Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БАҚЫТ КІЛТІН ЕҢБЕКТЕН ТАПҚАН...

БАҚЫТ КІЛТІН ЕҢБЕКТЕН ТАПҚАН...


Өмірде жаны жайсаң деген ұғым бар. Ол туралы көптеген ғұламалар өз пікірін айтқан. Мысалы: Аристотель «Жан тәннің формасы» десе, Платон «Жан тәннің формасы емес, ол ақыл-ой иесі» – деген. Негізінен жайсаң сөзінің ұғымы – ұлық мырза, сақи, көңілді, көпшіл дегенге келеді. Ал, жүрегі жылы деген сөз адам бойындағы қасиеттерді мейірімділікпен қабылдап, жан-жағыңа мейірбан бола білу.
Міне, осындай тамаша адами қасиеттердің барлығы жасы сексенге жеткен Жақай Серікұлының бойынан табылады десем қателеспеген болар едім. Оның үстіне оның еңбекқорлығы мен зеректігін, қажыр-қасиеті мен қайраттылығын қосыңыз, оған білімділігін ұштастырсаңыз бір азаматқа жетерлік бақыт жолына жетелемей ме?
Менің Жақаймен таныстығым осыдан 55 жыл бұрын басталды. Жақаң жолымызды тағдыр табыстырған, сырлас, мұңдас талай күнді, түнді бірге өткізген, әлі күнге дейін араға кірбің түспеген тілектес, жанашыр, ақкөңіл, адал дос.
Біздің достығымыз адалдық, тазалық, сенімділік, сыйластық, ақкөңілділік, таза еңбектен, ата-анамыздың, өмірлік жұбайларымыздың сыйластығынан туған, қазанда қайнап піскен, сыналған достық.
1964 жылы мен Совет армиясы қатарынан өз қызметімді өтеп ауылға келдім. Осы уақытта Жақаң аудандық комсомол комитеті нұсқаушылығынан аудандық ауылшаруашылық басқармасының аға агрономдық қызметіне ауысқан екен. Мен осы Жақаң атқарған қызметке орналастым.
Оның үстіне Жақаң аудандық комсомол комитетінің штаттан тыс хатшысы, бюро мүшесі, аудандық «Комсомолдық прожектор» жетекшісі болды. Бұл оның комсомол өмірінен қол үзбей бізбен тұрақты байланыста болуына ықпал етті. Комсомол жұмысына нақтылай жәрдем көрсетіп, маған күнделікті жұмысыма көмектесіп, ақыл кеңесін айтып отырды. Мені Жақаңның еңбеккеш, тапсырылған жұмысты аяқтамай дамыл таппайтындығы, жұмысқа жауапкершілігі, тәртіптілігі, тапсырманы орындауда болмас дәлел іздемей, оны орындау жағын қарастыратын қасиеттері таңдандыратын.
Кезінде обкомның бірінші хатшысы болған, облыстың алғашқы әкімі, сенатор, қоғам қайраткері, марқұм Сейілбек Шау­хаманов өзінің «Алтын алма, ақыл ал» деген кітабының 394 бетіндегі «Еңбектің әміршісі» атты мақаласында Жақай Серікұлы жайлы төмендегіше баяндайды:
Жақаң жақсы іс көрген, жақсы түс көрген азамат. Бақыттың да, байлықтың да анасы да, атасы да еңбек деп ұққан Жақаң еңбекті пір тұтқан, өз бақытын еңбекпен тапқан, өз бақытын өз қолымен жасаған азамат.
Жеке басының туа бітті тәртіптілігі, еңбексүйгіштігі, тұрақтылығы, табандылығы, тиянақтылығы, теориялық, практикалық білгірлігі, ұйымдастырушылық іскерлігі, ішкі, сыртқы мәдениеттілігі, сыпайылығы, қарапайымдылығы, кішілігі мен кісілігі өз өмірінде қол жеткізген қыруар жеңісі мен жемісінің қайнар бұлағы. Тәртіптілік деген сана мен сезімнің, ар мен ұяттың, намыс пен жауапкершіліктің, сенім мен нанымның, имандылықтың жемісі. Ешкімді де қорқытып-үркітіп, алдап-арбап, жалынып-жалбарынып, жалаң үгітпен, құрғақ сөзбен, күшпен, қарумен тәртіпті ете алмайсың. Ал, Жақаң жаратылысынан сүйегі де, қаны да, жаны да таза, тәртіпті адам.
Айқай-шусыз, дау-дамайсыз, көл-көсір уәдесіз, жалаулатпай, ұрандатпай-ақ қандай бір күрделі тапсырманы өте нәтижелі етіп, орнықты орындайды. Тапсырма бергенде тепсініп ауыр да, желпініп жеңіл де демейді, бірақ берген тапсырманы әрдайым өзің ойлағаннан да артық етіп орындап шығады.
Жақаң қолының, жолының, қадамының қасиеті бар, алақанына Алланың нұры жауған, бармағына бақ қонған, саусағына қыдыр дарыған, он саусағынан өнер тамған азамат. Өзінің қолынан келмейтін шаруа жоқ, пеш те, үй де соға алады, ағаш, темір ұстасы, машина, комбайн, трактор да жүргізе алады. Сонымен қатар жердің, судың, өсімдіктің жай-күйін жақсы білетін ғалым, академик-агроном. Облыстың егін шаруашылығының тарихында оның өзіндік қолтаңбасы, ізі сайрап жатыр, – деп Жақаңа әділ бағасын берді.
1975 жылы қаңтар айында С.Сейфуллин атындағы совхоз ұйымдастырылып, оған бірінші директор Жақаң келді. Ал, 1981 жылы ол облыстық ауылшаруашылығы басқармасына екінші рет орынбасарлық қызметке ауысқанда мен сол совхозға директор болып бардым. Қандай сәйкестік, қай жұмыста болмасын Жақаң атқарған жұмыс, отырған кресло, салған жол. Ол мен үшін де құтты болды. Міне, өмір жолымыз осылайша жалғасын тапты.
Жақаңның әкесі Серік, шешесі Ләпила адамгершілігі мол, көпшіл, ешкімді жатырқамайтын. Біздер үйіне барғанда «айналайынымен» қарсы алып, дәм-тұзын алға тартатын. Қамқор, ақылшы, ақкөңіл кісілер еді.
Қызмет қызмет қой, жүрген жерде қандай із қалды?– деген сауалды төңіректейтін болсақ, онда Тереңөзек ауданында партияның ХХІ сеъезі атындағы кеңшар құрдымға кетіп бара жатқан жерінен бұл кісі қызметте болғанда, аяғынан тік тұрғызып, 25-тен астам диқандар мен механизаторлар мемлекеттің жоғарғы наградаларына ие болса, С.Сефуллин атындағы совхозды жаңадан ұйымдастырып, алты жыл қызмет жасап, совхозды совхоз етіп көрсете білген, облыс көлемінде алыңғы қатарлы шаруашылыққа айналуына үлес қосқан осы азамат екендігін мақтана айта аламыз. Бір бөлімшеден құралған шаруашылық алты жыл ішінде 300-ге тарта ірі қара, 300 бастай жылқы өсіріп, 1800 гактар күріш егетін шаруашылық болып қалыптасты. Жылма жыл әр гектардан 50 центнердің үстінде Сыр маржаны өндіріліп, мемлекетке 2500 центнер үстінде ет, 3500 центнер сүт сатылды. Әр 100 аналықтан сексен бұзау, 100 құлын алынып, мал басы аман сақталды. Халқы да көбейіп, тұрақтап, жылда жұмысшылар қосымша ақша алып, халықтың әл-аухаты көтерілді, мәдени-тұрмыстық жағдайы жақсарды. Совхоз бірнеше дүркін Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысып, бір рет УАЗ жеңіл автокөлігімен де марапатталды.
Шаруашылықты ұйымдастыруда келешек бір ғасырдың күрделі мәселелері шешімін тапты. Егіс алқаптары, жайылым шабындықтар жан-жақты есептеліп, жер көлемі қайта қаралып, шекараларға тиімді өзгерістер енгізілді. Егіншілік ауыспалы танабына көшіріліп, күріш алқаптары күрделі тегістеуден өтті. Ауылда орта мектеп салынды. Барлық мамандарға, бас­панасыз жанұяларға типтік жобадағы үйлер салынып берілді. Шаруашылықтың күретамыры «Бостандық» каналының темір­жол өткелінен қажетті су өтпейтіндігі ескеріліп, канал арнасы өзгертілді. Шымкент-Самара тас жолына көпір салынып, теміржолдың оңтайлы өткізгіші арқылы жаңа су жолы тартылды. Осылайша егіншілікті сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілді.
Шиелі ауданындағы қадамы да игілікті істермен басталып, аудан Бүкілодақтық жарыстың жеңімпазы болып жеңіс туы көк аспанда қалықтады.
Нарықтық экономика заңына сәйкес Қармақшы ауданына әкім болған кезеңде Жақаңа сын сағаттар туған еді. Өз зеректігіне, өткен өмір мектебіне сенген ол бұл жерде де абдырап қалған жоқ. Шаруашылық есеппен жұмыс істеудің бұрыннан-ақ қыр-сырына қанығып қалған, ізденгіш басшы жұртты соңына ерте отырып, әр ауылды, әр мекемені, әр ұжымды өзін-өзі қаржыландыруға, дамытуға көшірді.
Жақаңның атқарған істерін бір мақаламен жазып тауысу мүмкін емес. Осының бәрінде кәсіби ғалым-агроном, болмысы адамдармен тіл тапқыш, шебер ұйымдастырушы Жақай Бодықбаевтың қолтаңбасы айрықша көрініс тапты. Бұл жерде біз оның жемісті еңбегі нәтижесінде халықтың алған алғысы, құрметі, омырауына таққан орден медальдарымен, қолға ұстаған одақтық, республикалық марапаттау қағаздарын санап жатпай-ақ қояйық.
Жақаң 1988 жылдан еңбек ардагері, Сырдария және Қармақшы аудандарының Құрметті азаматы атанды. Екі қоғамда да алпыс жыл абыройлы қызмет еткен абыз ақсақал бүгінде қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары. Бір ұл, екі қыз өсіріп, немерелердің қызығына шалқып отырған, аузынан шүкіршілігі түспеген ардагер.
Жас кезден тай құлындай тебісіп өскен құрдасым Жақаңа өмірдің бар жақсылықтарын тілеймін. Бақыт кілтін еңбектен тапқан Жақаң,– деген оймен қолыма қалам алған едім.

Нұрпейіс қажы Сағиұлы,
Алматы қаласы
31 қаңтар 2019 ж. 1 207 0