Елімізде қайтыс болған адамның туыстарына қандай жәрдемақы көрсетіледі?
Жақынынан айрылып, қайғыдан қан жұтып отырғанда материалдық шығынның да қиындық туғызатыны жасырын емес. Қазақстанда қайтыс болған адамның жақындарына мемлекет тарапынан қандай жәрдемақы көрсетіледі? Ол жәрдемақы кімдерге беріледі? Қандай құжат рәсімдеп, оны қайда өткізу керек? Осы сынды көптеген сұрақтар біздің редакциямызға оқырман тарапынан жиі келіп түсетіндіктен, Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі құзырлы органдарға хабарласып, анықтап көрген болатын.
Көптеген қазақстандықтар жерлеу рәсіміне ақшалары жетпесе, қарыз немесе несие алып шығынға белшесінен бататыны белгілі. Мемлекет тарапынан жәрдемақы алуға болатынын, құқығы бар екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Бұдан әрі туысқаны қайтыс болуына байланысты, қай кезде және қандай құжаттар топтамасымен кімнен көмек сұрауға болатынын әңгімелесек.
Мемлекет тарапынан асыраушысынан айырылған жағдайда жерлеу рәсіміне бір реттік жәрдемақы қарастырылған. Осындай жәрдемақыларды беру Мемлекеттік Зейнетақы төлеу Орталығында (ЗТМО) немесе аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде жүргізіледі.
Қандай құжат рәсімдеу керек:
-Қайтыс болған адамның зейнетақы қоры бар туысының жеке басын куәландыратын төлқұжат және оның көшірмесі;
– Марқұмның қайтыс болғанын растайтын куәлігі мен көшірмесі;
– Жәрдемақы алушының банктік шоты туралы ақпарат.
Жәрдемақы алушы осы құжаттарды жақыны қайтыс болғаннан кейінгі 15 күннің ішінде рәсімдеп өткізу керек. Құжатты рәсімдеп болған соң, 3 күн ішінде жәрдемақы алуға рұқсат шығады.
Бұл жәрдемақыны кімдер алады:
-Асыраушысынан айрылған, кәмелетке жетпеген балалары бар отбасы;
-Зейнеткерлер;
-Мүмкіндігі шектеулі жандар;
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 2-тармағына сәйкес: «Орталықтан зейнетақы төлемін алушы қайтыс болған жағдайда, соның ішінде мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін алушы, оның отбасы немесе жерлеуді жүргізген адам Орталықтан төленеді (Орталық түсіндірмесі), 15,7 мөлшерінде біржолғы төлем тиiстi қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептiк көрсеткiш.
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 3-тармағына сәйкес: 2019 жылдағы жерлеуге арналған жәрдемақы-39 643 теңгені (15,7 АЕК) құрайды. Ал 2018 жылы бұл жәрдемақы көлемі 37 758,5 теңге болған еді. Мүгедектер мен Ұлы Отан соғысының қатысушыларына жерлеуге арналған жәрдемақы – 92 415 теңге (36,6 АЕК).
Тағы да айта кетейік, 2019 жылға минималды 1 АЕК – 29 698 теңгені, ең төменгі зейнетақы мөлшері (2018 жылда тағайындау бойынша) – 36 108 теңгені, айына минималды жалақы 42500 теңгені құрайтын болады.