Студенттердің шетелге кетуі: Қазақстандағы жоғары білімнің осалдығы ма?

Жастардың шетелге кетуінің бірнеше негізгі себептері бар. Көптеген талапкерлер шетелдік университеттердің сапалы білім беретінін алға тартады. Әсіресе, QS World University Rankings секілді халықаралық рейтингтерде жоғары орын алатын университеттер Қазақстандағы оқу орындарымен салыстырғанда тартымды көрінеді. Әлемдегі жетекші университеттер жаңа әдістемелерді, заманауи технологияларды пайдаланады, академиялық еркіндікке ие. Қазақстандық ЖОО-лардың басым бөлігі халықаралық стандарттарға сай келмейтін білім беру бағдарламаларын қолданады. Бұл студенттердің өзге елдерде білім алуға деген қызығушылығын арттырады.
Кейбір елдерде, мысалы, Германияда, Чехияда, Польшада тегін немесе төмен бағамен білім алу мүмкіндігі бар. Қазақстанда оқу ақысы жоғары болғанымен, шетелде мемлекеттік гранттар мен стипендиялық бағдарламалар көп ұсынылады. Сондай-ақ көптеген мемлекеттер өздеріне дарынды жастарды тарту мақсатында арнайы жеңілдіктер қарастырады. Мұндай мүмкіндіктерді пайдаланған студенттер жоғары сапалы білімді төмен бағамен немесе мүлде тегін алуға мүмкіндік алады. Шетелдік университет түлектеріне халықаралық компанияларда немесе сол елдің өзінде жұмысқа орналасу жеңілірек. Ал Қазақстанда түлектердің жұмыс табуы қиындық тудырады, әсіресе, тәжірибесі жоқ жас мамандар үшін. Кейбір елдерде оқуын аяқтаған студенттерге виза мерзімін ұзартып, сол жерде қалу мүмкіндігі беріледі. Бұл жастар үшін үлкен мотивация болмақ. Қазақстандық түлектер көбіне мамандығы бойынша жұмыс табуда қиындықтарға тап болады. Жалақы мөлшері де бәсекеге қабілетті емес. Осы себепті жастар болашақта жақсы жалақы алатын, халықаралық деңгейде мойындалған маман болу үшін шетелде білім алуға ұмтылады.
Шетелде білім алу студенттерге халықаралық деңгейде тәжірибе жинауға, жаңа тілдерді меңгеруге және өзге мәдениеттерді зерттеуге мүмкіндік береді. Бұл олардың болашақ мансабына оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар, шетелде оқитын жастардың дүниетанымы кеңейеді, олар өзге елдердің білім беру жүйесімен, өмір сүру мәдениетімен танысады. Мұның бәрі олардың жеке және кәсіби дамуына ықпал етеді.
Қазақстандық білім беру жүйесінің мәселелері жеткілікті. Жоғары білім саласындағы кейбір проблемалар жастардың шетелді таңдауының басты себептерінің бірі болып отыр. Қазақстандағы университеттердің көпшілігі теорияға негізделген білім беруге бейімделген. Студенттер нақты тәжірибе жинауға мүмкіндік ала алмайды. Оқу барысында өндірістік практика жеткіліксіз немесе мүлде жоқ. Студенттер диплом алған кезде жұмыс берушілерден нақты дағдыларды талап етеді, бірақ университет қабырғасында ол дағдылар толыққанды қалыптаспайды. Көптеген түлектер өз мамандығы бойынша жұмыс істегісі келгенімен, төмен жалақы оларды өзге салаға кетуге мәжбүрлейді. Қазақстанда еңбек нарығы білікті мамандарға жеткілікті деңгейде сұраныс тудырмайды, әсіресе, ғылыми-зерттеу саласында. Инженерлер, мұғалімдер, дәрігерлер сияқты мамандықтар бойынша жалақы көлемі төмен болғандықтан, көптеген түлектер өз мамандықтарынан бас тартып, басқа салаға ауысуға мәжбүр. Кейбір университеттердегі білім беру жүйесіндегі әділетсіздік студенттердің көңілін қалдырады. Академиялық адалдықтың сақталмауы, білім бағалаудағы әділетсіздік, оқытушылар мен әкімшілік тарапынан көрсетілетін қысым сияқты факторлар студенттердің басқа балама іздеуіне себеп болады. Кейбір ЖОО-ларда оқытушылардың кәсіби біліктілігі төмен болуы да студенттердің сапалы білім алуына кері әсерін тигізеді.
Студенттердің шетелге кетуі – бір жағынан, олардың өз білімін дамытуға деген талпынысы, ал екінші жағынан, Қазақстан үшін «ми ағымы» мәселесін тудырады. Мемлекет өз азаматтарын елде ұстап қалу үшін білім сапасын арттыру, академиялық еркіндік беру, ғылыми зерттеулерді дамыту және еңбек нарығында жақсы жағдай жасау сияқты мәселелерді шешуі керек. Қазақстандағы жоғары білім жүйесі көптеген жетістіктерге жеткенімен, шетелдік оқу орындары жастар үшін әлі де тиімді болып отыр. Бұл құбылыс білім беру жүйесін жетілдіру қажеттігін көрсетеді. Егер мемлекет сапалы білім беруге, еңбек нарығында түлектерге лайықты жұмыс ұсынуға және академиялық жүйені жетілдіруге күш салса, жастардың елде қалуға деген ынтасы артуы мүмкін. Сонымен қатар, мемлекет шетелде білім алған азаматтарын елге қайтарудың тиімді бағдарламаларын қарастыруы керек. «Болашақ» бағдарламасы осы бағытта жұмыс істейді, алайда оның тиімділігін арттыру үшін түлектерге елге оралғаннан кейін лайықты жұмыс орындарын ұсыну маңызды.
Сонымен, студенттердің шетелге кетуін тек теріс құбылыс деп қарастыру дұрыс емес. Бұл – жаһандану дәуіріндегі заңды үрдіс. Дегенмен, Қазақстан үшін бұл күрделі мәселе, себебі елдің болашағы – білімді жастардың қолында. Егер елдің білім беру саласы түбегейлі реформаланып, жастардың сұранысына сай келетін болса, онда шетелге кету көрсеткіші айтарлықтай азаюы мүмкін. Жастар өз елінде сапалы білім алуға, жоғары жалақы төленетін жұмысқа орналасуға мүмкіндік алса, шетелдік университеттерге деген қызығушылық өздігінен төмендейді. Сондықтан, бұл мәселеге кешенді түрде қарау керек.
Гүлсезім РЫСДӘУЛЕТОВА,
№132 Т.Айтбаев атындағы
орта мектептің оқушысы
Фото: Нұрболат Нұржаубай