Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалта телефонын суға түсіріп алған жағдайда не істеу керек?

Қалта телефонын суға түсіріп алған жағдайда не істеу керек?

Бұл кез келген адамның басынан өтуі мүмкін. Мұндай жағдайда не істейміз? Ең алдымен, лезде судан шығарып алыңыз, ішкі бөлігіне су кіріп үлгермеуі әбден мүмкін. Алайда, құрғатпайынша телефонды қоспағаныңыз жөн. 

Алдымен мынадай шаралар қолдану керек: 


1. Батареясын алып тастаңыз. Сондай-ақ батареяда немесе оның жанында кішігірім ақ қағаз болады. Су тиген жағдайда ол қызғылт түске боялады. Ол арқылы телефон су болғаны-болмағанын анықтауға болады. 

2. SIM-картаны, жады картасын алып тастаңыз. Сонымен қатар телефонға қосылған өзге де құрылғылардан ажыратыңыз. 

Енді құрғатуға кірісейік: 

1. Құрғақ, ылғал тартатын шүберекпен сүртіңіз. Телефонды шайқаудың қажеті, пайдасы жоқ. Керісінше, су әрі-бері тарап кетуі мүмкін. Сондай-ақ спирт көмекші болуы мүмкін. Алкоголь суды ығыстырып, өзі аз ұақытта ұшып кетеді. 

2. Шаңсорғышты пайдаланып көріңіз. Ол ылғалды тартып алады. Алайда телефонның бөлшектерін тартып та алуы мүмкін, сондықтан олардың мықты орнатылғанын тексеріңіз. 

Ескерту: Шаш кептіргішті қолданбаңыз! Ол кептірудің орнына, суды ары қарай итеріп, кептіруге кері әсерін беруі мүмкін. Сондай-ақ телефонды қыздырып жіберсе, құрылғылар бұзылуы мүмкін. 

3. Телефонды күрішке салып, бір тәулікке қалдырыңыз. Күріш ылғалды сіңіріп, телефоныңызды құрғатады. 

Телефоныңыз кем дегенде бір тәулік кепкеннен кейін ғана оны қосуға болады.
27 қараша 2018 ж. 995 0