Шешімін тапқан жоба
Кәріз – жерасты құдықтар жүйесін құрайтын күрделі гидротехникалық құрылым. Тереңдігі бірнеше метрге дейін жететін, ал ұзындығы ондаған шақырымды құрайтын кәріз құрылысы көп бейнетті талап етеді. Соңғы жылдары аудандағы тұрғын үй мен мекемелердің көпшілігі жылу, су жүйесімен жабдықталған. Сонымен қатар кәріз жүйесіне қосылған. Әсіресе көпқабатты тұрғын үйлердегі тұрғындарға жайлы жағдай жасау мақсатында орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу жұмысы жүргізілген.Аудан орталығы Тереңөзек кентінде орналасқан сарқынды суларды тастау насос станциясы 2013 жылы салынып, 2015 жылы пайдалануға берілген. Кәріз жүйесі нысандары 2018 жылдан «Қазсушар» РМК «Арал» СЖКБД филиалының теңгеріміне берілген. Бұл мекеме 2024 жылы «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Сыр суы» филиалы мекемесі болып, атауы өзгерді.
Мекеме мамандарының берген мәліметі бойынша Тереңөзек кентінде кәріз жүйелерінен аққан суларды айдайтын 5 насос станциясы және биологиялық тазалау ғимараты орналасқан. Бүгінде Тереңөзек кенті бойынша сарқынды суларды тастайтын 5 кәріз насос станциясы жұмыс атқарып тұр.
– Тереңөзек кентінде қолданыстағы кәріз жүйесінің жалпы ұзындығы 15 шақырымды құрайды. Оның ішінде өздігінен ағатын кәріз жүйесі 5 шақырым және 10 шақырым қысымдық кәріз жүйесі пайдаланылып келеді. Кәріз жүйесінің бойында 145 дана көру құдығы бар. Жалпы Тереңөзек кентінде 41 көпқабатты тұрғын үй кәріз жүйесіне қосылған. Сондай-ақ кенттегі 15 бюджеттік мекеме мен 5 кәсіпкерлік субъекті қосылған. Жеке тұлға бойынша сарқынды су қызметін пайдаланатын 317 үй бар. Жеке тұрғын үйлерді қосу жұмыстары тұрғындардың өтініштеріне сәйкес жүргізілуде, – дейді мекеме басшысы Бауыржан Жұмамұратов.
Осы күні «Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы» өндірістік бөлімшесінің қызметкерлері күні-түні қызметін көрсетуде. Негізінен күрделі жүйенің үздіксіз жұмыс жасауы үшін жұмылған мекеме жұмысшылары кәріз жүйесіне қатысты 2025 жылдың 6 айында 9 апаттық жағдайды қалпына келтірген.
Тұрғын үйді кәріз жүйесіне қосу тұрмысқа өте ыңғайлы. Сондықтан жеке сектор тұрғындары да орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылуға ынталы. Бұл ретте мекеме басшысы айтып өткендей тұрғындардың өтінішіне сәйкес, жүргізіледі. Жалпы айтқанда, күрделі құрылымның үздіксіз жұмыс атқаруы әсіресе қыс мезгілінде апаттық жағдайдың орын алмауына байланысты. Сонымен қатар тұрғындардың уақытылы төлемақы жасауы мен кәріз жүйесін дұрыс пайдалануы көп ретте орын алатын ақаудың алдын алады.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ











