Су ма, у ма?
Адамның бойын бірден баурап алатын жаман қасиет бар. Ол қызылды-жасылды жарнамаға сену және соған қайткен күнде де қол жеткізуге құмарлық. Кез келген адам өмірінде бір рет болса да жарнамада көрген нәрсенің тұтынушысы болатыны рас. Өз басынан өткізбейінше ол заттың қаншалықты пайдалы немесе зиян екенін білмейді. Тіпті кейде заттың зиянды жағын көре тұра соған тәуелді болып қалғанын да аңғармай қалатыны да бар. Жаман әдетке адам бойының тез үйренуі – жазылмаған заңдылық іспетті. Сондықтан одан арылу оңайға соқпайды. «Бір рет тұтынғаннан ештеңе бола қоймас» деп әдетке айналдырып, денсаулыққа зиян келтіреміз. Бүгін газдалған сусынның денсаулыққа зияны туралы айтатын боламыз. Нақты айтқанда мақалаға арқау болған тақырып «Газдалған сусынның зияны немесе кока-колаға тәуелділік туралы болады.
Кока-кола сусынына – 135 жыл
Осыншама жыл бұрын пайда болған «ғажайып» сусынның авторы әскери қызметші Джон Стит Пембертон есімді азамат. Бұл адам сусынның құрамы туралы арнайы жазбаны шаруа адамынан 250 долларға сатып алған екен дейді ел арасындағы аңыз. Ал сусынға атауды және оның логотипін оның есепшісі Фрэнк Робинсон ойлап тауыпты. Ол өзінің әдемі қолтаңбасымен «Coca-Cola» деп жазып берген көрінеді. Америкалықтар сусынды 1902 жылдан бастап жаппай тұтына бастаса, бұрынғы кеңес одағы аумағына сусын 1988 жылдан бері сатылымға шығады.
Газдалған сусынның құрамына зер салып көрдіңіз бе?
Негізгі бөлігін су құрайтын сусынға тәтті және қышқылдықты арттыру үшін түрлі қоспалар қосылады. Оның құрамындағы қоспалар дәм сезу қабілетін қоздырып, өзіне деген тәуелділікті күшейтеді. Адам сусынды шөл басу үшін ішкенімен оның ұзақтығы көпке бармай, ішкен үстіне іше бергісі келетіні – дәм сезіну тетігінің өзгеріске ұшырауымен байланысты орын алатын адам ағзасындағы құбылыс.
Сонымен қатар газдалған сусынның құрамында міндетті түрде қант болады. Оның мөлшерін айтсақ, қарапайым тілмен айтқанда 200 грамм суға 5 қасық қант салғанмен тең. Ал оның зияны қант диабетіне дейін әкелетіндігінде. Жүрек-қан тамырлары ауруы, тісжегі, артық салмақ дерті де қанттың артуынан туындайтын дерт. Газдалған сусын өндірушілер қантттың орнына оны алмастыратын химиялық қоспаларды қолданғанды жөн көреді. Мысалы, несеп жолына тас жиналуға әкелетін ксилит пен сорбитол, қатерлі ісікке шалдықтыратын сахарин мен цикломат, аллергиялық дертті ушықтыратын аспартам тұтынушыға аталған сусын арқылы ағзасына енеді. Мұнан басқа қышқылдықты арттыратын лимон және фосфор қышқылы да ағзадағы кальцийдің мөлшерін азайтады. Адамдардың тісжегіге немесе сүйек сынғыштығына әкелетін нәрсе негізінен кальцийдің жетіспеушілігі екені белгілі. Сонымен қатар сусында бензол атты химиялық қоспа бар. Бұл қоспаны иіс су өндірушілер жағымды иісі үшін пайдаланады.
Газдалған сусын аты айтып тұрғандай оның негізгі құрамына көмірқышқыл газы кіреді. Мұндай газ асқорыту жүйесінде ауруы бар адамдарға өте зиян. Ағзаға сумен қоса енген газ ішек пен қарынның шырышты қабатын тітіркендіріп, ауру тудырады. Сусынға түс беру үшін түрлі бояғыштар қолданады. Ал, ол бояғыш жасанды түрде химиялық элементтер негізінде жасалады. Жасанды бояғыштардың саны өте көп болғандықтан, құрамында азот элементі бар бояғышты қолданған сусынды тұтынбаған дұрыс.
Жалпы айтқанда, дүкен сөресінде самсап тұрған түрлі газдалған сусындар жәй ғана көздің жауы екенін біліп, оны тұтынудың салдары айықпас дертке әкелетінін мықтап есте ұстаған жөн. Себебі «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың амалын ізде» деген тәмсілдің дұрыс айтылғанына көзіңіз сусынның құрамын көргеннен кейін-ақ әбден жетеді.
Ғылыми жобаның арқауы болған тақырып
Кенттегі №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы Жансая Әлтаева бастауыш сыныпта оқып жүргенде сынып жетекшісі Елена Мясцовамен газдалған сусынның зияны туралы ғылыми жоба дайындады. Республика көлемінде өткен байқауда жақсы бағаланған жобаға еліміздің бірқатар ғалымдары айтарлықтай баға берді. Ғылыми жоба негізінде жас зерттеуші адамзатты өзіне тәуелді еткен сусын туралы түрлі зерттеулер жүргізіп, нәтижесін жария етеді.
– Оқушыларға ғылыми жобадайындау үшін тақырып таңдауға ұсыныс бердім. Сыныптағы ең үздік оқушым Жансая бүгінгі күннің маңызды деген мәселесін дәл тауып, «Кока-кола – зиянды сусын» деген тақыпыта ғылыми жобажасайтынын айтты. Кішкентайзерттеуші тақырыпты толық ашу үшін көп зерттеу жүргізді. Ақпарат жинады. Ғалымдардың пікіріне сүйенді. Негізгі мақсаты аталған сусынның адам ағзасына келтіретін зиянын анықтау болды. Нәтижесінде бұл сусынның ағзаға зиян екеніне көзі жетіп, жас жеткіншектерге өз ағзасын уламай, дұрыс сақтауына үн қосады, – дейді ғылыми жоба жетекшісі Е.Мясцова.
«Денсаулық – Құдайдың берген баға жетпес сыйы, ол адамға өмірлік берілмейді, сондықтан оны сақтау керек» деген қанатты сөз бар. Адам денсаулығына соншалықты зиян әкелетінін біле тұра оны тұтынушылар саны азаймаса көбеймей тұрғаны не себептен. Бұл жайында жас зерттеуші жауап іздеп көреді.
– Маған да кока-кола сусыны ұнайды. Бірақ анам оны бізге сатып әпермейді. Себебі оның әсіресе, жас бала ағзасына әкелетін зияны өте көп екенін біледі. Менің ойымша, осы сусынға жасалатын жарнаманың әсерінен және заманауи сусын болғандықтан адамдар сонша тәуелді болып алған. Сонымен қатар әдемі тауар белгісі, дәмі, шөлді басатын, шаршағанды ұмыттыратын қасиеті мен адамға қуат беретіні өзіндік себеп болды. Дегенмен, сусынның құрамын білгеннен кейін оны тұтынатын адамдар азаятынына сенімдімін. Жәй ғана сусынның құрамына көз жіберту арқылы одан өмір бойы бас тартуға болады. Әрине, ол үшін адамның бойында әлсіздікті жеңетін сенімділік пен жігер керек, – дейді осы күні кока-кола сусынынан бас тартқан Жансая Әлтаева.
Зерттеуші өзінің ғылыми еңбегінде газдалған сусынның негізгі құрамы кока атты жапырақтың үш бөлігінен жасалатынын айтады. Негізінен ағаштың аты болған кола сусыны әдепкіде дәріханада сатылған. Оны жүйке жүйесі сыр бергендер пайдаланған. Уақыт өте ірі бизнес иесі осы атаумен ірі компания құрып, қазіргі кезге дейін өндірумен айналысып келеді.
Нақты тәжірибе – нәтижелі зерттеу
Кока-кола сусынымен зерттеу жүргізген Жансая Әлтаева ең алғашқы тәжірибесін жұмыртқамен жасайды. Жұмыртқаны ыдысқа салып, үстіне сусынды құйып, үш күннен соң көреді. Жұмыртқаның түсі сұрланып, қабығы жұмсарып кеткен. Ал, кәдімгі етті сусынға салып үш күнге қойғанда, еттің бетіне жарықтар пайда болып, иістене бастаған. Сондай-ақ келесі тәжірибесін өзінің түсіп қалған тісімен жүргізген. Сусында тұрған тіс қап-қара түске енген. Бұл тіс жегісіне әкелетін сусын тіс эмалін түгелдей жойып жіберу қабілетіне ие дегенді дәлелдейді. Тырнақпен жүргізген тәжірибеде сусынның кесірінен тырнақтың еріп кеткендігі анықталған. Жәй ғана стаканға құйылған сусынды бес күнге қалдырғанның соңында оның көлемі азайып, қою қоймалжыңға айналғанын көрсеткен. Сусын құйылған құтыға «Ментос» кәмпитін салған кезде сусын түгелдей дерлік сыртқа атылып, көпіршіктенген. Нәтижелі болған зерттеу жұмысының қорытындысында адам ағзасына зиянын тигізетін сусыннан түбегейлі бас тартуға шақырады.
Газдалған сусыннан бас тарту – саулық негізі
Осыншама зиянды сусыннан зардап шегіп, арты қайғылы жағдайға әкелетін кездер кездесетіні анық. Дегенмен компания имиджіне сәйкес мұндай келеңсіз жағдайлар туралы айтыла бермейді. Десек те газдалған сусынды мүлде тұтынбайтындардың қатарында көбіне егде жасқа келгендер бар. Үлкен кісілер коланың орнына пайдасы зор ұлттық сусындарды тұтынуға кеңес береді.
Ал, кент тұрғыны Берікбол Қаратай газдалған сусынның ішінде кока-коланы осы күнге дейін тұтынып көрмегенін айтады. Түсі де қап-қара, пайдасынан зияны көп сусынды балаларына да әпермейді екен.
– Реті келсе жас балаларыма сатып әпермеймін. Өзім мүлдем тұтынбаймын. Шөлдесем немесе ас қорытуға минералды сусын ішкенді тәуір көремін. Мезгілінде түрлі жемістен табиғи сусын дайындап қоятын жұбайымның қолынан шыққан сусынның дәмі мың есе артық дер едім, – дейді Б.Қаратай.
Тұтынушылардың сұранысына сай дүкен сөрелерін кока-кола сусынына толтырып қоятын сатушы А.Сақыбекова:
– Жаңа жыл мерекесі қарсаңында, жалпы барлық мерекеде дастарханнан табылатын сусынды тұтынушылар бірінші кезекте сатып алатыны жасырын емес. Сондықтан тапсырысты да күн сайын арттырып отырамыз. Адам баласы не зиян болса, соған қайта құмар келеді емес пе? Қанша айтылса да жарнамадағы айтылған ұтыс ойындары тұтынушының қызығушылығын оятып, қайта құмарта түседі. Кока-коланы сатуға тыйым салынбағандықтан дүкеннен кез келген жастағы тұтынушы емін-еркін сатып алады, – дейді.
Тұрмыстағы қажеттілікке айналған сусын
Газдалған сусынды тұрмыста пайдалану, нақты айтқанда үй шаруашылығына пайдалануға әбден болады. Әжетхана мен қолжуғышты тазалауға таптырмас сұйықтық. Сондай-ақ өте қатты кірлеген заттарды жуу кезінде кір жуатын ұнтаққа кока-кола сусының қоссаңыз, дақтардан құтыласыз. Ас үйдің ыдыс-аяғын тазалауға да болады. Қақ басқан шәйнекті аз уақытта жап-жаңа етуге мүмкіндігі мол. Қыз-келіншектерге құлаққағыс ретінде айтарымыз осы сусынды терезе әйнегін жууға пайдалансаңыз, әйнегіңіз жарқырай түседі. Ал жұмыртқаны қайнатқан кезде сусыннан сәл қосып жіберсеңіз жұмыртқаңыз жарылмай пісумен қатар, оңай аршылатын болады.
Тағы бір ғажайып мәліметті ұсынған жас зерттеуші баспасөз беттерінен алған мәліметте қайбір жылдары Орал қаласында 9 мамыр – Жеңіс мерекесі қарсаңында алаңды осы сусынмен тазалап жуғаны туралы ақпарат шыққан. Ал америкалық полицейлер коламен қылмыс айғағының іздерін жою үшін оны осы күнге дейін қолданады екен.
Бибісара ЖАНӘЛІ