Күз мезгілінде Қызылорда өңірінде ауа райы тұрақты

Жауын-шашын өте аз - бар болғаны 2-4 мм ғана. Ай бойы шаңды дауыл жиі соғып, жел кей күндері 15-20 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында “Қазгидромет” РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының Метеоболжау бөлімінің басшысы Айгерім Жөкелова мәлімдеді.
"12 қыркүйекте Қызылорда қаласында күн ашық-бұлтты, жауын-шашынсыз өтеді. Солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетіп, ауа температурасы түнде +13...+15°С, күндіз +25...+27°С шамасында болады.
Күздің алдағы айларында да ауа райы қатты өзгермейді. Қазанда облыстың батысында ауа райы қалыпты болса, шығыс бөлігінде сәл жылырақ болады деп күтіледі. Орташа температура +9...+11°С, жауын-шашын шамамен қалыпты мөлшерде түседі. Қараша айында күн салқындайды, дегенмен ауа райы әдеттегіден сәл жылы болады. Бұл кезде жауын-шашын азаяды, тек Арал маңында ғана қалыпты деңгейде сақталуы мүмкін", - деді Айгерім Болатбекқызы.
Жалпы, күз мезгілінде Қызылорда өңірінде жауын-шашын көп болмайды, бірақ шаңды дауылдар мен қатты желдер жиі қайталанып тұрады.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі