Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Планшет па, портфель ма?

Планшет па, портфель ма?

Апта басында Үкімет басшысы Әлихан Смайловтың төрағалығымен селекторлық режимде өткен жиын­да Білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту мәселесі қаралды.

Жиында Оқу-ағарту министрі Асхат Айма­ғамбетов тұжырымдамада мек­теп бағ­дарламасы жетілдіріліп, келе­шекте мектептерге академиялық авто­номия беріліп, әр оқушының цифрлық портфолиосы әзірленетінін жеткізді. Сон­дай-ақ, шағын комплектілі мектептерде жекелеген пәндер онлайн оқытылып, бала­ларды цифрлық оқулықтармен оқыту іске аса­тынын мәлімдеді. Ал Ғылым және жоғары білім министрі Сая­сат Нұрбек «Жайлы мектеп» жобасы аясында елімізде 100 мың педагог даяр­­лау жос­парда тұрғанын және жұмыс беру­шілермен бірге университеттердің бі­лім бағ­дарламалары жаңартылғанын тіл­ге тиек етті.

Білім беру саласында осындай жаңа­лықтар айтылған жиында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мектептерге интернет орнату және ба­лаларға арналған планшет құрылғыларын сатып алу мәселесіне тоқталды.

Сонымен алдағы уақытта білім беру саласын тағы да жаңа бастама күтіп тұр. Қағаз­бастылықтан мүлдем бас тартылмаса да, түлек­терге берілетін басты құжат аттес­тат та электронды нұсқада дайындалады. Оқушы­ның цифрлық портфолиосында электронды күн­деліктен бастап барлық құжаттар жинақ­талады. Мұндай тұжырымдаманың іске асу мерзімі 4 жылға жоспарланған. Яғни білім бе­ру сапасын арттыру мақсатында жасалған қа­дам еліміздің білім беру саласын бәсекеге қабі­леттілігін арттыруға негізделген.

Ал білім саласында бүгінгі күннің мәселесіне айналған әрбір оқушының оқулығын планшетке ауыстыру қоғамда кеңінен талқылануда. Сонымен «Порт­фель­ді планшетке ауыстыруға дайынбыз ба?» деген сауалдың жауабы қан­дай? Бұл ретте, қоғамдық көзқарастың пікірі әралуан болуы заңдылық. Бірі қолдаса, енді бірі цифрлыққа көшіруге әлі ерте дейді. Себебі аз уақытта оқулықты планшетке ауыстыруға интернеттің әлсіздігі мен барлық ата-ананың материалдық жағдайы әсер ететіні сөзсіз.

Иә, шын мәнінде ата-аналар тарапынан балалардың мектепке арқалап апаратын сөм­кесінің салмағы туралы үнемі айтылып жүргені рас. Бұғанасы қатпаған баланың ден­саулығын ойлаған ата-ана мектепке дейін баласының сөмкесін өзі апарып беруге тырысады. Дегенмен оқушы сөмкесін көбіне өзі көтеруге мәжбүр. Сондықтан министрлік тарапынан қолға алынған планшет алу мәселесін құптайтындар да жеткілікті. Бұл жайында бел­сенді оқушы Зере Мұхтар ата-аналар мен ұстаздардың пікірін білген екен.

– Білім саласындағы жаңа бастаманы қолдаймын. Жоғарғы сыныпта оқитын оқу­шының арқалап жүретін сөмкесі түгіл бас­тауыш сыныпта оқитын баланың сөмкесі де әжептәуір салмақты. Мұны көзімізбен көріп жүрміз. Бұл әрине, денсаулығына зиян. Сон­дықтан оқулықты планшетке ауыстыруға қар­сы емеспін. Бір жағынан баланың соңғы тех­­но­логияны меңгеруіне үлкен мүмкіндік, жа­ңа­шылдық, – дейді кент тұрғыны М.Сәдуақас.

Жаңашылдық мүлдем оқулықтан бас тарту деген мәселе емес. Бұл соңғы технологияны енгізу арқылы оқушылардың компьютерді меңгеру секілді мәселені де мақсат етеді. Болашақта дәптер мен оқулық бірте-бірте ысы­рылып, бірыңғай электронды форматпен оқуға көшуге әзірлікке ыңғайлану.

– Менің балам бастауыш сыныпта оқиды. Балам мектепке ұялы телефонын апармаса да, үйге келгенде ұялы телефонды қолынан тастамайды. 1-2 сағаттан да астам уақыт пайдаланады десем артық айтқандық емес. Енді мектепте де планшетпен оқитын болса, электронды құрылғы денсаулығына, көзіне кесірін тигізеді. Сондықтан оқулықпен оқығаны дұрыс, – дейді ата-ана Л.Сағидоллақызы.

Бүгінгінің сауалына пікір де сан алуан. Көбінесе бала денсаулығына алаңдайтын ата-ана планшеттің сапасы, интернет желісінің қолжетімділігі де мәселе туғызатынына сенімді.

– Оқушылар сабақты оқулықпен оқу арқылы тақырыпты толыққанды түсінуге мүмкіндігі көп. Тұщына оқып, кітаптың келесі парағын ашуға асығады. Оқулықтың орны бөлек, әрине. Дегенмен жаңашылдыққа да бет бұруымыз қажет. Үйінен оқулықты арқалап әкелмей, мектепте планшетпен оқып, үй тапсырмасын оқулықтан орындаса денсаулыққа тигізетін зияны азаяр еді, – дейді ұстаз А.Көшенова.

Портфельді планшетке ауыстыруға байланысты министрлік тарапынан көптеген әзірлік жұ­мыс­­тары жүргізіледі. Барлық оқушыны бір­дей планшетпен қамтамасыз ету үшін едәуір қаржы қажет. Алдымен бастауыш сынып оқушыларын қамтып, содан соң бірте-бір­­­те барлық оқушының планшетін түгендеу үшін уақыт пен қаржы қажет екені айтпаса да түсінікті. Ал цифрлық даму, инновациялар жә­не аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мектептерге сапалы интернет орнату мәселесінде жергілікті әкімдіктерден де қолдау қажет екенін айтты.

Айналып келгенде балалардың сапалы білім алуына байланысты тұжырым­дама қа­былданды. Ал оның қалай іске асатыны тағы да уақыт еншісінде.

Бибісара ЖАНӘЛІ
05 қараша 2022 ж. 448 0