Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мессиге түсетін салмақ cоншалық ауыр ма?

Мессиге түсетін салмақ cоншалық ауыр ма?


Халықтың сенімі деген нәрсе қаншалықты ауыр екенін Лионель Мессидің Аргентина мен Хорватия арасындағы бейсенбі күнгі ойын алдындағы мына сурет көрсете алады деп жазады ВВС.

Аргентиналық Лионель Месси чемпионатқа 44 миллион адамның үмітін арқалап келді. Оның қаншалық жүк екенін Әлем кубогының аса маңызды матчы басталар алдында көзін жұмып, қолымен маңдайын уқалап тұрған Мессидің суретінен байқауға болады.
«Барселона» шабуылшысы өзінің бәсекелесі Кришитану Роналдудың Португалия сапындағы екі ойында төрт гол соққанын, оның ішінде Испаниямен ойында хет-трик жасағанын көрді.
Хорватиядан 3-0 есебімен жеңілген соң Аргентинаның D тобындағы тағдыры енді оның өз қолында емес; келесі кезеңге өту мәселесі өзге командалардың ойын нәтижесіне байланысты.
Бірақ неге Месси соншалық нашар ойнады? Ол өзіне тым көп жауапкершілік алып жатқан жоқ па? Бұл жеңіліске ол кінәлі ме?
«Мұндай ойынды қашан көргенім есімде жоқ»
Осының алдындағы күндері Месси Исландиямен сенбі күнгі ойында тең түсіп қалғанын ауыр қабылдап, тіпті Аргентина құрамасы қызметкерлері ұйымдастырған барбекюге бармай, жалғыз өзі отельде жатып алғаны туралы айтылды.
Мессидің соңғы ойын алдында маңдайын ұстап тұру себебі басы ауырғаннан ба? Онда Нижний Новгородтағы осы матчта «Челси» қақпашысы Уилли Кабальероның қателігінен Анте Ребич гол соғып, мұның арты Аргентинаның 1958 жылдан бергі Әлем кубогының топтық турниріндегі ең ауыр жеңілісіне ұласқан соң оның басы одан қатты ауыратын шығар.
«Барселонадағы» бұрынғы командаласы Сеск Фабрегас ойынды ВВС One арнасында сараптау кезінде Аргентина құрамасын «бұзылып қалған команда» деп атады. Ал команданың рухы туралы сұрағанда олар «бір бірі үшін емес, бір біріне қарсы ойнады» деп жауап берді.
«Бұл Мессиге қиын тиіп жатыр. Оның командаластары сапалы ойын көрсете алмауда. Оған Эвер Банега мен Джовани Ло Челсо жетіспеді. Мессиге ойынды құруға көмектесетін біреу керек» деді Фабрегас.
2014 жылғы Әлем кубогында Аргентина құрамында ойнаған «Манчестер Ситидің» бұрынғы қорғаушысы Пабло Забалета команданың жылдамырақ ойнай алмауы салдарынан ойын соңына қарай Месси оқшау қалып қойғанын айтады.

«Мұндай ойынды қашан көргенім есімде жоқ. Команда тым нашар. Не жасағалы тұрғаны бадырайып тұрады және креативті ештеңе жоқ» деді Забалета.
Англияның бұрынғы капитаны Алан Ширер болса «Аргентинада жоспар болған жоқ, ойыны жүйесіз, бейберекет» деді.
«Месси соңғы ысқырық шалына салып алаңнан кетті, алғашқылардың бірі болып ішке беттеді.
Аргентинаның көгілдір-ақ түсті формасында бұған дейін де талай қиналған футболшы үшін бұл өте-мөте ауыр кеш болғаны анық көрініп тұрды.
Ойынның басым бөлігінде Месси жоқ болып кетті. «Барселонада» да ол кейде сөйтеді, бірақ онда басқаша – көп уақыт өтпей ол оқиғаның қақ ортасынан бірақ шығады. Сіз Мессиге қарап отырасыз да бір мезетте оның ғажайып таланты жарқ ететін сәтті күтесіз. Бірақ кеше ол сәт келмеді» дейді BBC Sport сарапшысы Патрик Дженнигс.
  • Хорватиямен ойында Месси 49 рет допқа тиді, бірақ оның тек екеуі ғана қарсыластың алаңында болды.
  • Ойынның тек 64-минутында Месси қақпаға соққы жасады.
  • Өткен екі ойында ол қақпаға барлығы екі соққы жасады. Бұл осы чемпионатта гол соқпаған ойыншылардың көрсеткішімен шамалас.
Әлем кубогына құраманы осылай жасақтағаны үшін Аргентина бас бапкері Хорхе Сампаоли қысымға ұшырап жатыр. Ол Италияның А сериясында «Интер» құрамында соңғы маусымда 29 гол соғып үздік мергендер қатарынан көрінген Маури Икардиді алмады.
Сол лигада «Ювентус» үшін 22 гол соққан Пауло Дибала болса қосалқы құрамда қалды.
Англия құрамасының бұрынғы ойыншысы Крис Ваддл ВВС Radio 5 live-қа берген сұхбатында «Бәрі Мессиге арнап құрылған, бәрі Мессимен байланыста жасалады, бірақ бәрі Мессидің қалауындай бола алмайды» деді.
Аргентина сапындағы 126 ойында Месси 64 гол соқты. «Барселонамен» бірге барлық титулды иеленген ол ұлттық құрамада күміс медаль да иеленген емес. 2016 жылы Америка кубогындағы сәтсіздіктен соң ол ұлттық құрамадан кететінін мәлімдеген болатын. Бірақ екі айдан соң қайта оралды.

22 маусым 2018 ж. 1 171 0