Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 44 газет

17 маусым 2025 ж.

№ 43 газет

14 маусым 2025 ж.

№ 42 газет

10 маусым 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » Режиссер болғым келеді

Режиссер болғым келеді

Қазіргі таңда елімізде танылып жатқан тіпті кезінде әлемдік деңгейге жеткен фильмдер бар. Өзіміз қызыға қарайтын фильмдердің қайдан шыққанын, кім шығарғанын білмейміз. Бұл кино әлеміндегі көрінбейтін мамандықтың бірі – режиссердің еңбегі. Режиссер – фильм түсіретін көшбасшы, басқарушы маман. Біз тамашалайтын қызықты кино сыртындағы барлық атқарылатын жұмысқа бағыт-бағдар береді.

Шығармашылық жолындағы танымал әртістердің кезінде негізін салып беруші ол – режиссер. Кинода көрсетілетін орындаушының сөзі, әртістердің ойнау дең­гейі, операторлардың камерамен қай жерден түсіруі, дыбыс эффектілері, музыка, дауыс, шу, монтаж т.б. бастан-аяғына дейін қадағалап, ұйымдастыратын – режиссер. Бұл үшін адам өз мамандығын шынайы сүюі, нағыз талант иесі болуы керек. Мен таңдаған мамандық – режиссер.

Бұл мамандыққа қызығушылығым бала кезімнен басталды. Өзім білім алған мектепте өтетін іс-шараларды ұйымдастыруға белсенді араластым. Іс-шараның қызықты өтуіне үлесім­ді қосып, қатысуға бар ынтамды салатынмын. Мектепішілік, ауданда өтетін қойылымдарға, байқауларға мектебіміздің «Жас толқын» үйірмесінің атынан қатысатынмын. Біз сахнада өнерімізді көрсетіп, өзімізді нағыз әртіс ретінде сезінетінбіз. Жауапкершілік пен шығармашылық ізденістің арқасында талай мәрте бас жүлде алып, мектебіміздің абы­ройын асырдық. Үйірме жетекшісі Ақтолқын Абылаева бізге сенім артып, шығармашылыққа деген қызығушылығымызды аша түсетін.

Шығармашылыққа табиғатымнан жақын­мын. Себебі отбасымызбен өнерліміз. Атам мен әжем, әкем мен анам – мәдениет қызметкерлері. Мен де осы жолды таңдап, қиын да қызықты сала режиссерлікті таңдадым.

Режиссердің әлемі бөлек болатын секілді. Режиссер – бұл көрерменнің эмоциясын басқарушы. Ол көрерменнің көзін ашпайды – жүрегін ашады.

Бала кезімізден көріп, қайта-қайта тама­шаласақ та жалықпай көретін фильм «Менің атым – Қожаны» көрмеген бала кем де кем. Оның режиссері – Абдолла Қарсақбаев. Режиссердің өмірдерегіне ден қойғанымда, ол кісі жастайынан өнер мен театрға қызыққан екен. Қазақ мемлекеттік театр-көркем сурет институтында білім алған. 1950 жылдардан бастап «Қазақфильм» киностудия­сында ассистент, кейін режиссер болған. Алдымен театр сахнасында жұмыс істеп жүріп, кине­матографияға қызығушылығы оянады. Кино әлеміндегі алғашқы қадамдарын дубляж бөлімінде, кейін режиссердің көмекшісі ретінде бастаған. Уақыт өте келе балалар мен жасөспірімдер тақырыбына қызығушылық танытып, «Менің атым – Қожа» фильміне режиссураны өзі сұрап алған. Бұл фильм оны бірден ел ішіне де, шетелге де танытты.

Абдолла Қарсақбаев кейін де бірнеше фильм түсіреді, бірақ дәл «Менің атым – Қожа» оның шығармашылығының ең биік шыңы болып қала береді. 1963 жылы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген фильмде бас­ты рөлге (Қожа) кәсіби әртіс емес, нағыз ауыл баласы – Нұрлан Сегізбаев таңдалды. Сценарийді Бердібек Соқпақбаевтың шығармасы негізінде режиссерлер мен жазушылар бірігіп жазады. Нағыз ауыл, мектеп пен ортаны көрсету мақсатында фильм ауылда түсіріледі. 1967 жылы Канн кинофестивалінде Балалар мен жасөспірімдерге арналған фильм­дер байқауында Арнайы дипломға ие болды. Бұл – қазақ киносының тарихындағы алғашқы халықаралық мойындалу еді.

Міне, қазақ фильмін әлемге танытқан Абдолла Қарсақбаев секілді мен де өз шығармашылық жолымды сәтті бастағым келеді. Қазақстанның киноиндустриясына өз үлесімді қосып, осы саланы дамыту – мақсатым. Қазақ кино саласын әлемдік деңгейге жеткізіп өз маманымның нағыз иесі болу – өмірлік ұстанымым. Қазіргі таңда бұл салада көбінесе қоғамдағы мәселелер, жиі болатын проблемалар және де комедия жанрында түсірілетін фильм өте көп. Ал менің мақсатым тек бұл тақырыпта емес, фантастикаға тоқталғым келеді. Себебі бұл жанрдағы фильмдер бізде аз, тіпті жоқтың қасы. Мысалы «Marvel» әлемі секілді өзімнің әлемімді ашып, қазақ батырларын заманауи стильде жаңартып шығарғым келеді. Ол үшін қалаған мамандығымды терең меңгеріп, білім алып, кәсіби шебер атануым қажет.


Зерде ШЫРЫНХАН,
№210 Оспан Әбілпаттаев атындағы орта мектептің
11 сынып оқушысы
Фото: Ашық дереккөзден

17 маусым 2025 ж. 234 0