Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 1999: Ғасырлар тоғысындағы жыл

1999: Ғасырлар тоғысындағы жыл

1998 жылды еліміз «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп қорытындылап, Сырдария ауданының халқы 70 жылдығын атап өтсе, жаңа 1999 жылды саяси оқиғамен бастады.

1999 жылдың 10 қаңтар күні Президент сайлауы өтті. Ел-халық үшін маңызы зор саяси науқанды өткізуге ауданда аумақтық сайлау комиссиясы тыңғылықты жұмыс атқарған. Бұл жайында ауданның үнжариясында, яғни 9 қаңтар күні жарық көрген №1 санында «Әрбір азаматтың абыройлы міндеті» тақырыбында мақала жарияланып, Елбасын сайлауға қатысу әрбір Қазақстан Республикасы азаматының абыройлы міндеті екені және сайлауға бір кісідей қатысуға үндеген.

«Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» деп жарияланған 1999 жылы Тәуелсіз мемлекет болып жарияланған елімізде тұңғыш халық санағын өткізу туралы шешім қабылданған. Ұлттық халық санағы 25 ақпан мен 4 наурыз аралығында өткен. Әр он жылда бір рет өтетін науқанға ауданнан 10 санақ бөлімі, 37 нұсқаушы-бақылаушылар, 162 санақшылар жұмылдырылған.

1999 жылы «Өз тірлігіңді өзің қолға алатын жыл келді. Беліңді бекем буып, іске кіріс, қарекет қыл, ағайын!» деп ұрандатқан сырдариялықтар мемлекеттен жәрдем ақша алмайтын күрделі сипатта қалған. Сондықтан аудан өз бюджетін жүйелі де ырғақты қалыптастырудың тиімді жолдарын қарастырған. Яғни нарықтық қатынастар кезеңінде қырағылық, сергектік таныту қажеттігі туындаған.

Жыл басында ауданда кадрлық тағайындау орын алған. Ұзақ жыл аудандық аурухананы басқарған білікті дәрігер Рүстем Садықұлы зейнет демалысына шығып, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының бұйрығымен аудандық аурухананың бас дәрігері болып Абдолла Арғынбаев тағайындалған.

Аудан жылнамашысы атанған «Тіршілік тынысы» газеті дәл осы жылы өзінің алпысыншы көктемін қарсы алған. Жергілікті басылым үшін айтулы жылдың 13 наурыздағы №8 санында журналист С.Ерімбеттің «Аудан жылнамасының алпысыншы көктемі» тақырыбындағы мақаласы жарияланған. Мақалада газет баспасы болып қайта құрылымдалған редакция қиын кезеңді бастан өткізіп жатқанын айтқан. Өзін-өзі қаржыландыруға көшкен газет баспасы жұмыс қарқынын төмендетпей, тиімді жұмыс көздерін қарастырған. Ең бастысы газет оқырмандарға уақытылы жеткен. Мақаладағы: «Редакция іші қыз-қыз қайнап жататын. Аптасына 3 рет шығатын аудандық басылымға кейде журналистердің мақалалары сыймай қалып, қызу талас жүріп жататынын қайтерсің? Жылына 2500-3000-ға дейін келетін хаттар легінде толас болсайшы?! Газет қызметкерлері өзара «Нөмірден қалғаның өмірден қалғаның» деп жарасымды әзілдесіп те алатын. Бұл сол бір қарбалас уақыттың өзіндік ерекшелігі болар», деген жолдар арада қанша жыл өтсе де редакцияның қиын әрі күрделі жұмысынан хабар беріп тұрғандай.

Аудан басшылығын тізгіндеген Алмагүл Божанова осы жылы нау­рызда облыс әкімінің Жарлығымен Сырдария ауданының әкімі болып қайта тағайындалған. Азаматтың азаматы көтерер ауыр жүкті әйел басымен көтеріп, оның үстіне абырой биігіне шығып, ел ықыласына бөленген әкімді аудандық редакция ұжымы қайта бекіген мәртебелі лауазыммен құттықтап, ниет білдірген.

«Көктемнің әрбір күні жылға азық» дегендей аудан бойынша 1999 жылы 11500 гектар алқапқа күріш егу жос­парланса, меже 10 мың гектарға орындалған. Тұқым жетіспеушілігі орын алып, күріш егу сәуір айының екінші онкүндігіне дейін жалғасқан. Дала жұмыстарына 454 трактор, 55 дән сепкіш, 134 соқа қатысқан. 2900 гектар жаздық бидай егілуі қажет болса, оның 700 гектарын «Шаған» серіктестігі еккен. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы құрылымдары 49700 тонна шөп дайындаған. Жоңышқаның алғашқы орылымында 5550 гектар мал азығының 900 гектары тұқымға қалдырылса, 4600 гектары орылған.

Тарихи жылдың мамыр айында жерлесіміз, Қазақстанның халық жазушысы, сыншы, драматург Қалтай Мұхамеджановтың 70 жылдығына орай ауданда ауқымды іс-шара ұйымдастырылған. Мерейтой жазушының туған ауылы Шіркейліде өткен. Мерейтой иесімен бірге өмірлік қосағы Фарида апай, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза, жазушы-аудармашы Әбілмәжін Жұма­баев, ақын Темірхан Медетбеков, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы, жазушы Камал Смайлов бірге келген. Мерекелік іс-шарада Шіркейлідегі №129 орта мектептің аяқталған қосымша құрылысының ашылу салтанаты өтіп, лента қиылған.

Жағымды жаңалықтардың жаршысы болған аудандық басылым облыс әкімі Б.Сапарбаевтың ұсынысымен және қолдауымен өз жұмысын жетілдіре түскен Тереңөзек поселкесінің әкімі Нақышбек Алматовтың «ОКА» жеңіл автокөлігін сыйға алғанын жариялаған. Шағын ақпаратта поселке әкімі Н.Алматов: – Бізге бұл үлкен сенім оңайлықпен беріліп отырған жоқ. Халықпен етене араласып, бірлесіп жұмыс істеу, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді жедел шешу, елді-мекендерді көркейту-көгалдандыру, тағы да басқа қадау-қадау өзекті де өміршең, көкейтесті де келелі мәселелерді шешу үшін аянбай жұмыс істеу жауапкершілігі жүктеліп отыр, – деген.

Ауданның білім саласы туралы айтар болсақ, аудандағы 17 орта мектепті оқу жылында 771 бала бітірген. Оның 18-і үздік аттестат иесі атанған. №35 мектеп оқушысы Айгүл Қозыбаеваның редакторлығымен мектеп оқушыларына арналған «Бастау» атты газеттің алғашқы саны шыққан. Газетті шығаруға Хәкімжан Елеусінов, Тимур Баджанов, Ержан Жанбосынов, Абзал Ұзақбаев, Берік Қызылалиевтер белсене атсалысқан.

Мұрағат қорында сақталған 1999 жылдың тігіндісі талай тарихи шежіреден сыр шертеді. Олай дейтініміз, осы жылдың 12 маусымдағы 23 санында басылымның оқырмандарға 7000 нөмірі қолына тиіп отырғаны айтылған. Мерекелік нөмірде бұрынғы редакторлар Смағұл Маханбетов пен Ізхан Досмағамбетовтың, фототілші В.Ягуниннің фотолары басылған. Оны түсірген марқұм фототілші Ерхан Әбдіхалықов.

1999 жылдың шілде айында облыста үлкен жаңалық орын алған. ҚР Президентінің Жарлығымен 23 шілдеде Қызылорда облысының әкімі болып Серікбай Өрікбайұлы Нұрғисаев тағайындалған.

Берекелі күз өз молшылығымен, думанды салтанатымен қатар келген. Осы жылы «Алтын дән – 99» мерекесі мен Қазақстанның халық жазушысы Ә.Тәжібаевтың 90 жылдығы бірге аталып өтіліп, аудан орталығындағы №36 орта мектепке ақын Ә.Тәжібаевтың есімі берілген. Кең көлемде аталып өтілген салтанатты іс-шарада ақындар мүшайрасы өткен. Ақынның мерейтойына ауданға есімі белгілі қаламгерлер, ақынның туыстары, ұрпақтары келген.

Өз несібесін Жер-анадан терген диқаншы қауым егілген 9750 гектар жердің әрбір гектарынан 43,1 центнерден ақ маржан жинап, қамбаға құйған.

Аудан үшін мерейлі жыл болған 1999 жылы аудан әкімі А.Божанова облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланған.

ХХ ғасырдың соңғы күзінде өткен мерейтой ел есінде жарқын естеліктермен қалды. Ғасырлар тоғысында тұрған ел-жұрт үшінші мыңжылдықты зор үмітпен қарсы алуға дайындалды. ХХІ ғасырды ғажайып ғасырға балаған аудан халқы қиындықтар артта қалғанына және болашақтың жарқын болатынына зор сенім білдірді.

Бибісара ЖАНӘЛІ 
12 мамыр 2021 ж. 348 0