ТҰҢҒЫШ РЕТ ЖЕҢІЛІС ТАПТЫ
16 қыркүйекте АҚШ-тың Лас Вегас қаласындағы T-Mobile Arena-да әлем күткен кәсіпқой бокс бәсекесі өтті. Қазақстанның мақтанышы, WBC, WBA (Super) және IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин мексикалық Сауль Альвареспен екінші кездесуін өткізіп, өз карьерасындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады.
Қос мықтының арасындағы алғашқы кездесу тең ұпаймен тәмамдалғаны жұртқа аян. Негізі, сол жұдырықтасуда қазақстандық боксшының басым болғаны айқын еді. Десе де, төрешілер тең нәтиже деп санады. Оның үстіне, алғашқы кездесуден соң мексикалық боксшы «допинг» сынамасынан сүрініп, басы дауға қалды. Дегенмен, қыркүйек айының орта шеніне белгіленген былғары қолғап бәсекесі ұйымдастырылып, Г.Головкин мен С.Альварес екінші рет жұдырықтасты.
Тура бір жылдан кейінгі кездесуде отандасымыз алғашқы раундтан-ақ басымдықты өз қолына алуға тырысты. Алайда, Канело да лайықты қарсылық көрсетіп, орайлы сәттерде есе жібермеді. 12 раундтық кәсіпқой бокста қос боксшы да бір-біріне жойқын соққыларды дарытып, жеңіске жету жолдарын қарастырды. Екі мықты барлық раундта бір-біріне шыдас берді. Соңғы раундтарда қазақстандық бокс шебері сериялы соққылар жасағанымен кездесу нәтижесі көпшілік күткендей болмады. Төрешілердің шешімімен, мексикалық Сауль «Канело» Альварес жеңіске жетіп, Г.Головкин тұңғыш рет жеңіліс тапты. Бұл реванш кездесуіне GGG барлық белбеуін конға салған еді. Сөйтіп, Канело «Головкинді жеңген боксшы» ретінде тарихқа еніп, оның барлық белбеулері мен WBC белбеуін, The Ring титулын жеңіп алды.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ