Креативті керуен – сырдария ауданында

Облыстық көшпелі керуен құрамында кәсіпкерлік, қолөнер саласы бойынша мамандар бар. Аудандағы «Руханият орталығында» ауданның қолөнер шеберлері мен кәсіпкерлері бас қосып, өзара тәжірибе алмасты.
– «Creative Caravan» – көшпелі форматтағы ерекше жоба. Жобаның өзектілігі – тарихи Ұлы Жібек жолының ізімен үндесіп, ежелгі өркениеттерді тоғыстырған мәдени артерияны қазіргі заманғы креативті индустриямен сабақтастыру. Негізгі мақсат – аудан мен ауылдардағы шығармашылық әлеуетті ашу, жас таланттарды қолдау, оқыту семинарлары мен шеберлік сағаттарын өткізу, жергілікті кәсіпкерлердің креативті өнімдері мен қызметтерін коммерцияландыруға қолдау жасап, облыстық және республикалық деңгейде танымалдығын арттыру. Сондай-ақ шебер кәсіпкерлерімізді қолдай отырып, халықаралық нарыққа шығару, – дейді «Анаға тағзым» орталығының көркемдік жетекшісі Феруза Оңталап.
Аталған керуен Жалағаш ауданында бастау алған. Күні кеше Сырдария ауданында өркен жайды. Ең алдымен, аудан және ауылдық округтерден келген қолөнершілер қонақтарға өз өнімдерін таныстырды. Оның ішінде тігінші, ағаш, темір ұсталары, тоқымашы мен өзге де қолөнер шеберлері болғанын айта кетейік. Одан кейін көпшілік көшті бастап келе жатқан түйені тамашалап, ауыл ақсақалдары ақ батасын берді. Жалпы қазақ халқында көш-керуеннің мәні мен маңызы зор. Керуен басына ақсақалдар бата беріп, көштің оң болуын тілек еткен. Халық түсінігінде көнеден қалыптасқан керуен ұғымы сауда жасау немесе өзге де көлік малына жүк артып шыққан адамдар тобын білдіреді. Көшпелі заманда керуеннің жүруі ел мен елдің арасында сауда жасауды жолға қойып, екі елдің мәдениеті мен өркениетінің дамуына оң әсер ететін болған. Ұлттық құндылықты жаңғырта отырып, бүгінгі күн тұрғысынан қайта жандандырған іс-шара өзара тәжірибе алмасу алаңына айналды.
Одан кейін оқыту дәрістеріне кезек берілді. Сала мамандары мемлекеттік грант пен бағдарламаларды, салық саласындағы өзгерістерді түсіндіріп өтті. Одан кейін оқыту дәрісі креативті өнімдерді брендке айналдыру жолдары, маркетинг пен әлеуметтік желілердегі жарнама жасау тәсілдері туралы тақырыптармен жалғасын тапты. Диалог алаңында кәсіпкерлер, жас креаторлар мен сала мамандары өзара пікір алмасты. Мамандардан кеңес алған кәсіпкерлер сұрақтарын қойып, талқылау жүргізілді. Одан кейін іс-шара қорытындыланып, марапаттау өтті. Өз кезегінде аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева креативті жобаның жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанын айтып, қатысушыларға алғысын білдірді.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ