Есте сақтау қабілетіңіз қандай?
Адамның есте сақтау қабілетін жақсыртуға байланысты сан түрлі тұжырымды ғалымдар жасап үлгірген. Десе де мидың атқаратын қызметі көп болғанымен, зерттелуі тиіс сан саласы жеткілікті. Осыған орай бүгін көпшілік үшін жұмбақ күйде саналатын есте сақтау қабілетін жақсартуға тоқталып өтпекпіз.
Негізінен, ми ешқашан демалмайды екен. Тәулік бойы дамылсыз қызмет ететін ересек адамның миының салмағы 1400-1450 граммды құрайды. Сезімтал ағзаның құрылысы 35 миллиард жасушадан тұратын көрінеді. Әрқашан миға дабыл жіберетін өзіндік желіні жүйке деп атайды. Жүйке әрбір ағза арасындағы өзектер арқылы миға сигнал жіберіп отырады. Ашығын айтқанда, мидың қалыптасу дағдысы 20-30 жас аралығында жүргізіледі. Кейбір зерттеулерде адам дүниеге келгеннен кейін 1 жасқа дейін миы өте белсенді дамыса, 1 мен 7 жас аралығында баяу қалыпта жетіледі.
Ересек адамның миы 5 бөліктен тұрады. Мәселен, маңдай бөлігі – ерікті қозғалысқа, мінез-құлыққа жауап береді. Ал төбе бөлігі – қозғалыстарды басқару және сенсорлық стимулдау реакциясының қызметін атқарады. Шүйде бөлігі – көруді қабылдауға тікелей жауапты. Мишық – тепе-тендікті сақтауға атсалысады. Сонымен бірге мидың екі жарты шарда тұратындығын ескерген абзал. Сол жақтағы жарты шар – ойлау және сөйлеу, оң жақ жарты шар – эмоция мен интуицияны қатаң қадағалайды. Қарапайым адам 1 тәуілікте 7000-ға дейін ойланады екен. Сондықтан ғалымдар адам миының 10 пайызын ғана пайдаланады деген тұжырымды жоққа шығарған. Кез келген кісінің көзі жыпылықтаған сайын миы белсенді жұмыс істеп, заттарды жарық етіп ұстайтыны тағы бар. Күле білу де оңай нәрсе емес. Адам күлгенде мидың 5 бөлігі де жұмыс жасайды. Ер мен әйелдің миың салыстырғанда біріншісінің көлемі артық болған. 75 пайызы судан тұратын мидың қызметіндегі нейрондар ішімдік ішкенде әлсірей бастайды. Қолымыздағы смартфонды жиі қолдану мидың қатерлі ісігіне шалдықтыруы мүмкін.
Қарапайым өмірде миға ауыртпалық салатын сан түрлі жағдай орын алатыны жасырын емес. АҚШ-тың нейрохирургы, медицина ғылымдарының докторы Санджай Гупта ми жұмысын жақсарту мен саулығы үшін 5 ережені қалыптастырған. Соның бірі – қимыл қозғалыстың миға тікелей әсері.
– Спортпен шұғылдану ми жұмысына оң әсер етеді. Бір ғана спорт түрімен ғана айналыспай, жаттығуды алмастырып тұру керек деген кеңес беретін едім. Мысалы, ылғи жүгіретін болсаң, келер жолы велосипедпен жүру немесе суда жүзуді байқап көру керек. Аэробты және көп күш жұмсайтын жаттығулар ми үшін өте пайдалы. Ми мен мен физикалық жаттығу жасау бір-бірімен тікелей байланысты, – дейді Санджай Гупта.
Бұдан өзге, дәрігер күнделікті оқу, тынығу, дұрыс тамақтану қарым-қатынаста болу ережелерін бекіткен. Өз кезегінде миды тынықтыру тәсіліне кешкі асты ертерек ішу, ән тыңдау, кітап оқу, табиғат аясында жиі қыдыру, бір мезетте бірнеше жұмысты атқармау, хоббимен айналысу, массажға бару кіреді.
Осыдан 16 жыл бұрын Гарвард университетінің мамандары мидың ақпарат қабылдау уақытына байланысты зерттеу жүргізген. Оған 1 ай уақыт кеткен. Зерттеуге 300-ге жуық әр түрлі жастағы адамдар қатысқан еді. Жалпы, таңғы 6.00-ден 7.00-ге дейін уақытта мидың жұмыс істеу, жаттау қабілеттілігі жоғары болады екен. Ал 8.00-ден 9.00-ге дейін логикалық ойлау қабілеті арта түседі. 9.00-ден 10.00-ге дейін аралық кез келген тақырыпты оқуға ыңғайлы уақыт саналады. 11.00-ден 12.00-ге дейін уақытта интеллектуалдық ойлау қабілеттілігі төмендейді. 12.00-ден 14.00-ге дейін нағыз түскі ас ішетін мезгіл саналады. 12.00-ден 18.00-ге дейінгі уақытты белсенді жұмысқа арнаған абзал. 20.00дан түнгі 23-00-ге дейін ми толықтай демалады. 23.00-ден 01-ге дейін барлық ағза тынығады. Сонымен бірге 01-ден 03 аралығында ұйықтап жатқанда адамның қан қысымы артады, тамырдың соғуы жиілеп зат алмасу күшейеді екен.
Осы күні ғаламдық қиындыққа айналған есте сақтау қабілетінің төмендеуі көпшілікті алаңдатады. Ұмытшақтықты болдырмау мақсатында кешенді іс-шаралар қабылдануы тиіс. Ғалымдар есте сақтауды төмендететін себепті анықтаған. Біріншіден, есте сақтау қабілетінің төмендеуіне ұйқының қанбауы, таңғы ас ішпеу, артық қант мөлшері, стресс, антидепресанттар мен ұйықтатын дәрілер, темекі шегу, күн сәулесінің жетіспеуі, ағзаға судың жетіспеуі, шамадан тыс көп ақпарат жинау, ыстықтай тамақ жеу жатқызылады. Кәсіби мамандар мидың жұмысын жақсарту мен есте сақтау қабілетін қалыпқа келтіруде дұрыс тамақтану маңызды рөл ойнайтындығын айрықша ескертеді. Негізінен, тамақтану режимі бұзылған адамның есте сақтау жүйесі бұзылады. Медицина ғылымдарының дәрігері Санджай Гупта дұрыс тамақтану режиміне аса көңіл бөлген. Ол – «таңда патша, түсте ханзада, ал кешке қарапайым шаруа» секілді тамақтан деген қағиданы ұсынады. Өз кезегінде дәрігер жұртшылыққа SHARP әдісін қолдануды ұсынады. S – қант мөлшерін азайту, H – көбірек су ішу, A – құрамында омега-3 мол тағамды мол мөлшерде жеу, R – тамақ мөлшерін азайту, P – тамақтануды алдын ала жоспарлау болып табылады.
Иә, зерттеуді қажет ететін адам ағзасының құпиясы көп. Жалпы, денсаулықтың жақсы болуы адамның өзіне байланысты. Жүйкенің тыныштығы, мидың қалыпты жұмыс жасауын барлық жағдайда бей-жай қалдырмағаны дұрыс.
Балтабай ОРДАБЕКОВ