Медицина қызметтік жауапкершіліктен тұрады
Күнделікті бір-біріне ұқсамайтын бірнеше мәселемен бетпе-бет келетін аудандық аурухана ұжымы денсаулық сақтау саласындағы маңызды жобаларды аудан шеңберінде жүзеге асырады. Талап пен жауапкершілікті анық сезінетін медицина мамандары үздіксіз аудан халқына қызмет етіп келеді. Аудандық емхананың мәжіліс залында жылды қорытындылауға байланысты арнайы жиын өтті. Жиынға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жұмыстары жөніндегі орынбасары Мая Мирзанова төрағалық етіп, жүргізіп отырды. Өз кезегінде аудандық аурухананың бас дәрігері Жанар Жұмабаева өткен жылдың қорытындысы бойынша баяндама жасады.
– Өңірлік жоспарды негізге алып, Сырдария аудандық ауруханасы 33 664 тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. Мекеме құрамында 21 жалпы тәжірибелі аймақ, 160 төсек-орындық тәуліктік аурухана бар. Оның ішінде ауданаралық паллиативтік көмек көрсетуге арналған 60 төсек-орын, 140 төсек-орындық күндізгі аурухана, ауысымына 250 адам қабылдайтын аудандық емхана, 10 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекет аудан халқына қалтқысыз қызмет жасайды. Қазіргі уақытта аудандық ауруханада барлығы 772 адам қызмет етеді. Атап айтқанда, 73 дәрігер, 419 орта буын, 134 кіші буын және 146 басқа да қызметкер бар екенін айта кетейік. Былтыр дәрігер тапшылығын төмендету мақсатында емханаға 6 жоғары білікті маман қабылданды.
Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Есепті мерзімде 19 дәрігер, 130 орта буын медицина қызметкері және басқа да 8 маман тегін оқытылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ауылдық жерге кемінде бес жыл мерзімге жұмысқа келген аса тапшы мамандарға ең төменгі жалақының жүз еселенген мөлшерінде біржолғы ақшалай төлемді жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз ету әкімдіктерге жүктелген. Бұл ретте 4 аса тапшы маман біржолғы ақшалай көмекпен қамтамасыз етілді, – деген Жанар Әшімқызы барлық медициналық көрсеткіш бойынша атқарылған жұмысты тізбектеді.
Сан мен сапаға аса мән беретін медицинада әрбір олқылықтың артында адам өмірі тұрғанын ұмытпаған жөн. Тиісінше, қолға алған бірқатар жобаның нәтижесінде аудан медицинасында алға қарай жылжу бар. Сан тарапқа бөлінген медициналық басым бағытты әртараптан жетілдіру көзделген. Жалпы ана мен бала денсаулығынан бастап саланың жан-жақты құрылымы күнделікті өзектілігін жоймайды.
– Бүгінгі жиында аудан медицинасына қатысты барлық мәселе қамтылды деп ойлаймын. Бас дәрігер қызметке келгеніне аз ғана уақыт болса да, сала мамандарымен бірлесіп жұмыс атқарып келеді. Әрине, бас дәрігердің жасаған баяндамасы бойынша талдау, зерделеу жасалады. Облыс орталығына жақын ауданның өткен жылы қол жеткізген жетістіктері жеткілікті. Дегенмен жекелеген орын алған кемшіліктермен бас дәрігердің салалық орынбасарлары тікелей жұмыс жасағаны дұрыс. Биыл тиісті министрліктің тапсырмасы негізінде жүзеге асатын жобаларды дер кезінде сапалы орындау тапсырылады, – деді Мая Миранбайқызы.
Жиын соңында бас дәрігердің салалық орынбасарларына бірқатар тапсырма жүктелді. Бұл ретте өлім-жітім, созылмалы дерттердің алдын алу, ана мен бала денсаулығы, аудандық аурухананың материалдық базасын кеңейту, емдеу мекемелерін күрделі жөндеуден өткізу іс-шаралары назардан тыс қалмады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ









