Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сталкинг қылмас па, әлде?

Сталкинг қылмас па, әлде?

Зайырлы қоғамда өмір сүріп жатқан әрбір адам өзге біреуден зәбір көрмеуі тиіс. Соңғы уақытта сталкингке байланысты сан түрлі ақпарат қаулап шығуда. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты назарында. Жақында Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында сөйлеген сөзінде ол Шымкент қаласында Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза табуы бүкіл елді дүрліктіргенін айтты. Күдіктінің бойжеткенді аңдып, маза бермей, қоқан-лоққы көрсеткенін мысалға келтірді. Расында, сталкингтің құрбаны болған Нұрайдың ісіне байланысты жауапты ішкі істер органдарының бірқатар басшылары жұмыстан кетті.

Негізінен, сталкинг ұғымы ХХ ғасырдың екінші жартысында қалыптаса бастаған. Әсіресе, АҚШ-та белең алған. Қоғамда адамды жүйелі түрде аңду, мазасын алу, қудалау жағдайлары жиілеген. Бүгін­де сталкинг – жеке өмірге қол сұғу, психо­ло­гиялық қысым көрсету, қауіп төндіретін әрекет ретінде бағаланады. Өткен жыл­дың шілде айында Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне жаңа 115-1-бап – «Сталкинг» енгізуді көздейтін заңға қол қойған болатын. Заңда сталкинг «адаммен байланыс орнатуға және (немесе) оның еркіне қайшы келетін, зорлық-зомбылықпен бай­­ла­ныс­ты емес, айтарлықтай зиян кел­тіретін әрекеттерде көрініс табатын адамды заңсыз қудалау» деп анықталады.

Қылмыстың өтеуі – жаза. Сталкинг салдарынан адам қаза тапқан жағдайда, қылмысы дәлелденген азамат темір торға тоғытылады. Ал адамның жеке өміріне қол сұғу орын алған жағдайда, күдікті 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айып­пұл тө­леу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары­на тарту, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жазаға тартылады.
– Сырдария ауданында сталкингтің құр­баны болған жандар тіркелмеген. Де­генмен күнделікті жұмыс барысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргіземіз. Қолайсыз отбасылар­мен тікелей жұмыс жасап, қоғамда тыныш­тық орнатуға барымызды саламыз. Шын мә­нінде, адамның өміріне қол сұғу – ақтауға келмейтін қылмыс. Сондықтан адамдарды шынайы өмірде де, интернет кеңістігінде де жүйелі түрде қудалауға жол бермеуіміз керек. Елімізде сталкингке қатысты арнайы заң қабылданғаны – құптарлық дүние, – дейді Сырдария аудандық полиция бөлімінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Айгүл Рысымова.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
31 қаңтар 2026 ж. 359 0