Надежда Рябец бокстан Азия чемпионатының жеңімпазы атанды
25 жастағы боксшы Надежда Рябец Қазақстанға Азия чемпионатының алғашқы алтын жүлдесін сыйлады. Солтүстік Қазақстан облысының тумасы финалда өзбекстандық Рухшона Парпиеваны 5:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді, деп хабарлайды Egemen.kz.Бұған дейін Қазақстан құрамасының Азия чемпионатындағы финалдық жекпе-жектерін бастаған Бақыт Сейдеш 70 кг салмақта алтын үшін өткен кездесуде Үндістан өкілі Арундхати Чоудхариден жеңіліп қалды.
Ал жарыстың әйелдер арасындағы финалында бүгін Дина Исламбекова (+80 кг) рингке шығады.
Ал ерлер арасында ертең финалдық кездесулерде Оразбек Асылқұлов (60 кг), Төрехан Сабырхан (70 кг), Сабыржан Аққалықов (75 кг), Нұрбек Оралбай (85 кг) және Айбек Оралбай (+90 кг) ел намысын қорғайды.
Айта кетейік, бұған дейін Азия чемпионатында қазақстандық боксшылар қола медаль жеңіп алған еді. Жүлдегерлер қатарында Махмұд Сабырхан (55 кг), Ертуған Зейнуллин (65 кг), Айгерім Сәттібаева (48 кг), Валентина Хальзова (75 кг) және Сағындық Тоғамбай (90 кг) бар.
Фото: olympic.kz










