Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдың Бибіпатымасы

Ауылдың Бибіпатымасы

Қазақы салт-дәстүрлерді сақ­тап, нәзік жандарға тән биязы­лығымен, бей­нет­кештігімен, бойына бар жақсы қасиеттерді сіңірген Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғыны Қалжан Жұманазарова жайлы сөз қозғамай кету мүмкін емес.

Ол кісі өте қарапайым, көзі ашық, көкі­регі ояу, кең пейілді, қадірменді кісі еді. Апа­мыздың отырған орнында өзін-өзі ұстауы, ай­­на­­ласындағыларды әп-сәтте өзіне баурап ала­тыны, бәрі-бәрі тәрбиеге толы көрінетін. Қай­ынағалардың өзі ол кісінің көмегіне зәру болып тұратын. Әсіресе келіндеріне үлкенді сый­лау, қонақта қалай отыру, қалай сәлемдесу, бәрін-бәрін тек ыммен ғана түсіндіретін. Кез келген жиын-тойда өзі де тыным таппай барлығын рет-ретімен жұмсайтын. Бәрін үйрете жүріп, қа­зақтың келіндеріне тән қажетті қасиеттерді ұғындыратын. Етті асу, қымызды, қымыранды ашыту, қатықты ұйыту, айранды пісу, азанғы сиыр сауу, кешкі сиыр сауу, түйені бес мезгіл сауу, жылқыны қалай сауу секілді шаруаларды уақыт бөліп өзі бас болып қыр-сырын үйрететін. Өмір мектебі деген осы болар. Оның арасында тігін тігу, көрпе-көрпеше, күртеше, балаларға қолғап, шұлық тоқуды үйрететін.

Өтеген әке жылқышы болған. Көктемде жай­лауға көшетін. Жылқы, түйе, сиыр, қой, ешкі, саны жоқ бағып кететін. Сол бейнеттерде шаршау дегенді ұмытып, үнемі Қалжан апаның жүздері жарқын, жүзінен нұр шашып, төгіліп тұратын. Ол ешқашан да қабақ шытып, ешкімді ешқашан ренжітпейтін. Қо­нақжайлылығы бір бөлек әңгіме. Мына шеті Түркістан, мына шеті Арал күнде қонақ, бір күнде екі қазан, кейде үш қазан ет асылатын. Самаурын қайнаулы, дас­тархан жаюлы.

– Менің өзім апаның өз баласындаймын. Анда-санда барғанымда менің өзіме жеті литр­лік самаурынмен шәй қойылып, дастарханда қуырдақ, сары май, құрт, талқан, сөк, науатпен шәй беретін. Келіні – Күміс апаны солай тәрбиелеген. Ол кісінің жақсылығын көрмеген абысын-ажын, келіндер кемде-кем шығар. Қалжан апа мен үшін ол кісі өмірге бір-ақ рет келетін және қайталанбас тұлға, – дейді келіні Роза Нағашыбаева.

– Соңғы ауырып емханада жатқан кезінде мені көп іздепті. Қыздарынан қайта-қайта сұ­рап, «келіп тұрған шығар, мені табалмай жүрген шығар» деп елеңдеумен болыпты. Мүмкін, айтар сыры болды ма, әлде тапсырар аманатын айтқысы келді ме, кім білген? Ол кезде мен де басқа ауруханада емделіп жат­қан­мын. Нағыз қазақ әйелдеріне тән қадір-қасиеті мол ауыл Бибіпатымасы еді ғой, Қалжан апамыз. Қайтейін, қолдан келгенше сіз берген тәлім-тәрбиені келер ұрпаққа ұғындырамын. Наурыз мерекесінде де жыл сайын ауыл-аймақ келіндерін жинап үлгі-өнеге көрсететініңіз әлі күнге көз алдымда. Сіздің жарқын бейне­ңізді, ұлттық бітім-болмысыңызды, игі істеріңізді ұмыта алмай жүрмін, – деп айтады ол тебіреніс­пен.
Шындығында, ұлттық болмысын жоғалт­паған жан туралы жазу мен үшін де үлкен борышым деп түсіндім.

Мейрамбек ШІЛДЕБАЕВ
28 наурыз 2023 ж. 160 0