Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңақорған ауданында екі жаңа спорт кешені пайдалануға берілді

Жаңақорған ауданында екі жаңа спорт кешені пайдалануға берілді

2025 жылғы 25 желтоқсанда Жаңақорған ауданының Кейден ауылында заманауи күрес залы мен «СКЗ-U» ЖШС күкірт-қышқылы зауыты жанынан салынған жаңа спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Аталған спорт нысандары «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамының еншілес кәсіпорны — «СКЗ-U» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бастамасымен жүзеге асырылды.

Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов, Жаңақорған ауданының әкімі Мажит Самитов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейржан Юсупов, зиялы қауым өкілдері, аудан спортшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов алғы сөз сөйлеп, «СКЗ-U» ЖШС ұжымына алғысын білдіріп, жаңа спорт кешендерінің ашылуымен ауыл тұрғындарын құттықтады.

Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен күрес залының құрылысын сапалы жүргізген мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Аталған жоба өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, ауыл жастары мен зауыт жұмысшыларының спортпен жүйелі түрде шұғылдануына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Жаңа спорт залдары санитарлық және қауіпсіздік талаптарына толық сай келеді және спортпен айналысуға жан-жақты бейімделген. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған нысандарда түрлі спорт секциялары жұмыс істеп, ауылдың әлеуметтік өмірін жандандыратын жарыстар мен бұқаралық спорттық іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ алдағы уақытта да өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруды жалғастыра бермек.
26 желтоқсан 2025 ж. 59 0