Ұлттық қордан балаларға тиесілі ақша ақпанға дейін аударылады
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 2024 жылғы 1 ақпаннан бастап мақсатты жинақтарды алу үшін 205 505 өтініш орындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.Жалпы сомасы 31,61 млн АҚШ долларынан астам қаражат уәкілетті операторларға аударылып, 18 жасқа толған азаматтардың банк шоттарына кейіннен есептелді.
БЖЗҚ мәліметінше, орындалған өтініштердің 127 445-і тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында рәсімделіп, жалпы сомасы 19,69 млн АҚШ доллар болған. Ал 78 060 өтініш білім беру ақысын төлеуге бағытталып, жалпы көлемі 11,92 млн АҚШ долларына жеткен.
Қордың баспасөз қызметі мақсатты жинақтардың алушылары қаражатты толық немесе ішінара пайдалана алатынын, ал пайдаланылмаған қалдық мақсатты жинақтау шотында (МЖШ) сақталатынын еске салды.
Тұрғын үйге қатысты ең сұранысқа ие бағыттар
БЖЗҚ дерегінше, тұрғын үй жағдайын жақсарту аясында ең көп өтініш келесі қосалқы мақсаттар бойынша тіркелген:
- тұрғын үй құрылыс жинақтарындағы салымды толықтыру (болашақта жинақтауды жалғастыру үшін) – 124 490 өтініш, жалпы сомасы 19,27 млн АҚШ доллары;
- ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны төлеу – 999 өтініш, 145,39 мың АҚШ доллары;
- азаматтық-құқықтық мәмілелер арқылы тұрғын үйді меншікке сатып алу – 757 өтініш, 108,64 мың АҚШ доллары.
Білім беру ақысын төлеудегі негізгі мақсаттар
Білім беру бағытында ең танымал қосалқы мақсаттар:
- Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйымдарының қызметтеріне ақы төлеу – 71 025 өтініш, 11,03 млн АҚШ доллары;
- білім беру жинақтау салымын толықтыру – 4 933 өтініш, 608,47 мың АҚШ доллары;
- шетелдік білім беру ұйымдарының қызметтеріне ақы төлеу – 1 706 өтініш, 228,32 мың АҚШ доллары.
БЖЗҚ дерегінше, мақсатты талаптардың қатысушылары – мақсатты талаптарға құқығы бар, 18 жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтары.
Ұлттық Банк жыл сайын 1 қазанға дейін БЖЗҚ-ға мақсатты талаптардың жалпы сомасы мен инвестициялық табыс туралы есеп жолдайды. Ал БЖЗҚ жыл сайын 20 қаңтардан кешіктірмей мақсатты талаптар қатысушыларының электрондық тізімін қалыптастырады.
2025 жылғы есепті жылға арналған мақсатты талаптар мен инвестициялық табыс 2026 жылғы 1 ақпаннан кешіктірмей қатысушыларға есептеледі. Сондай-ақ, 2008 жылы туған, 2026 жылы 18 жасқа толатын қазақстандықтардың мақсатты жинақтары да 2026 жылғы 1 ақпанға дейін олардың мақсатты жинақтау шоттарына аударылады, - делінген БЖЗҚ жауабында.











