Биылға бес жоба
Биыл өңірімізде индустрияландыру бағдарламасы аясында жалпы құны 9 млрд теңгені құрайтын бес жоба іске қосылады. Оның ішінде екі құс фабрикасы, балық өңдеу, ет комбинаты және есік шығару өндірісі бар. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Фердоуси Қожабергенов айтты, деп хабарлайды Syrboyi.kz.
– Индустрияландыру бағдарлама аясында кейінгі 11 жылда 35 жоба іске асырылып, жаңа өндірістер пайда болды. Соның арқасында екі мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Әсіресе, кейінгі жылдары аймақта жаңа инвестициялық жобалар қарқынды жүруде. Мәселен, 2020 жылдан бастап Арал ауданындағы «Сервистік-дайындау орталығы» серіктестігі Ресей мен Польшаға мұздатылған балық филесін экспорттауда. Ал былтыр жүзеге асқан 4 жобаның екеуі – шыны және керамзит өндірістері құрылыс индустрия саласына, екі жоба – ас тұзы және күріш өңдеу, азық-түлік өнімдерін шығаруға бағытталған. Аталған жобалар бойынша жылдың І жартысында 22 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, эскпорт көлемі 30 процентке артты, – деді ол.
Оның айтуынша, бағдарламаның үшінші бесжылдығында құны 654 млрд теңгені құрайтын 46 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Ал жаңа өндірістер импортқа тәуелділікті азайтып, облыс тұрғындарын жергілікті өнімдермен қамтамасыз етуге бағытталғалы отыр. Аталған жобалар жүзеге асса, жеті мыңнан аса адам жұмыспен қамтылмақ.
Брифингте 5 ай ішінде 233 мың тонна аммоний метаванадаты Ресей мен Ұлыбританияға экспортталғаны айтылды. Келесі жылы осы тау-кен байыту комбинатының құрылысын бастау жоспарлануда.
Ал биыл өңірде құрылысы басталатын жобалардың қатарында «Шалқия» кен орнында тау-кен байыту фабрикасының жерасты кенішінің құрылысы, Қызылорда қаласындағы «ВЕГА-Пром» серіктестігінің құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру цехын кеңейту жобасы бар.
Айта кету керек, бұған дейін басталған кейбір жобалардың құрылысы әлі толықтай аяқталмаған. Оның ішінде Арал ауданындағы түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауыты, Қызылорда қаласындағы «Айғасар» серіктестігінің «Бие сүтін өңдеу цехы» жобасы, «Игіліков» жеке кәсіпкердің балық қалдықтарынан жасалған балық ұнын өндіру жобасы бар.