Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҢАШЫЛ ЖОБАЛАРҒА ЖОЛ АШЫЛДЫ

ЖАҢАШЫЛ ЖОБАЛАРҒА ЖОЛ АШЫЛДЫ


Бейсенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен жобалық басқару бойынша сараптамалық кеңестің отырысы өтті. Жиын барысында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова осы бағытта қолға алынған жұмыстар жайын баяндады.

– Сыр өңірі республика бойынша алғаш болып Ресей Федерациясы Белгород облысының тәжірибесімен «Жобалық кеңсені» қолданысқа енгізді. Оның аясында ауқымды шаралар жүзеге асуда. Мәдениет саласында 5 жоба іске асты. Ол – «Өнер арбаты», облыстағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D форматтағы интерактивті картасын әзірлеу, облыс көлеміндегі тарих және мәдениет ескерткіштеріне QR-код орнату, «Жастар таңдайды» және «Ля-ля-фа» балалар мюзикл студиясын ашу жобасы. Әрқайсысының көздеген мақсаты бар. Мәселен, «Жастар таңдайды» («Молодежь предпоЧИТАЕТ») жобасы жас буынның оқу мәдениеті мен әдеби талғамын қалыптастыру үшін ұйымдастырылды. Нәтижесінде 18-29 жастағы жастар оқитын 100 кітап анықталып, тақырыптық кездесулер мен дебаттар өткізілді және облыстық кітапханада заманауи «BOOK-кафе» жұмысын бастады. Сонымен қатар коворкинг орталығы мен АРТ-студия ашылды. Осылайша, кітапхана жастар жиі бас қосатын орталыққа айналып, оқырмандар саны едәуір артты, – деді М.Әбуова.

Спикер ұлттық өнер мен мәдениетімізді танытатын Өнер арбатының шығармашыл тұлғаларға шабыт сыйлағанын да атап өтті. Расымен, биыл бұл мәдени орында кәсіби қылқалам иелеріне суретін салғызған тұрғындар, қолөнершілердің тың туындыларын таңдағандар көп болды. Мұнда рухани тұрғыда демалу, авторлық бұйымдарды еш делдалсыз сатып алу мүмкіндігі қарастырылды. Жуырда балаларға сахна мәдениетін оқытуға арналған «Ля-ля-фа» балалар мюзикл студиясы да шымылдығын ашты. Кішкентай өнерпаздар Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрда қаламгер Тілеген Бекарыстановтың «Таусылмасын ертегім» қойылымымен көптің ықыласына бөленіп үлгірді.

Басқарма басшысының айтуынша, келер жылға межеленген жоспар көп. Алдағы уақытқа «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жыр мұра», «OPEN AIR CINEMA», «Village life» (Туған жеріңді таны) және «Мәртебелі классика!» жобалары жасақталу үстінде.
08 желтоқсан 2018 ж. 878 0