Қызылордада 5 қыркүйек Қазақстан халқы тілдері күніне арналған облыстық форум өтті
Бүгін «Достық үйінде» 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай Қызылорда облысында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, тіл мәдениетін қалыптастыру және қазақ тілінің заманауи кеңістіктегі қолданысын кеңейту мәселелеріне арналған «Тіл. Бірлік. Болашақ.» атты облыстық форум өтті.Форумның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі қолданыс аясын кеңейту, тіл мәдениетін жетілдіру, өңірдегі тілдік ортаны дамыту, сондай-ақ цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамып отырған кезеңде қазақ тілінің жаңа мүмкіндіктерін талқылау.
Форум жұмысына облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары мен тіл мамандары, мемлекеттік органдардың тіл саласына жауапты қызметкерлері, білім беру ұйымдарының басшылары, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, этномәдени бірлестіктер, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Форумды ашқан облыс әкімінің орынбасары мемлекеттік тілдің қоғам өміріндегі орнына тоқталып, тіл мәселесі тек тіл саласының мамандарына ғана қатысты емес, барша қоғамға ортақ жауапкершілік екенін атап өтті.
- «Мемлекеттік тіл – халқымыздың рухани тұтастығын айқындайтын басты құндылықтардың бірі. Оның қолданыс аясын кеңейту тек белгілі бір салаға жүктелетін міндет емес. Бұл – мемлекеттік органдардан бастап, білім беру, мәдениет, ақпарат, бизнес және қоғамдық ортаға дейінгі барлық бағытты қамтитын ортақ жұмыс. Тілдің дамуы – ең алдымен оның қолданысына байланысты. Қазақ тілінде сапалы контенттің көбеюі, мемлекеттік тілдегі қызметтердің қолжетімді болуы, жастардың қазақ тілін заманауи технологиялармен қатар меңгеруі – тілдің өміршеңдігін қамтамасыз ететін негізгі бағыттар. Әсіресе жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар дәуірінде қазақ тілінің мүмкіндігін кеңейтуге ерекше назар аудару қажет.», – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Форум барысында мемлекеттік тілдің медиа кеңістіктегі орны, оның жастар тәрбиесіндегі рөлі, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дәуіріндегі қазақ тілінің даму мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Абайбек Жүнісов мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы қоғамдық бастамалар мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы ой-пікірін ортаға салды.
Сонымен қатар, облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов мемлекеттік тілдің бұқаралық ақпарат құралдарындағы қолданысы мен медиа кеңістіктегі тіл мәдениетіне тоқталса, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің директоры Жақсыгүл Тоғанова жастарға тіл үйрету, білім беру үдерісінде мемлекеттік тілдің беделі туралы айтты
Сондай-ақ, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Жасанды интеллект институтының директоры Нұрлан Құлмырзаев жасанды интеллект технологияларын дамыту жағдайындағы қазақ тілінің мүмкіндіктері жөнінде баяндама жасады.
Форум соңында мемлекеттік тілдің дамуына, оның қоғамдық ортадағы қолданысын кеңейтуге және тіл мәдениетін қалыптастыруға үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің «Құрмет» грамотасы мен «Алғыс хаты», сондай-ақ облыс әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.
Сонымен қатар қазақ тілін дамыту бағытындағы еңбегі мен жетістіктері үшін түрлі саладағы үздік ұйымдарға арнайы номинациялар табысталды. Атап айтқанда, «Көрікті жарнама – көркем атау», «Үздік қазақтілді тасымалдау қызметін көрсету мекемесі», «Үздік қазақтілді медициналық қызмет көрсету мекемесі», «Үздік қазақтілді байланыс қызметін көрсетуші мекеме», «Үздік қазақтілді коммуналдық қызмет көрсету ұйымы» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталды.
Номинация жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.









