Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада банк қызметкері 600 млн теңгеден астам ақшаны ұрлап кеткен

Қызылордада банк қызметкері 600 млн теңгеден астам ақшаны ұрлап кеткен

Қызылорда облысында банк қызметкері 600 млн теңгеден астам ақшаны ұрлап кеткен. Ұрлық фактісін бойынша ҚМА өңірлік департаменті тергеуде, деп хабарлайды Кyzylorda-news.kz.

Банк қоймасындағы қаражатты тексеру барысында 602 900 000 теңге жетіспейтіндігі анықталған.

Контроллер-кассир шамамен 1 000 000 теңгеден 4 000 000 теңгеге дейін ақшаны бөлшектеп, кассадан ұрлағаны анықталды.

Банктің 2021-2023 жылдар аралығындағы бейнебақылау камераларының жазбалары тәркіленді, онда кассадан халаттың жеңіне оралған ақшаларды шығару арқылы ұрлау фактілері тіркелген.

Күдікті жасаған қылмыстық құқық бұзушылықты толық мойындады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында букмекерлік кеңседен оның атына тіркелген шотынан ақпарат алынып, соңғы 3,5 жылда есепшотқа 158 млн теңге түскені анықталды.

Сонымен қатар, оның атына және жұбайының атына тіркелген абоненттік нөмірлерден букмекерлік кеңселердің есепшотына ақша аудару бойынша операциялар жүргізілгені туралы ақпарат келіп түсті.

Күдікті қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілуге жатпайды.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.

Фото: ашық дереккөзден
31 шілде 2023 ж. 172 0