Қыздың көркі – қос бұрым
Көреген халқымыз қашан да қыз баласын қадірлеп, ерекше құрметтеп өсірген. Әйел затының сыртқы болмысына баса назар аударып, «тіл көзден сақтасын, жын-шайтаннан аулақ болсын» деген ниетпен қос бұрымын өріп, күтімде ұстаған. Бұрымның қазақ қоғамындағы рөлі айрықша екендігі сонша, Тәуке Ханның жеті жарғысында әйел адамды жазалаудың ең ауыры өлім жазасы болса, екіншісі бұрым кесу ритуалы болып есептелген. Бұл жаза күйеуінің көзіне шөп салып, арамдыққа жол берген әйелдерге қарсы қолданылған.
Қазақ халқының дүниетанымында бұрым – ибалы әрі инабатты қыз баласының образы тәріздес. Әрбір қыздың мінезі мен тұрпатын сүмбіл шашы мен қос бұрымына қарап таныған. Шашбаудың сыңғырына қарап қыздың жүрісін, соған сай мінезін таныған деп жатады үлкендер. Яғни, сылдырлаған шашбау үні реттілікпен баяу ғана қозғалса, шашбау иесінің епті, жинақы, биязы екенін аңғартқан. Ал олпы-солпы жүрген қыздың шашбауы да әуезге салып сылдырламасы анық. Шашты жаю ерсі саналып, санасыз қыз кейпін жайылған, ұқыпсыз шашпен бейнелеген. Бұған қазақ мифологиясындағы албасты секілді кейіпкерлердің образы айқын дәлел. Археолог, этнографтардың зерттеулерінің нәтижесінде, қола дәуірі кезіндегі жерлеу орындарынан шашқа арналған шашбау, шолпы, моншақтар табылған. Яғни, ұлт менталитеті мен дәстүріміз қазақ болып қалыптаспас бұрын көрініс тауып, қыздың ары мен келбеті бізге дейінгі заманның өзінде аса маңызды рөл ойнағанын білдіреді.
Сондай-ақ қыз баланың бұрымы тек әсемдік пен тәрбиенің ғана символы емес тазалықтың да символы саналған. Үй шаруасында жүрген әйел баласының жасаған қызметіне жиналмаған шаш кедергі келтірген. Аталған мәселе де қазақ қызының шашын жиып, өріп жүруіне түрткі болған.
Бұрым – қыздарымыздың көркі әрі болмысы. Заманның талабына сәйкес бұрымын қадірлегендердің саны азайғаны қайсыбірімізді де қынжылтатыны хақ. Ұлттың коды салт-дәстүрі, тілі әрі мәдениеті екенін ұмытпағанымыз абзал. Мейлінше, бұрымдылардың саны артқан сайын қоғам арасында қыз баласына деген құрмет көбейе түсетініне күмәнім жоқ.
Назым ӘБІЛХАЙ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университеті
журналистика факультетінің
1-курс студенті