Кәсіпкерлікті дамыту бағытында көшпелі отырыс өтті
«Руханият» орталығында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің көшпелі отырысы ұйымдастырылды. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетов, аудан прокурорының міндетін атқарушы Махмут Алмас, Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Ерлан Раимов, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салават Кулмаханов, Өңірлік кәсіпкерлік кеңесінің мүшесі Мұрат Сәрсенбаев, Сырдария ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Ұлан Болат, қаржы ұйымдарының мамандары, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты.Жиынның негізгі мақсаты – кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, бизнес өкілдерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдау және кәсіпкерлерге туындаған мәселелер бойынша нақты қолдау көрсету болды.
Кездесу барысында мемлекеттік бағдарламалар аясында көрсетілетін қолдау шаралары, жеңілдетілген несиелеу мүмкіндіктері, жаңа инвестициялық жобаларды қаржыландыру тетіктері туралы кеңінен ақпарат берілді.
Сонымен қатар, кәсіпкерлерге салық саласы, заң талаптары және бизнес жүргізу барысында кездесетін өзекті мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды.
Көшпелі отырыстан кейін делегация аудан орталығындағы бірқатар кәсіпкерлік нысандарды аралап, олардың жұмысымен танысты. Кәсіпкерлермен жүздесу барысында өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу, мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану және бизнесті дамыту бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Айта кету керек, мұндай кездесулер кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтып, бизнестің дамуына серпін беретін тиімді алаңға айналып келеді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі










