Қызылордалық жас ғалымдар үздік жобасының нәтижесінде Үндістанға жолдама алды
Бүгінде ақпараттық технологиялар күн өткен сайын қарыштап даму үстінде. Жыл өткен сайын бұл салаға қызығушылық танытатын оқушылар мен студенттердің саны артқан. Мамандардың сөзінше, ІТ саласымен айналысамын деген жастарға қазір үлкен мүмкіндік қарастырылған. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңына ІТ саласында жетістікке жеткен жас ғалымдар келіп, БАҚ өкілдеріне өздерінің үздік жобаларын таныстырды.
– Қазіргі таңда ІТ бағыты қарқынды дамып, үздіксіз жаңа жұмыс орындарын ашатын саланың біріне айналды. Мемлекет басшысы ақпан айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында елімізде ІТ саланы серпінді дамытуға бағытталған жобалардың қолданысын кеңейтуді тапсырған еді. Бұл бағытта облыста да көптеген игі істер атқарылып жатыр. Сондай-ақ, 3 мамыр күні облыс тұрғындары арасында «KyzylordaHack» облыстық білім технологияларының хакатоны өтеді. Жүлде қоры - 500 000 теңге және бір оқу грантын құрайды. Биылғы байқаудың ерекшелігі - хакатон секциялары бойынша жеке-жеке байқау өтеді. Жыл соңына дейін 4 хакатон ұйымдастыру жоспарланып отыр, - деді Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының жетекшісі Жанарыс Түбекбаев.
– Мен өткен жылы "Chevron" компаниясы ұйымдастырған "Sustainability Living Lab" жобалар сайысына қатыстым. Жалпы, бұл жарысқа Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінен 6 білім алушы қатысуға өтінім беріп, 4 жоба финалдық кезеңге өткен еді. Нәтижесінде, 2 студент грант иегері атанды. Менің ұсынған жобам – "Smart Bench". Бұл университетіміздің бас оқу ғимаратының алдына күн панельдері орнатылған смарт орындықтар қоюға бағытталған жоба. Негізгі мақсаты – кампус ландшафтарын өзгертіп, экологиялық мәселелерді тұрақты шешіммен қамтамасыз ету және университетіміздің инфрақұрылымын дамытуға үлес қосу. Жалпы айтқанда, күн сәулесінен қуат алатын "ақылды" орындық. Ол әдеттегі орындықтардан қуаттау станциясы ретінде жұмыс істейтін кіріктірілген күн панелімен ерекшеленеді. Оның көмегімен бір уақытта бірнеше телефонды қуаттауға болады, - деді "SLL" байқауының жеңімпазы Саят Урикбаев.
– Мен 13-14 сәуір күні Түркістан қаласында өткен "Recodetau" деп аталатын республикалық хакатонға қатыстым. Байқау жайлы ақпаратты естігеннен кейін үздік деп танылған университет студенттері мен мектеп оқушыларынан "NeoNomad" атты арнайы команда құрдық.
Хакатонға 18 бен 25 жас аралығын қамтитын 150-ге жуық адам қатысты. Байқаудың шарты бойынша біз берілген бизнесті цифрландыруға бағытталған 8 тақырып және қосымша табиғи апаттар кезінде жедел әрі оңтайлы шешім шығаруға бағытталған жоба жасауға мүмкіндік алдық. Командамен ақылдасып табиғи апаттар мәселесін шешуге бел будық. Нәтижесінде, "ReDabyl" атты жобаны әзірледік. Бұл су тасқыны секілді табиғи апат кезінде жұмыс істеуге арналған мониторинг және алдын ала болжаудың кешенді жүйесі. Жобаның басты міндеті – сенсорлар нақты уақыт режимінде өзен арналарының бойында орналасқан су деңгейін және басқа параметрлерді үздіксіз бақылайды. Су тасқынын көрсететін шекті мәннен асқан кезде сенсорлар автоматты түрде жауапты органдарға дабыл туралы ақпаратты жібереді.
Осылайша, мамандандырылған бригадаларды дәл қажет жерге жіберу арқылы жұмыс күшін азайтуға және автоматизациялауға көмектеседі. Бұл байқау бүгінге дейін жинаған тәжірибеміздің жемісі болды. Командалық жұмыстың арқасында 1 орын иеленіп, Үндістан мемлекетіне 10 күн тәжірибе алмасуға мүмкіндік алдық. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік, - деді "ReDabyl" жобасының мүшесі Раушан Тұрғанбай.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі