Ішсең шәй, көңілің жәй
Күн ысыған сайын адамды шөл қысатыны белгілі. Салқын су бойынды салқындатқанымен, ыстық шәйдің орны бөлек. Дәл қазақ секілді шәйқұмар ұлт жоқ шығар, сірә. Әсіресе жазда терлеп-тепшіп шәй ішуді әдетке айналдырып жібереміз. Бірақ шәйді көп мөлшерде ішу денсаулыққа зиян дейді. Дегенмен шәйдің уақыты кетіп қалса, басы ауыратындар да бар.
Негізен, шәй – адамның бойын сергітетін, бір ішкеннен көңілді жадыратып жіберетін, шөлді басатын сусын. Жалпы шәй ішу дәстүрі қалай қалыптасқан, шәйдің біз білмейтін қанша түрі бар, ал оның пайдасы мен зияны туралы білгіңіз келсе, әрі қарай оқи түсіңіз.
Шәйдің шығу тарихы Қытайдан басталады. Қытай императорына шәй жапырағынан дайындалып берілген сусын өзінің дәмі мен хош иісімен таңдандырады. Ел билеушісі өзінің қарамағындыларға да осы сусынды үнемі ішіп тұруды бұйырған екен.
Негізінен, шәйді Ресей патшасына Моңғол ханы елші арқылы беріп жіберген дейді аңыз-әңгімелерде. Шәйді татып көрген патша сусынды ұнатады. Кейін шәй Жапонияға да Қытай елінен келеді. Ағылшындықтар да шәйдің тұқымын Қытайдан әкеліп, оның өндірісін енгізген. Қазір ағылшындықтар әлемде шәйді сүйсініп ішетін халықтардың қатарында.
Шәй көпжылдық өсімдік, яғни оның өмір сүруі 100 жылға дейін созылады, 70 жыл бойы өнім береді. Біздің елде шәй өсірілмегенімен, ТМД елдерінде Әзірбайжан, Грузия, Ресейдің Краснодар өлкесінде бірнеше сұрыптары өсіріледі.
Шәйдің үгітілген және престелген түрі болады. Престелген шәйді бұрынғылар «тақта шәй» деп атаған. Үгітілген немесе байха шәйі кең тараған түрі. Оның да қара, көк түрі болады. Шәйдің бұл түрінде белок, амин қышқылдары мен бояғыш заттар және көптеген дәрумендер бар. Құрамында эфир майы бар шәйден хош иіс пен ерекше дәм сезіледі.
Жалпы, шәй дайындаудың өзіндік дәстүрі мен әдебі бар. Ерекше баппен қайнаған сумен қайта-қайта ақ құманды шәйіп барып, мөлшерімен шәйді салу керек. Сонан соң оны біраз уақытқа тұндырып қояды. Кейбір жерде демделген шәйді отқа қойып бұқтырады, негізінен өз бетінше тұрып шәйдің толыққанды бұқтырылғаны дұрыс дейді бұрынғының адамдары. Егер шәйіңіз толыққанды құман түбіне шөксе, онда шәйдің ішуге дайын болғаны. Ал бір ішілген шәйді қайтадан қайнату немесе қалған шәмбеден жаңадан шәй қосып демдеуге болмайды.
Дәрігерлердің пікірінше, шәй ішуден бас тартқан жөн. Ең алдымен шәйді өте ыссы ғып ішетіндерге айтарымыз, ыстық шәй жұтқыншағыңыз бен асқазаныңызға кері әсер етеді. Үнемі ыстық шәй ішетіндер ағзаны зақымдап алуы мүмкін. Мамандар шәйдің ыссылығы 50 градустан сәл асса болғаны дейді. Ал одан температурасы жоғары болса, асқазанда қандай да бір дерттің болуына жол ашады.
Бұрындары үлкен аналарымыз шәйді самаурынға қайнатқанда «екі иығынан» демалдырып, бұрқ-бұрқ қайнатып әкелетін. Бұл дұрыс, әбден қайнаған суға демделген шәйдің сапасы әлдеқайда жақсы болады. Шәй ішудің дәстүрінде оны қандай кесеге құйып бергенінде де өзіндік сыр бар. Негізінен, шағын, кішкентай кесемен шәй ішкенде ғана оның хош иісі мен дәмін ерекше сүйсініп ішуге болады.
Сондай-ақ дәрігерлер шәйді тамақпен бірге ішуге болмайтынын айтады. Шәйді тамақтан кейін кемінде жарты сағаттан соң ішкені абзал. Сонымен қатар аш болсаңыз салқын шәй ішу де зиян. Себебі аш қарынға ішкен шәй өт пен ас қорыту жүйесін бұзады. Керісінше, ыстық немесе жылы шәй бойыңызды сергітеді. Есте сақтайтын нәрсе, ешқашан дәріні шәймен ішпеңіз. Себебі «Шәй дәріні бұзады» деген тәмсіл оның құрамындағы заттар ыдырағанда пайда болатын таниннің әсерінен дәрінің сіңімділігі азаяды.
Ал сіз шәйдің жеті түрі болатынын білесіз бе? Аға-апаларымыздың қан қысымын төмендетуге ішетін көк шәй – шәй жапырағының күн көзіне кептірілген түрі. Сары шәй – ең қымбат түрі. Адамның қуатын жылдам келтіретін әсері бар шәйді дайындау тәсілін қытайлықтар әлі күнге дейін құпия ұстайды. Бастың, мидың жұмысын жақсартамын десеңіз сізге улун шәйі көмектеседі. Ол жартылай ферментті және түсі ашық болады. Әлемге қызыл шәй деп тараған бізше қара шәй ферменттелген шәйдің түрі. Өте жоғары температурада кептірілгендіктен көк шәйдің түріне жатады. Өте сирек кездесетін сорттың бірі қара пуэр деп аталады. Пуэрдің басқа шәй түріне қарағанда әсері өте күшті болады. Гүлді шәй – нағыз жан рақаты үшін ішілетін, гүлмен дәмі келетін әрі денсаулыққа өте пайдалы шәй түрі.
Көгілдір экраннан шәйдің небір түрін жарнамалайтындар көбіне сүт қосылмаған шәйді демдеп көрсетеді. Шын мәнінде, сүт қосылған шәй денсаулыққа зиян ба? Мәселен, сүтпен шәйді ағзаңыз уланып қалған жағдайда ішсеңіз удың бетін қайтаратын қасиеті бар. Бұрындары аналарымыз баласының көзінің шырышты қабығы жабысып қалса қызыл шәйдің тұнбасымен жуатын. Бұл да дұрыс тәсіл әрі ем. Көк шәйдің жапырағын шайнау арқылы жүрек айнығанды басуға болады. Шәйді тіл ойылса, теріге түрлі жарақат түссе, тіпті іріңді жараларды емдеуге қолданады.
Шәйдің пайдасымен қатар зиянды жағы да бар. Әсіресе, аяғы ауыр әйелдер шәйді аз мөлшерде, мүмкін болса мүлдем ішпегені абзал. Өйткені шәйдің құрамындағы кофеин іштегі баланың дамуына кері әсерін тигізеді. Көбіне көп мөлшерде шәй ішетін аналардың салмағы аз баланы дүниеге әкелуіне себеп болады.
Сонымен қатар артерияның созылмалы ауруымен ауыратындар мен қан қысымы бар адамдар үшін қара шәйды тұтынбаудың пайдасы мол. Әсіресе, аурулары өршіп тұрған кездерде қара шай ішуге болмайды. Өйткені, шәйдың құрамындағы кофеин мен теофиллин науқас адамның орталық жүйке жүйесіне кері әсерін тигізеді.
Шәйді тағы бір зиянды тұсы ұйқысыздыққа шалдыққандар кешкілік шайды ішуіне болмайды. Себебі шәйдың құрамындағы кофеин мен хош иісті заттар ұйқыны қашырады.
Қою қара ыстық шәй ішіп, шөлді басқыңыз келсе, мархабат. Ал оны біз айтқандай өз әдебімен пайдалансаңыз денсаулығыңызға жағымды әсері де бар. Яғни, салқындап қалған адам шәй құрамындағы теофиллин арқылы дене температурасын көтере алады.
«Ішсең шәй, көңілің жәй» деп халық бекер айтпаса керек-ті.
Бибісара ЖАНӘЛІ