Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жазда үйді желдеткішсіз-ақ салқындатуға болады: байқап көріңіз!

Жазда үйді желдеткішсіз-ақ салқындатуға болады: байқап көріңіз!


Баспана – бізді жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязынан қорғайтын үлкен қорған. Сол қорғанымызды суықта қалай жылыту қажеттілігін жақсы білеміз. Ал ыстық ауа-райында үйді қалай салқындатуды білесіз бе?


Күйген қыш пен лайдан тұрғызылған үйлерде ыстық онша сезіле қоймайды. Ал бетоннан тұрғызылған жер немесе көпқабатты үйлер, бір сәтте ысып шыға келетіні анық.
Иә, қазіргі кезде қалтаңда теңгең болса бөлме салқындатқышының қаншама түрін дүкендерден табуға болады. Бірақ оны пайдалану денсаулыққа зиянды екені айтылған сайын адамдар көбіне қарапайым әдістерге жүгінуде.
Даладағы ми қайнайтын ыстықтан келгенде, үйіңіздің салқын да жанға жайлы болуын қаласаңыз, онда төмендегі қарапайым әдіс тәсілдерді қолданып көріңіз.
Терезені қараңғылау
Алдымен терезеде тұрған пердеге назар аударыңыз. Егер олар өте жеңіл, ашық түсті жарықты мол өткізетін болса, онда үй де тез арада ысып кетеді. Сондықтан ол пердені не ауыстыру қажет немесе ішінен жарықты аз түсіретін қалың мата тұту қажет.
Сондай-ақ жарық шағылыстырғыш (термоқорғаныс) пеленкасын әйнекке жапсыруға болады. Бұл өте қарапайым әрі тез жасалады. Күннен келетін жылылықты азайтып, жарықты өз күйінде сақтап қалады.
Үйді желдетіп алатын уақытты дұрыс таңдаңыз
Қапырық ауа мен шаң кірмес үшін күндіз үйдің терезелерін жабық ұстау қажет. Тек таңғы сағат 4 пен 7-нің аралығында және кешкі уақытта ғана желдетілген үйде салқын, таза ауа ұзақ сақталады. Егер таңғы төртте тұрып терезе ашуға ерінетін болсаңыз, терезені түнімен ашық қалдырған дұрыс.
Түкті кілемдерді жинап тастаңыз
Ыстық уақытта ашық еденді жалаң аяқ басқан жанға рахат сыйлайды. Ал енді еден бетіндегі түкті кілем, паластардан ондай ләззат ала қою екіталай. Оның үстіне шаң мен кір жылдың басқа мезгілдеріне қарағанда, жаз айында көбірек сіңеді. Сондықтан едендегі кілем, төсеніштерді күн салқындағанша жинай тұру дұрыс шешім.
Сондай-ақ қабырғада, сөрелерде тұрған картинка, мүсіндер т.б майда-шүйде заттарды да жинастырып қойған дұрыс. Сонда жиналатын шаң-тозаңның қорын азайтып, дем алуды жеңілдетесіз.
Үйдегі ауаны дымқылдап тұрыңыз
Мұндайда ауа дымқылдағыш немесе ауа тазалағышты пайдаланған жөн. Олар микробтарды жинап, ауаны тазартады.
Ал, егер қолыңызда мұндай құралдар жоқ болса, онда кәдімгі су бүріккіш кез-келген құралды қолдануға болады. Тек суға бір-екі тамшы иістендіргіш тамызу қажет.
Сондай-ақ еден мен сөре, терезе алдын күнделікті дымқыл шүберекпен сүртуді әдетке айналдырған дұрыс. Таңертең ертерек салқын сумен сүрту қажет. Мұндай үйде салқын леп пен тазалық үнемі үстемдік құратын болады.
Үйдің "температурасын көтеретін" құрылғыларды азайтыңыз
Үйдегі температура төмен болуы үшін электр желісіне қосылып тұрған құрылғыларды назарға алыңыз. Себебі жұмыс жасап тұрған құрылғы өзінен жылу бөледі. Компьютер мен теледидарды алмағанда, қарапайым шамның өзі де жылу көзі.
Ауа салқындатқышты қолдан жасап алыңыз
Желдеткіш - салқындатқыш сияқты қымбат болмағандықтан, қолжетімді. Егер үйіңізде желдеткіш болса, салқындатқышты қолдан-ақ жасап ала қойыңыз.
Ол үшін бірнеше пластикалық бөтелкені алып ішіне су толтырңыз да, мұздатқышқа салып мұз боп қатқанын күтіңіз. Мұз қатқан бөтелкелерді желдеткіштің алдына жел тиетіндей етіп қоямыз. Бөтелкедегі мұз ерігенше салқын ауа есіп тұрады. Мұндай салқындату 10-15 минутта өз нәтижесін көрсетеді. Салқын ауа ұзақ сақталу үшін бөтелкедегі мұзды ерігеннен кейін жаңасына алмастырып отыру қажет.
Сондай-ақ мұзды салқындатқышты жай тәрелкеге салынған мұз кесектері арқылы да жасауға болады. Шұңғыл ыдысқа тоңазтқыштан алынған мұз кесектерін салып, бірнеше жерге қойсаңыз болғаны. Мұз ерігенше салқын ауа есіп тұрады.

Төсек жайма арқылы салқындату
Бұл ежелгі Египеттік тәсіл болып табылады. Яғни, төсек жаймасын салқын суға салып сығып аламыз. Сол күйінде есік аузына іліп қою керек. Мұндай әдіс көпқабатты үйде тұратындар үшін өте қолайлы. Егер сыртқы есікке ілетін болса, мата кепкенше салқын есіп тұрады.
Керек кеңес: егер қатты ыстықтан түнде ұйқыңыз қашқан болса, басыңызға құс жастық емес, қарақұмық толтырылған жастық жастануға кеңес береді әлемдік мамандар.
Сондай-ақ, жазда қатты ыстықтамас үшін дұрыс тамақтанудың да маңызы зор. Жеңіл желпі салаттар мен цитрустық жемістерді көбірек жейтін болсаңыз, денеңіз күн ұзаққа ішкі салқындықты сақтайды.
Дайындаған: Эльмира Әбілаханқызы,
ERNUR.KZ
21 маусым 2018 ж. 1 281 0