Күзгі каникул қызықтары
Әне-міне дегенше күзгі каникул да аяқталып, жаңа тоқсан басталды. Жаңа оқу жылының алғашқы күзгі каникулы бір апта болды. Каникулда сыныптас достарымызбен бірге қызықты өткіздік. Биылғы күздің қазан айы керемет жылы ауа райымен басталды. Біз күн сайын орталық саябақтағы спорт алаңына баруға келістік. Ұлдар спорт ойындары, әсіресе футбол ойынына қызығамыз. Командаға бөлініп, күніне бір мезгіл доп ойнадық.
Саябақтың іші біраз өзгерген. Онда тарихи-мәдени ескерткіш қойылған. Жаңадан салынған жол мен отыратын орындықтар адамдардың біраз таза ауада отырып, тынығуына қойылған. Биік ағаштар сарғыш тартып, жапырақтары түсіп жатыр. Түнімен жауған жаңбырдан айнала ерекше құлпырып тұрғандай. Таза ауамен тыныстай бергің келеді.
Каникул кезінде аудандық мәдениет үйінде балаларға арналған мультфильм көрсетілді. Жаңадан шыққан «Кунфу Панда 4» мультфильмін тамашалауға достарым Ернияз, Димаш, Аянмен бірге бардық. Қаладағы кинотеатрларда отырғандай үлкен экраннан көру керемет екен. Балаларға тегін мультфильм көрсеткен ағаларға көп рақмет.
Каникул күндері атам мен әжемнің үйіне қыдырдым. Туысқан досыммен бірге мал жайғап, жылқыларға шөп, суын бердік. Тауықтарға жем шашып, жұмыртқа жинадық. Мал қораны тазалауға көмектестім. Жылқыларға күтім жасау қиын әрі қызық екенін білдім. Жылқы таза су ішіп, ең құнарлы жем-шөпті жейді екен. Қасиетті жануар адамның жақсылығын жақсы сезеді. Кісінеп, рақмет айтқандай басын шұлғиды.
Каникулда бір мезгіл кітап оқуға да уақыт таптым. Оқулықтарымды түгендеп, дәптерлерімді жаңаладым. Қазір мен бесінші сыныптамын. Біз өте татумыз. Қыздарға қамқор болып, сыныбымызды жақсы қырынан көрсетуге тырысамыз. Ұстазымыз, сынып жетекшіміз Айгүл Сәндібекқызы бізге жақсылық жасауға, білімді болуға барын салып, үйретеді. Сыныбымызда өнерлі, білімді балалар өте көп. Спортта да жетістікке жетіп жүрген ұлдар бар. Мен де алдыма қойған мақсатыма жету үшін сабағымды жақсы оқитын боламын.
Асылжан АМАНҚОС,
№35 И.Тоқтыбаев атындағы
мектеп-лицейдің оқушысы