Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалыпты ұйқы – қуат көзі

Қалыпты ұйқы – қуат көзі

«Денсаулық – зор байлық» демекші, өміріміздегі ең бағалы, ең қымбат асыл қазынамыз – біздің денсаулығымыз. Денсаулық бізге берілген аманат. Ал адам денсаулығының басты кепілі – саламатты өмір.

Саламатты өмір қалыптастырудың негізгі маңызды критерийлері бар. Мысалы, дұрыс ұйықтау, уақытылы әрі дұрыс тамақтану, спортпен шұғылдану, үнемі қозғалыста болу, жеке бас гигиенасы, пайдалы істермен айналысу, зиянды заттар пайдаланбау, режимді сақтау. Осы аталған қарапайым қағидаларды міндетті түрде күнделікті өмір сүру салтымызды әдетке айналдырсақ, әртүрлі аурулардан аулақ болып және денсаулығымыз өте жақсы деңгейде болатыны сөзсіз.

Саламатты өмір салтының басты қа­ғидаларының бірі дұрыс ұйықтаудың маңыз­дылығына тоқталсақ. Мамандардың айтуынша, адам тәулігіне кемінде 7-8 сағат ұйықтау қажет екен. Нормадан көп ұйықтау да, өте аз ұйықтау да адам ағзасына зиянын тигізеді. Сағат 23.00 мен 07.00 аралығындағы ұйқы ең пайдалы болып табылады. Мәселен, швед ғалымдарының зерттеу нәтижесінде аз ұйықтайтындардан гөрі толық 8 сағат ұйықтайтын адамдардың ұзақ өмір сүретіндігі дәлелденген. Ұйқының дұрыс болмауынан иммунитет әлсіреп, артық салмақ, бас ауруы пайда болады. Денсаулыққа біршама әсер етіп, тез қартаю салдарына алып келеді.

Соңғы уақытта ұйқының бұзылуы көпшілік адамдарда жиі кездеседі. Үнемі ұйқыңыз қанып, күні бойы сергек жүру үшін не істеу қажет? Ұйқысыздық неден пайда болады және оны қалай емдеуге болады?­

Ұйқысыздық көбінесе мынадай зиянды әдеттерден соң пайда болады: ұйықтар алдында телефон немесе теледидар қарау, ауыр немесе шамадан тыс көп тамақ ішу, дене жаттығуларын жасау. Ұйқысыздықты болдырмас үшін ең бірінші режимді дұрыстау қажет. Кешкі тамақты ұйықтардың алдында 2-3 сағат бұрын ішу керек. Түскі ас кезінде жақсылап тойып, құнарлы тамақтанған абзал. Ал кешкі аста калориясы аз тағамдар жеуге кеңес береміз. Егер мүмкіндігіңіз болса, түс уақытында аздап көз іліндіріп алғаныңыз жақсы. Себебі миыңыз біршама тынығып қалады әрі күш-қуатыңыз арта түседі. Ұйықтар алдында серуендеп қайту – миыңыз бен жүйкеңізді тыныштандырады әрі сергектік береді. Түймедақ пен жалбыз қосылған шай демдеп, салқын күйінде ішсеңіз пайдалырақ. Ұйқыңыз дұрыс болуы үшін күнделікті белгіленген бір уақытта тұрып, бір уақытта ұйықтау қажет. Бөлмені ұйықтар алдында кішкене желдетіп алған жөн. Жақсы әрі жеңіл ұйықтаудың негізі – жайлы матрас пен жұмсақ жастық.

Ұйқысыздықтың пайда болуы тек зиян­ды әрекеттерден ғана емес, басқа да себептерден болады. Стресс, күйзеліс, климат­тың өзгеруі, қандай да бір мазалайтын ауру, түнгі ауысымдағы жұмыс кестесі, артық салмақ және тағы басқа. Ұйқының бұзылуы көңіл-күйіңіздің бұзылуына әсерін тигізіп, ашушаңдыққа алып келеді. Егер ұйқысыздықтың созылмалы асқыну түріне шалдықсаңыз, міндетті түрде дәрігердің көмегіне жүгінгеніңіз абзал. Үй жағдайында өз бетіңізбен ем жасамағаныңыз дұрыс. Ұйқысыздықты аурумен шатастырып алмаңыз, ұйқысыздық – синдром.

Қорытындылай келе, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген ұстанымды әрқашан естен шығармау қажет. Кейде денсаулығымыздың қадірін білмейтін кездер де болып жатады. Денсаулықты сақтау әр адамның өз қолында. Қай уақытта да дені сау адам ең бақытты болып саналады. Ал дені сау ұрпақ – ел болашағы.

Алтынай ЖҮНІСОВА

13 қаңтар 2024 ж. 153 0