Құланның махаббаты
Сәуле өзі ән айта алмаған соң дауысы бар құрбыларына қызыға да тамсана қарап жүргені. Көшенің арғы бетінде тұратын Шалабай деген малдың терісін жинайтын қойманың бастығының Сайра атты жалғыз қызы бар. Сәуледен бір жас үлкен ол оныншы класта оқиды, өзі сап-сары әңгелек сияқты, дөңгелек бетіне пүштанай мұрыны жарасқан, аласа бойлы, толықша келген, күрең қызыл еріндері жаңа піскен шиедей үлбіреген сүйкімді қыз. Тірсегіне түсетін ұзын қоңыр қалың шашын екі бұрым етіп өріп, ырғатыла жүріп бара жатқан Сайраны көрген кімде болса, оның бойынан әйел затына тән сылқымдықты байқамай қалмайтын. Сайраның шешесі Әнәпия қатал кісі деседі жұрт. Ол қызын ретсіз үйден шығармай, тіпті, құрбыларымен де араластырмай, сабақтан кейін тек қана ән үйірмесіне аптасына екі рет баруға рұқсат етеді, көбінесе, өзі оның қасында еріп жүргені.
Сайра ән айтқанда жан-жағының бәрін жаңғыртып, өзінің жүзі де бал-бұл жанып кетеді. Мектептегі бозбалалардың көбі оған ғашық. Бірақ Сайраның оларға қарауға мұршасын келтірмей, апасы сабақтан кейін дереу үйіне алып кетеді. Жұрт осы Әнәпияны бұл қыздың туған шешесі емес дейді. Шалабайдың қарындасы ағасымен жеңгесінің баласы болмаған соң өзінің осы қызын олардың бауырына салыпты. «Сондықтан жазатайым бұл қыз бірнәрсеге ұрынып қалса, өзінен тумағаннан кейін дұрыс қарамаған деп мені кінәлайды» деген оймен, ол Сайраны көзінен бір сәт таса қылмай, қатал ұстайды.
Әнәпиялармен көршілес үйде, ағасының қолына совхоздан жақында келген, жасы жиырмалардағы ұзын сұңғақ бойлы, ат жақты Құлан атты жігіт тұрады. Оның күрең жүзіндегі қарақаттай мөлдіреген үлкен мұңлы көздері адамның өңменінен өтіп, толқынданған бұйра шаштары бүкіл болмысына ерекше бір сымбат беріп тұрады. Қараған адамның көзі тоятындай осы сұлу жігіт тумысынан мылқау, әрі оның құлағы да естімейді. Құланды көргендердің бәрі бастарын шайқап: «Әттең, бұл тағдырдың қатыгездігін қарашы, мынадай сұлулық беріп, байғұсты сорлатып қойғанын. Ойпырмай, жігіттің сұлтаны болайын деп тұрған бұған Жаратушы неғып іштарлық жасады екен», – деп қапаланады. Ол күн жылынысымен жұртқа кесек құйып азын-аулақ табыс табады. Осы келгенде де сол кәсібімен айналысып, күні бойы сыртта, біреудің ауласында жұмыс істеп, үйге қас қарая қайтады. Бір күні ертерек оралған Құлан екі үйдің арасындағы биік тақтай шарбақтың арасынан Сайраны көріп қалды. Содан бастап оның есіл-дерті тек Сайра болып, бұлаңдаған жас қыздан көзін ала алмай қадалып қараңғы түскенше ол бір орыннан тапжылмай отыра беретінді шығарды.
Маусым айы басталған. Сайра аудандық ән-би фестиваліне қатысуға дайындалып күнде мектептен кеш келіп жүр, оны әдеттегідей апасы алып қайтады. Әнәпия осыдан екі жыл бұрын бір жақ аяқ-қолы істемей, төсек тартып жатып қалған, қазір де ауа райы бұзылса, еңсесін көтере алмайды. Денсаулығының нашарлығына байланысты зейнеткерлікке ол қырық беске де толмай шыққан. Өзі арық, ұзын бойлы, сүйектері майланбаған арбадай сықырлап, қызыл бидай өңі түтігіп, үнемі суқаны су көтермей жүретін Әнәпияны көргеннен Сайраның бірге оқитын құрбылары зыта жөнелетін.
Бірде, демалыс күні кешке, Сайра қолына Сұлтанмахмұд Торайғыровтың кітабын алып үйдің көлеңкесіне ескі көрпешені төсеп жантая кетіп, оқуға кіріскен еді. Шарбақтың ар жағындағы пішен қораның қуысынан сығалап өзіне тесіле қарап отырған жігітті байқап қалған ол, қорыққанынан үйге кіріп кетті. Кейін Сайра оны тағы бірнеше рет сол жерден көріп жүрді, сосын апасынан бұл жігіттің қасіретін білген соң, оны аяп, алыстан басын изеп амандасып қоятын. Келесіде дарбазадан шыға берген Сайра өзін аңдып тұрған Құланмен бетпе-бет кездесіп қалды. Бұл жігітті қыздың осылай алғашқы рет анық көруі еді. Оның сұлу келбетіне көзі түскенде Сайраның жүрегі дүрсілдеп, тұла бойы шымырлап кеткен. Содан бастап Сайра да Құланмен кездескісі келіп тұратын болды. Ретін тауып екеуі бірде есік алдында, кейде мал кепелердің қуысында ұшырасып қалатын. Бір күні Сайра Құланға қарап тұрып өзімен өзі сөйлескендей: «Құлан, білемін сен мені ұнататыныңды, мен де сені өте жақсы көремін. Өзіңдей жігітті кездестірсем деп армандап едім, бірақ көрмейсің бе тағдырдың қатыгездігін. Сен мұндай жағдайда болмасаң, бәлкім, маған қарамас та едің, онда артыңнан қанша қыз жүгіріп, біразының қолы саған жете алмас та. Қандай көркемсің, Құлан!». Жігіттің екі көзі оттай жанып, ештеңе айта алмаса да бәрін түсінгенін ол жанарымен ұқтырған еді. Сайраның ішкі дүниесі алабұртып, бетін жуған ыстық көз жасын бір қолымен сүртіп, екінші қолымен ол Құланның бұйра шашынан сипап тұрды да, әрі қарай шыдауға дәрмені болмай, теріс айналып, ауласына жүгіре басып кіріп кетті. Үйдің арғы жағындағы сарайға барып, кіре берісте тұрған қалайы шелектен алюмин бақырашпен су алып, алаулаған бетіне шаша берді.
Сайра мен Құлан енді күнде тиіп-қашып кездесіп жүретін болды. Ебін тауып олар, әйтеуір, бір-бірімен құшақтасып, тез-тез сүйісіп үлгереді. Сосын Сайра біреу көріп қалмасын деп қаша жөнеледі. Құлан болса есінен танардай есеңгіреп есіл-дерті тек Сайра болып, кеш батысымен, мал кепе, пішен жиналған жердің тасасында қызды ол тосып отырады.
Бірде Сайра жұрттың көзін ала бере сол жерге келген, сосын екеуі құшырлана сүйісіп, бір-біріне деген ынтықтықтарын баса алмай тұрғанда, Сайра «апам көрсе мені өлтіреді» деп тызақтап, амалсыздан Құланның өртеніп тұрған құшағынан суырылып шығып, тез-тез үйіне қарай жүгіре жөнелді. Құлан болса күйіп-жанып ауланың арғы бетіндегі құдықтың басына барып, шынжырға байлаулы шелекті шүмпілдетіп суға толтырып, оған басын батырып біраз тұрды, сосын су-су шаштарын сілкіп-сілкіп, жерге жүресінен отыра кетті. Бар маңайды қараңғылық басты. Маусым айының жылы түні Құланның жанын тебірентіп, шүпірлеген толассыз аламан сезімдерден көкірегі қысылып кетті. Оның ышқына қаңсылап шыққан дыбыстарын естігендердің тұла бойлары тітіркенді.
Осындай күйден арыла алмай, есіл-дерті тек Сайрада болып, Құлан істеп жүрген кәсібін де тындырмады. Енді азанымен тұрып ол Сайраның мектепке баратын кезін аңдиды. Қыздың жанынан бір қадам қалмайтын Әнәпияны оның тек атарға оғы жоқ. Байғұс жігіт амалсыз дарбазаның қуысынан сығалап, Сайраның соңынан телміріп қараған күйі, ол сабақтан қайтқанша жолдың бойын кезіп жүріп, Әнәпияның қарасы көрінгеннен үйлердің тасаларына тығылып қалады. Осылай қызбен бір кездесуге зар болып, бойындағы сезім құйынына ие бола алмай Құлан әбден қамығып сарсалаңға түсті.
Жаздың күні ыси бастады. Ауданның ортасындағы кішкене баудың ішінде жұрт күндіз жасыл ағаштарды саялап демалады. Кешке сондағы жазғы театрда кино көреді. Міне, бірнеше күннен бері осы жерде, ашық аспан астындағы сахнада, оқушылардың өнерінің фестивалі өтіп жатыр. Мұнда әр халықтың әндері шырқалып, билері биленіп, жырлары оқылып, келген көрермен мәз-мәйрам. Қазақ ұл-қыздары орысша, кәрісше, татарша, өзбекше, украинше, армянша, молдаванша тамылжытып ән шырқап, би билесе, сол ұлт өкілдері қазақтың өнерін паш етуде.
Осыншама ұлттың тағдырлары тоғысып, бір-біріне түсіністікпен, жанашырлықпен қарап, татулықта, кең пейілділікпен, «обал мен сауап» атты қасиетті ұғымды қастерлеп, ыза, кек, көреалмаушылық сияқты күйреткіш күштерді бойларынан да, ойларынан да аластап отыратын жұртымен бірге аядай Тереңөзек қыстағында өткен өзінің балалық шағы Сәуленің бүкіл өмірінің адастырмас шамшырағындай болып жүрегінде жарқырап жана бермек. Сол кезде, алпысыншы жылдардың ортасында, ешкімнің тұрмыс жағдайы жетісіп тұрмаса да, адамдар бір-бірінен көмегін аяп қалған емес, тұз-дәмдерін бөлісіп, бірге көңілдерін көтеріп, қалжыңдары жарасып кеткені соншалықты, қоныс аударып келгендердің көбісі қазақтың мақал-мәтелдері мен әзіл-қалжыңын айтқанда, кейбір «қазақпын» деп жүргендердің қалпағын теріс айналдырып жіберетін еді. Ал олардың арасынан қазаққа келін болып, иіліп сәлем беріп, салт-дәстүрімізді қастерлейтін ана болғандары да аз емес. Сондағы жасөспірімдерге үлкендер: «Сендер өздеріңнің туған жеріңде жүрсіңдер, ал олар болса, елдерінен соғыстың кесірінен кетуге мәжбүр болған, сондықтан қамқорлық жасап жүріңдер, балаларына тиісуші болмаңдар, обал болады» деп тиып, ескерту жасап отыратын еді-ау.
Сол адамгершілік пен достықтың айғағындай мына жазғы фестиваль шарықтап өтіп жатыр. Сәуленің өзінен екі жас үлкен Ұлбосын атты туыс әпкесі бар. Ол өзі аласа бойлы, шағын денесі шымыр, тығыншықтай, бидай өңді жүзіндегі үлкен қара көздері ойлы да уытты, соған қарамастан күлгенде балғын дауысы таңғы ауада қалықтаған нәзік әуездей әсем-ақ. Өзі өте қылықты болғанымен, онан ерлердің өзі аяғын тартатын қаталдығы бар, турашыл, жағымпазданғанды жаны жек көреді, шындықты аяқ асты қылмаймын деп ылғи күресіп жүргені. Ұлбосын биыл он бірінші класты қазақ мектебінен бітіреді. Жастар арасында ол беделді. Өзі баянда ойнап, ән айтқанда сыңғырлаған дауысы жаныңды жадыратады. Міне, бүгін де ол, кәрістің халық әні «Торадиді» нақышына келтіріп, төгілтіп тұр. Жұрт, әсіресе, кәрістер, әнге елтіп, көздеріне жас алып, ұйып қалған. Әнмен қоштаса алмай, қол шапалақтап отырып алғандардың көңілдерін қимай Ұлбосын соңғы шумағы мен қайырмасын қайталады. Онан кейін шешен жігіті Сұлтан шығып орыстың халық әндерін жасыл орманның самалмен жайқалған жапырақтарының сылдыр қаққанындай әсем дауысымен шырқап, сырықтай бойын тік ұстап, кеудесін кере, дөңгелек жанары нұр шашып, құшағын айқара ашып, кеңістікке құлаш сермеп ұшардай қанаттанып әнін аяқтағанда, оны шаттана тыңдап отырғандар: «мына бала үлкен әнші болып, биікке самғайды әлі» десіп жатты. Сосын әр ұлттың алуан түрлі билері биленіп, әндері аспанда кешке дейін қалықтады.
Сайра да өзбек халқының бір әнімен қазақтың «Сәулем-айын» құйқылжыта шырқаған. Сосын тағы да ол жеке дауыста және орыс мектебінің жоғарғы класс оқушылары «Бипыл» әнін хормен айтты. Сайра ашық та екпінді көркем дауысымен шабыттана шырқағанда жұртты тебірентіп жіберген еді. Алдыңғы қатарда «бәрі өзімнің еңбегімнің нәтижесінің, күні-түні соңынан қалмай қадағалағанымның арқасында ғой» деп ішінен масаттанып отырған Әнәпияға жанындағы таныс жас келіншектің: «Апа-ау, мына қызыңыз ғашық біреуге, көзі жанып, жүзі жарқырап тұр ғой қарасаңызшы, біздің басымыздан да өткен бұл жәй, сондықтан, мұндайды айтпай-ақ көзден білеміз ғой, оллаһи, ғашық»,– деп айта бергені сол еді, Әнәпия қыршып алғандай: «Сен өзің не оттап отырсың, қаршадай қыздың артын былғап. Жайыңа жүр әрмән, сыпсыңдамай», – деді оған жыны ұстап, ызғарлана қарап. Келіншек абдырап қалып, сәл үнсіздіктен кейін: «Ойпырым-ай, онда тұрған не бар екен, өзіңіз қыз болмағандай, сонша зілденіп қалатындай не айтып едім, қойыңызшы осы, сіздің жүрген жеріңізде шөп шықпайды деп есітуші едім», – дей берді де, Әнәпия қолындағы қызғыш ағаш балдағын көтере бастағанда, ол орынынан ұша түрегеліп, зыта жөнелді.
Бірінші орын алмаса, апасы оны «отырса опақ, тұрса сопақ» ететінін ойлап, Сайра тырысып-ақ бағуда. Қызының жеңісі Әнәпияның абыройы болмақ, ондайда ол туған-туысқандардың алдында «міне, қыз дегенді осылай тәрбиелеу керек» деп бір марқайып қалар еді-ау.
Құлан да осында, Сайраны аңдып жүріп, көпшілікпен бірге ілесіп кинотеатрға кіріп, ортадан орын алып отырып алған ол ештеңе естімесе де, сахнадағыларға қарап мәз. Бір кезде ән айтуға шыққан Сайраны көріп, балаша қуанып, жалғыз өзі қолын шапалақтап отырып алған Құланды байқаған Әнәпия: «Мына шіркіндікі не? Дәмесінің зорының өзінің» деп жақтырмай ерінін бір шығарып қойды.
Осы күннен бастап Әнәпия Құланды аңди бастады. Енді баяғы күзет екі есе күшейіп, шешесі қызды аяқ аттатып жалғыз өзін сыртқа жібермей болды. Сайра тысқа шықса да, ауланың ішінде жүрсе де Әнәпия оның соңынан қалмаған соң, бір күні шыдай алмаған күйеуі оған: «Әй, сенің өзіңнің денің сау ма? Не болды қызды сонша аңдып. Құдай санасына берсін. Сен мың жерден күндіз-түні қорығаныңмен қыз жігітті керек етсе, әйтеуір, ебін табады. Ал бүйте берсең, бір күні ол үйден қашып кетсе не істейсің? Ертең қалаға оқуға түскенде де қасына барып аңдисың ба? Қойсайшы енді, ақымақтың ісін істемей» деп жекіп тастаған. Әнипа да Шалабайға бой беретін емес: «Қызға қырық үйден тыю, деп қазақ бекер айтты дейсің бе? Баяғыдан бері белгілі ғой, дұшпаның өш алғысы келсе, қызың не әйеліңді масқаралап, мазақ етеді. Қыз абыройынан айырылды дегенше әулетіңе өшпес таңба түсті дей бер. Сен не білесің, мына көрші Рысбектің үйіндегі анау мылқау інісінің екі көзі осы қызда. Мұны көрсе болды миы ашыған қойдай сүзіліп, телміріп қарап, орынынан тапжылмай тұрады да қояды. Ол неменің есі дұрыс дейсің бе. Ал, енді қалай аңдымассың? Бір күні бұл түрімен ол қызымызды сорлатып қоймаса болғаны» дегеннен кейін Шалабай да ойланып қалған, бірақ іштей «Сайра оны қайтсін, маңына да жолатпас» деп топшылаған.
Шілде айының ортасы, күннің ыстығы төбеңнің құйқасын үйітіп жіберердей шыжытып барады. Сайра мектебін жақсы бағамен бітірген, енді Қазақ мемлекеттік университетінің биология факультетіне түсуге бел байлап жолға жинала бастады. Сонда тұратын Шалабайдың туыс қарындасының үйіне тоқтамақшы. Құланды көре сала ол басын изеп амандасып, қаша жөнелетін болған. Бұрынғыдай жүрегі елжіреп, жанары ұшқын атып тұрған Сайра жоқ сияқты. Құлан әрі-бері оның жолын кес-кестеп көріп еді, қыз қолымен «керегі жоқ» дегендей ишарат білдірген. Көкірегін өксік қысып, жаны алқымына тірелгендей болған Құлан бір күні түстен кейін қыздың мектеп жақтан келе жатқан кезін аңдып тұрып, оның қолына қан тамып тұрған тілім-тілім жүректің суреті салынған бір парақ қағазды ебін тауып ұстатып үлгерген еді. Сайра үйге кірісімен өз бөлмесіне барып, суретке қарап өзін-өзі ұстай алмай, тұла бойы солқылдап жылап тұрып, апасы көріп қоймасын деп, тез-тез қағазды майдалап жыртып, ішкі бөлменің терезесін ашып оларды сыртқа ұшырып жіберді де, дәлізге барып бетін суық сумен жуды. Апасы өз бөлмесінде ұйықтап жатқан, Құдай сақтап ояна қоймады. «Мен не істейін, Құлан, ешқандай амалым жоқ. Маған бұл жерден тек кету керек. Сені жақсы көретінімді ешкімге де білдірмеуім керек, әйтпесе, сенің жағдайың қиын болып, ушығып кетеді. Екеуміз де бірнәрсеге ұрынбай тұрып, мен тезірек Алматыға кетейінші. Эх, Құлан, Құлан, неге Құдай сені аямады екен? Ең болмаса басқа бір жеріңді кем қылғанда ғой. Сөйлей алмауыңмен қоса естімеуден артық қорлық бар ма? Сені де, өзімді де азапқа салмай, мен тезірек жолға шығайын. Көріспесек, мүмкін, бір-бірімізді ұмытармыз. Мен өзіңмен қоштаспай-ақ қояйын. Қансыраған жүрегіңді одан әрмен у сепкендей ашытып қайтемін» деп Сайра іштей егіліп, жүрегінің өртін баса алмай, терезенің қалың сұрып матасын түсіріп, қараңғы бөлмедегі темір кереуеттегі төсегіне құлай кеткен. Әнәпияның: «Батар күнмен таласып сау адам жатпас болар, мұндай қарбалас кезде жын-шайтан қабаттасып, қаптап кетеді, әй, тұр деген соң, тұрсайшы, адамды заржақ қылмай, не болды сонша өлгенше ұйықтап» деген айқайына да селт етпей «басым ауырдыны» сылтауратып, ол таң атқанша жатты, бірақ көз ілген жоқ. Құланның мұңлы мөп-мөлдір тұңғиық жанарына ол өзі батып кеткендей, оның ғашықтықтан өртенген жанының ышқынысы Сайраның жан дүниесін аласапыран ғып, таудай қасіреті кеудесін жаншып бара жатыр. «Әрмен қарай бұл сорлы жігітті азаптан құтқаруым керек, тезірек Алматыға кетуден басқа амал жоқ» деп шешкен Сайра ертеңіне апасына: «Құжаттарым дайын, енді жолға шығайықшы» деп жанын қояр жер таппады. Сөйтіп, апасы танысы арқылы поезға билет алды да, бұлар келесі түнде жол жүріп кетті.
Сайраны бір көруге зар болып жүрген Құлан оның кеткенін бір күннен кейін білді. Ол аласұрып барып ауладағы құйған кесектерін теуіп быт-шытын шығарды, жер-көкке сыяр емес. Көрген адам түрінен шошитындай, көздері қанталап, шашы ұйпа-тұйпа болған. Ызалы жүзі сұрланып, қараған адамның денесі түршігерліктей еді. Үйдегі ағасы мен жеңгесі Құланның жағдайын сезіп, оны аяп жүрген болатын, енді Сайраның Алматыға кеткенін естіп, «дұрыс болды, қызды көрмесе, Құланның жаралы жүрегі жазылар» деп ойлаған.
Осы жағдайдан бес күн өткеннен кейін Құланның екі бөлінген денесі темір жол бойынан табылған. Оны соңғы сапарға шығаруға келген жұрт жас жігіттің мұнша аянышты тағдырына егіліп, енді о дүниеде рахат көруін тілеп, оның періште жаны пейіштен орын алатынына сеніп тарқасты.
Құланның өзіне деген шынайы ыстық махаббатының табы Сайраның жүрегінде әлі күнге дейін сақталған. Сол үлкен мұңлы қара көздің алауы қараңғыда жанып тұрған оттай жылт-жылт етіп алыстан мұны өзіне тартатындай. Қазір ол Алматыда тұрады, күйеуі, екі нәрестесі бар, өзі мектепте мұғалім, жұрт қатарлы, біреуден артық, біреуден кем болып өмір кешіп жатыр. Бірақ Құланның жанының мөлдірлігіндей тазалықты, оның өзіне деген ынтық ықыласын Сайра енді кездестіре алмайтынын біледі. Тереңөзекке барған сайын ол Құланның бейітінің басына барып, оның әруағына Құран бағыштап, сол кәусарлықтың нұрына қайтадан шомылғандай болады.
Жадыра ДӘРІБАЕВА
Фото: businessvisit.com.ua
Фото: stan.kz