Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мас күйінде көлік басқару – орны толмас өкінішке әкеледі

Мас күйінде көлік басқару – орны толмас өкінішке әкеледі

Қызылорда облысында мас күйінде көлік құралын басқару салдарынан адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы тіркелді. Аталған оқиға қоғам үшін аса қауіпті құқық бұзушылықтардың ауыр салдарын тағы бір мәрте көрсетті.

Қызылорда облысына қарасты Сырдария ауданында орын алған жол-көлік оқиғасы алкогольдік масаң күйде көлік басқарудың қаншалықты қауіпті екенін дәлелдеді. Атап айтқанда, Жаназар батыр ауылының тұрғыны автокөлікті мас күйінде басқарып, көлік құралын толық меңгере алмауы салдарынан жолдың оң жақ шетіне аударылып, жол-көлік оқиғасын жасаған.

Оқиға салдарынан автокөлікте болған жолаушылардың бірі оқиға орнында қаза тауып, екінші жолаушы ауыр дәрежелі дене жарақатын алған. Аталған дерек бойынша аудандық полиция бөлімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-1-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, қылмыстық іс сотқа жолданды. Сот үкімімен құқық бұзушы кінәлі деп танылып, оны 10 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Прокуратура өкілдері азаматтарды алкогольдік масаң күйде көлік құралын басқарудан қатаң түрде бас тартуға шақырады. Мұндай жауапсыз әрекеттер адамдардың өмірі мен денсаулығына зор қауіп төндіріп қана қоймай, қатаң қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді.

Заң талаптарын сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Бір сәттік жауапсыздық орны толмас қайғыға себеп болуы мүмкін.

Сырдария ауданының прокуратурасы
Фото: mezgil.kz
16 қаңтар 2026 ж. 257 0