Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үздіктеріміз Олимпиадаға аттанды

Үздіктеріміз Олимпиадаға аттанды

Санаулы күннен кейін Францияның Париж қаласында жазғы Олимпиаданың ашылу салтанаты өтеді. Қазақстан делегациясы батыс Еуропаға аттанды. Алматы облысындағы республикалық олимпиадалық даярлық базасында Қазақстан ұлттық құрамасын XXXIII жазғы Олимпия ойындарына ресми шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Төртжылдықтың басты додасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Париж қаласында өтеді. Франция астанасында Қазақстан құрамасы сапынан 80 спортшы спорттың 25 түрінен бақ сынап, 81 медаль жиынтығы бойынша додаға түседі. Спортшыларымыз 1991 жылдан бері сегізінші мәрте жазғы Олимпиадаға қатыспақ.

Салтанатты іс-шарада Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев спортшылар және жаттықтырушыларға сәттілік тілеп, қалың жанкүйердің үмітін ақтау маңызды екенін айтты.

«Сіздердің алдыңызда елімізді Париж Олимпиадасында таныс­тыру, ел намысын абыроймен қорғау сияқты маңызды әрі өте жауапты міндет тұр. Чемпиондық мінез, табандылық, жеңіске деген ерік-жігер, жиған тәжірибе һәм жаттықтырушылардың, дәрі­герлердің, массаж жасау­шы­­лардың қажырлы еңбегінің арқасында үлкен нәтижеге жете­тінімізге сенімдімін. Тәуелсіз­дік жылдарында Қазақстан жазғы және қысқы Олимпия ойындарының 79 жүлдесін олжалады. Оның ішінде 15 Олимпиада чемпионы жарқырап көрінді. Олимпиададағы әр жетістік – бүкіл елдің әлемдегі имиджі, мемлекеттің әл-ауқатының көр­сеткіші», деді Е.Маржықпаев.

Қазақстан спортшыларының арасында алғаш рет Олимпиада бағдарламасына енген брейкинг және бадминтон сияқты спорт түрлерінен өнер көрсетеді. Брейкингтен Әмір Закиров са­йысқа түссе, бадминтон спортынан Дмитрий Панарин бақ сынайды. 205 елден 10 мыңнан аса спортшы қатысатын жазғы Олимпиаданың салтанаты ашылу іс-шарасы Сена өзенінде өтеді.
18 шілде 2024 ж. 160 0