Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Былғары қолғаптан біздің чемпиондар

Былғары қолғаптан біздің чемпиондар

Қазақта «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген тәмсіл бар. Өзбекстан елінің астанасы Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатында қазақтың былғары қолғап ше­берлерінің бағы мен бабы қатар келісті. Төрткүл дүние көз тіккен әлем чемпионатын ұлттық құрама боксшылары табыс­ты қорытындылады. 1-14 мамыр күндері өткізілген байрақты бәсекеге елімізден 13 боксшы қатысып, 4 алтын, 1 күміске қол жеткізді.

Былғары қолғап шеберлерін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Твит­тер» әлеуметтік желісіндегі жеке парақша­сын­­да құттықтады.

«Бокстан әлем чемпионатының фи­налдық жекпе-жектерін зор қызығушы­лық­пен тамашаладым. Жеңіске деген ерік-жігер мен шынайы патриотизмнің жарқын үлгісін көрсеткен боксшыларымыз Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов және Нұрбек Оралбайды шын жүректен құттықтаймын» деді ел Президенті.

Ендігі кезекте әлемдік доданы саралап көрейік. Өткен аптаның демалыс күндері бокстан әлем чемпионатының финалдық ке­зеңінде еліміздің 5 спортшысы бақ сынады. Ақ­тық сынға дейін қарсылас шақ келтірме­ген спорт­шылар қатарында 48 келіде Санжар Тәшкенбай, 54 келіде Махмұд Сабырхан, 67 келіде Дулат Бекбауов, 71 келіде Асланбек Шымбергенов, 80 келіде Нұрбек Оралбай бар. Қазақстандықтардың жеңісті жолын 19 жастағы Санжар Тәшкенбай бастап берді. Бұған дейін Азия чемпионатында алтыннан алқа таққан 48 келідегі спортшымыз грузиялық Сахил Аллахвердовиді 5:0 есебімен жеңді. Санжар Ташкенбай секілді алғашқы әлем чемпионатында жұлдыздай жарқыраған 67 келіде Дулат Бекбауов ринг қожайыны өз­бекстандық Асахуджа Муйдинходжаевқа есе жіберіп, күмісті медальді қанағат тұтты.

Жексебінің кешінде бүкіл қазақ жұрты ба­рынша тақымын қыса түсті. Себебі, 3 қа­зақстандық жарыс жолына шықты. Осыдан 2 жыл бұрын Белградта өткен жаһандық додадан күміс жүлдеге қол жеткізген Махмұд Сабырхан 54 келі салмақ бойынша чемпион атанды. Ол – ақтық сында өзбекстандық Айбек Джураевты екі мәрте нокдаунға жіберіп, еліміздің әнұраның шырқатты. Ал ұлттық құрама капитаны 71 келідегі Асланбек Шымбергенов өзбекстандық Саиджамшид Жафаровтан айласын асырып, жарыс жеңімпазы бола білді. Еліміздің үкіліген үмітінің бірі – 80 келідегі Нұрбек Оралбай да, Қытай елінің атынан шыққан қазақ боксшысы Тоқтарбек Таңатқаннан бәсі жоғары болды.

Осылайша, Ташкент төрінде 4 мәрте қазақ әнұраны шырқалды. Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша ұлтық құрама жарыс қожайынынан кейін, екінші сатыға табан тіреді. Айта кетерлігі, Қазақстан құрамасы 1993 жылдан бері 16 рет әлем чемионатына қатысқан. Бүгінде ұлттық құрама еншісінде 18 алтын, 16 күміс, 22 қола бар. Осындай нәтиженің арқасында тарихи жетістікке қол жеткізіген біздің еліміз АҚШ-ты артқа тастап, жүлде саны бойынша ІІІ орынға көтерілді. Біздің алдымызда Куба мен Ресей тұр.

Бұл жолғы әлем чемпионаты қызықтарға толы болды. Өзбек­стан және Қытай елінің атынан сынға түскен қандастарымыз Руслан Абдуллаев пен Тоқтарбек Таңатқан жүлдегерлер қа­та­­рында. Алдыңғысы алтынмен апталса кейінгісі күміспен күптелді. Бұл дегеніміз – қазақтың айбынды ұлдары қайсар жүректі екенін дәлелдеп тұрғандай. Биыл әлемдік доданың жүлдегерлеріне қаржы­лай сыйлық үйлестірілді. Әлем чемпионы атанған боксшы 200 мың доллар, екінші орын жүлдегері 100 мың доллар, үшінші орын иегері 50 мың доллар алды.

Тәжірибелі бапкер Мырзағали Айтжанов баптайтын ел боксшылары осыдан 10 жыл бұрынғы жетістігін қайталап отыр. Осы орайда, қазақ боксының мықты екенін әлем жұртшылығына тағы бір мәрте дәлелдеген қазақстандық спортшыларымызға байрақты бәсекелерде сәттілік тілейміз! Өйткені, әлем чемпиондарына алдағы уақытта олимпиаданы бағындыру – алдарына қойылған басты міндет.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
16 мамыр 2023 ж. 321 0