі күні аудан тұрғындарын құрылыс заттарымен қамтамасыз етіп отырған коммуналдық «Арзан» базардың құрылысы да 2006 жылы толық біткен.
Тәуелсіздіктің он бесінші жылы аудан айнасына айналып үлгерген «Тіршілік тынысы» газетінің редакциясы үшін де құтты болып, редакция ұжымы жаңа ғимаратта жаңаша серпінмен жұмыс жүргізе бастаған. Қуаныш еселеніп, аудан әкімі редакция ұжымына цифрлы фотоаппарат сыйлаған. Игі іске шығармашылық топ өкілдері ғана емес, тұрғындар да ризашылықпен алғыстарын білдірген.
Елбасының «Жасыл ел» бағдарламасын іске асыру бағытында да бірқатар жұмыстар жүргізілген. Аудан бойынша 69,6 мың көшет егіліп, жоспар 114 пайызға, егілген ағаштың шығымдылығы 82 пайызға орындалған. Нәтижесінде. Тереңөзек кенті әкімдігі облыста екінші орынға ие болып, аудан абыройы артқан.
«Қарттарым – қазынам» деп қариясын құрметтейтін ауданымызда ардагерлер назардан тыс қалған емес. Аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыру жұмыстары қайта қаралып, кеңес құрамы қайта сайланған. Сол жылдан бастап ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Х.Әбенұлы, орынбасары ретінде С.Тоқсанбаев пен А.Бақтиярова сайланған. Қарттарға құрмет күн тәртібінен түспей, соғыс және еңбек ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілген. Қарттарға басшылық тарапынан қолдау жасалып, «Жалын» тынығу лагеріне 10 күндік демалыс ұйымдастырылған. Олардың 40-қа жуығы елордаға саяхат жасаса, 28 ардагер емдеу-сауықтыру орындарына, 2-еуі пансионатқа жіберілген. Сондай-ақ 15 ардагердің үйіне жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 100-ден астамына арнайы көмек көрсетілген.
2006 жылы аудан әкімдігінің бастамасымен Тереңөзек кентіндегі ұзындығы 1200 метрді құрайтын Қазақ көшесі «Соутс-Ойл» ЖШС-нің 9 миллион теңге қаржылай демеушілігімен толық асфальтталған. Жергілікті бюджет есебінен жаңадан салынған туберкулез диспансеріне баратын жолға қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен бірге 1996 жылдан бері жөндеу көрмеген Шіркейлі, Қоғалыкөл елді мекендерінің үстінен өтетін автокөлік жолдары қалпына келтіріліп, кентке қарасты шет аймақтағы 11 көшеге құм мен тас төселген.
Сол жылдары «Менің елім – менің тірегім» қайырымдылық айлығы өткізіліп, қоғамдық қорлар жүйелі жұмыс жасаған. Арнайы іс-шаралар өткізіліп, қамыққанға қамқор қолын созса, жабыққанға жан жылуын сыйлай алған.
Қазан айының ортасында кентте облыстық «Алтын күз» спартакиадасының жалауы көтерілген. Алтын дән үшін жан аямай еңбек еткен шаруа адамдарының күз айында мерейі артады. 2006 жылы «Ақжарма», «Мағжан және К» ЖШС-лері көш бастап, көпке үлгі болған.
Жылдың айтулы оқиғаларының бірі – Халық Қаһарманы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Тоқтар Әубәкіров пен Парламент депутаты Серік Абдрахмановтың Сыр еліне сапары болған. «Қараөзек», «Әйтек» су тораптарының жұмысымен танысып, ат басын Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы мәдениет үйіне бұрған халық қалаулыларын аудан тұрғындары зор ілтипатпен қарсы алып, құрмет көрсеткен.
25 желтоқсан күні аудан әкімі еңбек ардагерлерін қабылдап, сол жылдың басты жаңалықтары мен қол жеткен жетістіктерге тоқталып, алдағы жоспарларды бөліскен. Аудан көлемінде ақын Оразбек Бесбаевты еске алу кеші ұйымдастырылғаны, аудан тарихына арналған «Сырдария» кітабының жарыққа шыққандығы талқыланған. 2006 жылы жарық көрген «Сырдария» кітабына ауданның қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Батыр аналар, еңбек ерлері, мұғалімдер мен дәрігерлер, ауыл шаруашылығы саласы мен еңбек адамдары жайлы кең мағлұмат енгізілген. Сондай-ақ «Өнер жылы» аясында аудан тарихына қатысты және жергілікті ақындардың 8 кітабы жарық көрген. Олардың ішінде А.Тоқмағамбетовтің 100 жылдығына орай шығарылған «Көтерілген күмбез», «Дейді екендер, дейді екен», «Сатира сардары» кітаптары мен Қ.Баймағанбетов, З.Ибадуллаев, С.Ембергеновтердің өлең жинақтары бар.
Еліміз үшін 1991-1995 жылдар кеңестік жүйені бұзып, мемлекеттің негізі қаланған кезең болса, 1996-2000 жылдары экономика мен саяси жүйенің терең құрылымдық өзгерістері жүрген. 2001 жылдан бастап өсу мен, өркендеу жолына түскен ел 2006 жылы Тәуелсіздіктің 15 жылдығын дүркіретіп атап өткен. Сол кездің өзінде әлем елдері алдында айбарлы беделге ие болған еліміз «Реформалардың көшбасшысы» деген баға алған.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ