Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Australian Open – 2024: қазақстандық теннисшілердің қарсыластары кімдер

Australian Open – 2024: қазақстандық теннисшілердің қарсыластары кімдер

Бүгін Мельбурнда жылдың алғашқы «Үлкен дулыға» турнирі – Аустралия ашық чемпионаты басталды, деп хабарлайды Kazinform.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакинаға жеребе жолдас болмай, алғашқы айналымда-ақ қиын қарсылас түсті.

31 жастағы чехиялық теннисші Каролина Плишкова – қазіргі таңда әлемдік рейтингіде 37-орында тұрғанымен, кезінде бірінші ракетка атанған аса тәжірибелі ойыншы. Чехия теннис мектебінің мықты екенін бүкіл әлем біледі. Оның үстіне Плишкова Елена Рыбакина сияқты допты қатты береді. Сондықтан 16 қаңтарға белгіленген екеуінің ойыны көпшіліктің назарын аударары анық.

Кейбір мамандардың болжамына қарағанда, чехиялықпен шайқасқа тың келуі үшін Рыбакина осының алдындағы Аделаида WTA 500 турнирінің ширек финалында ресейлік Екатерина Александровамен кездесуінде барын сала қоймаған. Бұдан бұрын қазақстандық теннисші Плишкованың үш рет меселін қайтарғанымен, қайсысының дәл қазіргі сәтте шеберлігі басым екенін алдағы кездесу көрсетеді.

Рыбакина биыл да кемінде финалға дейін жетіп, ұпайдан шашау шығармай, турнирлік кестедегі жағдайын жақсартуға бар күшін салары анық.

Есесіне Қазақстанның екінші, әлемнің 64-ракеткасы Юлия Путинцеваның бірінші айналымнан қиналмай өтуіне толық мүмкіндігі бар. Ол 15 қаңтарда негізгі жарысқа іріктеу сайыстарынан кейін қосылған, рейтингіде 191-сатыдағы ресейлік, 21 жастағы Анастасия Захаровамен шеберлік байқасады. Егер сәттілік жолдас болып, Юлия жоқ жерден ашуға бой алдырмаса, жеңе алады.

Қазақстанның ерлер арасында бірінші, әлемнің 31-ракеткасы Александр Бублик те іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірі, рейтингіде 139-сатыдағы үндістандық Сумит Нагалмен 16 қаңтар күні кортқа шығады. Нагал рейтингіде төмен тұрғанымен, «Үлкен дулыға» жарысында барын салары сөзсіз. Егер бәрі ойдағыдай болса, Бублик үшінші айналымда әлемнің 2-ракеткасы, Испания жұлдызы Карлос Алькараспен жүздесуі мүмкін.

Бұл турнирде Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Анна Данилина словакиялық Виктория Грунчаковамен, Ю.Путинцева колумбиялық Камила Осориомен дуэт болып бақ сынайды. Ал, Рыбакина жұптық бәсекеге қатыспайды.

Қазақстанның ерлер арасында жұптық сындағы бірінші, әлемнің 46-ракеткасы Александр Недовесов біраздан бері серіктес болып, бір-біріне үйреніп қалған эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге додаға түседі. Ал Бублик жұптық сында сербиялық Душан Лайовичпен дуэт құрды. Андрей Голубев жарақатына байланысты Аустралия чемпионатынан тыс қалды.

«Үлкен дулыға» додасы – теннисшілер үшін барынша көп табыс тауып, рейтингіде жоғарылауы үшін үлкен мүмкіндік. Сондықтан мұны уыстан шығарып алмаған абзал.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Аргентинадағы турнирдің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Фото: Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі
14 қаңтар 2024 ж. 187 0