Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы тағайындалды

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы тағайындалды

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысында Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жаңадан тағайындалған басшысы таныстырылды.

Бұл лауазымға бұрын Арал ауданының әкімі қызметін атқарған Сермағамбетов Серік Сағитжанұлы тағайындалды.

«Серік Сағитжанұлы Арал ауданында 3 жылға жуық қызмет жасап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының оң динамикасын қалыптастырды. Арал ауданы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ерекше қамқорлығында, ондағы бастамаларға айрықша көңіл бөледі. Биыл Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етеді. Қазіргі уақытта теңіздің кепкен ұлтанына сексеуіл егу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Жыл қорытындысымен аудан бюджеті 17,5 млрд. теңге болып, соңғы 3 жылда екі есе өсті. Осы уақытта ауданға 56,6 млрд. теңге инвестиция тартылып, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 1,5 есе, өнеркәсіп өнімінің көлемі 2 есе өсті. Сонымен қатар, 85,6 мың шаршы метр 659 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 21,3 млрд. теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілді. 2021 жылдан бері 213,4 шақырым жол жөнделді. Ауданда көп жылдан бері көтеріліп келген мәселелердің бірі – Арал қаласының екі бетін жалғайтын, теміржол үстінен өтетін көпір құрылысы басталды, жоба құны – 3,1 млрд. теңге. Сексеуіл кенті 3,6 млрд теңгеге газдандырылуда. Соңғы 2 жылда демеушілер 
2,5 млрд. теңгенің жобаларына қаржы салды. «2022-2024 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы саласын дамытудың Жол картасын» тиімді іске асыру нәтижесінде ауданда егін шаруашылығы 2022 жылы 4 есе, 2023 жылы 7 есе ұлғайды. Мал басы 2021 жылмен салыстырғанда 12700-ге көбейіп, облыс көлемінде төрт түлік өсімін қалыптастырғаны үшін Арал ауданы екі жыл қатарынан «Озат аудан» номинациясымен марапатталды. Бұл маңызды жобаларды үйлестіріп, нәтижелі жұмыстарды жүзеге асыруда Серік Сағитжанұлының елеулі еңбегі бар екенін атап өту қажет», – деді аймақ басшысы.

Актив отырысында облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязов, Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Тілеуімбетов Серік Сағитжанұлын құттықтап, жаңа қызметінде сәттілік тіледі.

Серік Сағитжанұлы 1965 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. Алматы халық шаруашылығы институтын экономист, Еуразия ұлттық университетін заңгер мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1988 жылы Балық шаруашылығы министрлігі материалдық-техникалық жабдықтау орталық базасының аға экономисі болып бастаған. 2005-2011 жылдары Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы лауазымдарында қызмет етті. 2011-2016 жылдары Жалағаш ауданының әкімі, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары, Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы, «Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы қызметтерін атқарған.

2021 жылдың мамыр айынан осы кезге дейін Арал ауданының әкімі қызметін атқарып келді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
22 қаңтар 2024 ж. 141 0