Жолаушылар тасымалы саласы жандануда
Мемлекет дамуының бір көрсеткіші - көлік инфрақұрылымының дамуы, оның ішінде жолаушылар тасымалы мен оларға қолайлы жағдайлар жасау.
Бұл бағытта Қызылорда облысында қарқынды жұмыстар жүргізіліп, ірі жобалар қолға алынуда.
Солардың қатарында, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Ақтөбе облысына дейінгі аралығын 2 жолақтан 4 жолаққа ауыстыру және «Қызылорда - Жезқазған» автожолын қайта жаңғырту жұмыстары жандануда.
Жолаушылар тасымалы сапасын арттыру мақсатында биыл өңірімізде бірқатар нысандар салынуда.
Атап айтар болсақ, Қорқыт ата әуежайының заманауи үлгідегі жаңа терминалының және жаңа автовокзал ғимаратының құрылысы қарқынды жүруде.
Халықаралық стандартқа сай барлық жағдай қарастырылған әуежай терминалы іске қосылғаннан кейін сағатына қазіргі 150 жолаушының орнына 250 жолаушы қабылдайтын болады. Жаңа терминал жылына жолаушылар тасымалын 137 мыңнан 200 мыңға, жүк тасымалын 150 мың тоннадан 240 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Ал, жолаушылар мен тасымалдаушыларға қызмет көрсету талаптарына сәйкестендірілген жаңа автовокзал пайдалануға берілгеннен кейін барлығы 55 автобус маршруты яғни, 124 рейс ұйымдастырылады. Мұнан бөлек, 1 халықаралық (Ташкент қаласына), 13 облысаралық, 46 ауданаралық рейс жолға шығады. Автовокзал жаз мезгілінде күніне 3700-ден астам, қыста мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетуге ыңғайластырылып салынады.
Сонымен қатар, көптен бері жөндеу жүргізілмеген Қызылорда теміржол вокзалы да қайта жаңғыртудан өтті. Вокзалға сыртқы және ішкі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аумағына асфальт жабындылары төселіп, жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасалды.
Көлік инфрақұрылымына деген сұраныс артқанын ескеріп, облыс орталығындағы жолаушылар тасымалдау қызметін жақсарту үшін өткен жылы заманауи 150 жаңа автобус сатып алынды. Биылға қосымша
50 автобус алынды. Қалған 100 автобус жақын күндері келеді.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі