«6 миллион теңгеге дейін табыс табуға болады»: 16 жастағы қазақстандық жұртты тәнті етті
Желіде ауылда мал бағып жүріп, ағылшын тілін өз бетімен меңгерген жасөспірім жұрттың назарын аударды. Ақтөбе облысының Мәртүк ауданында тұратын 16 жастағы Исмаиль Молдашевқа тіпті ауыл мен қаладан біраз адам байланысқа шығып, мал шаруашылығымен айналысуда кеңес сұрайды екен. 10-сынып оқитын жасөспірім ауылдағы өмір, малдан түсетін табыс, желідегі белсенділігі мен болашақ жоспарлары туралы Stan.kz тілшісіне айтып берді.
“Әкем таза, табиғи өнімді тұтынып өмір сүру үшін ауылға көшетінімізді айтты”
Қазір Родниковка ауылында тұратын Исмаиль негізі қалада дүниеге келген. Ол алты жасына дейін Шымкентте тұрған және кейін отбасы ауылға көшуді ұйғарған.
“Әкем таза ауада, табиғи өнімдерді тұтынып өмір сүргіміз келеді деді. Алдымен Астана қаласының маңындағы бір ауылға көштік. Алайда ол жақтың қысы қатты, ауа райы қолайсыз болып, кейін Ақтөбе облысына қоныс аудардық. Ол кезде әлі кішкентай болғандықтан қала өмірінен ауылға бейімделуім қиын болмады”, – деді ол.
Жасөспірім көпбалалы отбасында өскен. Әкесі Атырау облысы Құлсары өңірінен, анасы Шымкент қаласынан екен.
“Отбасымызда әкем, анам бар, жеті ағайындымыз. Ауылға көшкен кезден бастап әкеме мал шаруашылығында қолғабыс ететінмін. Ал 13 жасымнан бастап, бұл саланың қыр-сырына қызыға бастадым. Интернеттен түрлі ақпараттарды іздеп, соны тәжірибеде қолданып көрдім. Осылайша шаруашылықтағы білімімді қазір желіде өзгелерге бөлісіп жүрмін.
Мал шаруашылығымен айналысу әрине оңай емес. Негізі бұрын мал саны көп еді. Бірақ оларға қарау өте қиын болып кеткен соң, қазір мал санын кішкене азайттық. 60 сиыр мен 80 шақты қой-ешкіміз бар. Сосын өзімізге табиғи өнім – жұмыртқа алатындай 30 шақты тауықтарымыз бар”, – деп қосты жасөспірім.
Фото: Исмаиль Молдашевтың жеке архиві










