Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыздың уылуы

Ауыздың уылуы

«Аурудың жаманы да тамақтан өтеді, амалы да тамақтан өтеді» демекші қазіргі уақытта адамның бойында дендейтін дерттің түрі өте көп. солардың ішінде ауыз қуысында пайда болатын дерттер қатары да аз емес. ауыздың уылуы – көп кездесетін ауыз қуысы дертінің бірі.  

Ауыздың уылуы немесе медицина тілінде «стоматит» ауруы – ауыздың кілегейлі қабығының қабынуы. Оның бірнеше түрі болады. Олардың қатарына ауыздың кілегейлі қабығының жай ғана қызаруы, жас балаларда кездесетін түрі – ауыздың кілегейлі қабығының күлбіреуі және ауыздың ойылуы.

Ауыздың кілегейлі қабығы қатты қабынғанда адамның қызыл иегі қатты ісініп, қанай береді, ұрттың кілегей қабығы қабынғанда тістің батқан ізі көрініп тұрады, сілекей ағады, кейде жағымсыз иіс шығады. Уылудың екінші түрін ауыздың кілегей қабығына стрептококк немесе стафилококк микробы еніп қоздырады. Соның әсерінен кілегейлі қабықша мен қызыл иектің әр жері күлдіреп ағарады. Дертті жұқтырған адам тағам шайнаудан қалып, көңілі делсалданып, ашуланшақ келеді. Аузынан сілекей ағып, дене қызуы көтеріледі. Ал аузы ойылған, уылған адамның тістерінің түбі ісініп, сұрғылттанады, қызыл иектері жара болады, жақ астындағы бездері шошынып тамақ ішуі қиындайды. Мұндай жағдай орын алғанда дәрігерге көрініп, күніне 5-6 рет риванол немесе марганец қышқылды ерітіндісімен шайып отыру керек. Бұлар болмаған күнде сода (көмір қышқылды натрий), бура (бор қышқылды натрий) және фурациллин ерітінділерімен де шаюға болады. Ауызды шайғаннан кейін оның кілегей қабығына метилен көгінің 3 % ерітіндісін жағу қажет.

– Науқас адамның ішетін асы сұйық немесе қоймалжың, әрі жылы күйінде, витаминге мол болғаны дұрыс. Кейде пенициллин, стрептомицин сияқты антибиотикті ұзақ ішкенде де ауыздың уылуы мүмкін. Бұл кезде осы дәрілерді ішуді тоқтатса, аурудың өзінен-өзі қайтуы ғажап емес, – дейді стаматолог-дәрігер Б.Рүстемов.

Тұрмыстық жағдайда көбінесе ертеден келе жатқан емнің бір түрі ашутасты немесе ас содасын пайдаланады. Балалардың аузы уылғанда уылған жерге күйдірілген ашутастың аз мөлшерін сепсе тез жазылады. Онымен қоса ауызды ас содасының ерітіндісімен шайып отыру керек. Ал халық емінде ошағанның (тікенді осімдік) гүлін күйдіріп, күлін уылған жерге басады. Бұл әдіс аурудан тез айығудың төте жолы ретінде көп қолданылады.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дегендей қандай дерт болсын аурудың жақсысы жоқ. Сол себепті, денсаулығымызды күткеніміз абзал.

Айдана ҚАЛИЕВА 
12 қаңтар 2021 ж. 6 138 0