Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаздар есірткіге қарсы!

Ұстаздар есірткіге қарсы!

Бала күнімде әжемнің мейіріміне бөленіп, өмір жайлы қызықты әңгімелерін тыңдап өстім. Әжем  үлкен қалтадағы темекі махоркасын терезе алдынан алып  «Тұқымы құрығырдың тұрмайтын жері жоқ» деп зілді үнменкісі көзі түспейтін жерге қоятын. Біздің оқушы кезімізде мектепте жоғарғы сыныптың темекі тартқан ер балаларын қатаң тәртіпке шақыратын.  

Қазіргі күні сол темекі өнімдерінің қораптарына  «Денсаулыққа зиян» деген мәтінде түрлі ауруларға шалдықтыратын ескертпелер бейнеленгенімен темекі өнімдері сұранысқа ие. Бұрын балаларға темекі шекпеңдер деп тәрбиелесе, қазіргі күні әлемді жайлаған ғасыр індеті өскелең жас ұрпақ  үшін зор қауіп болып тұр. Әжемнің  тұқымы құрғыр деп лағынет айтатын темекісі есірткінің жанында түкке тұрғысыз болып қалды. Әжемнің заманында есірткі деген сөзді тек теледидардан шетелдік фильмдерден еститін едік. Қазір сол әжем айтқан «тұқымы құрғыр» деген лағынет сөзі есірткіге дәлдеп айтылғандай. Отбасымда обал мен сауап, арам мен адал деген ұлттық ұғымды бойыма сіңіріп өстім. Қазіргі қоғамда арам жолмен мол қаржы тапқысы келетіндер обал деген қағиданы аттап өтіп талай жанның, талай отбасының обалына қалсадааты өшкір есірткі бизнесі шарықтап тұр. Есірткінің құрбаны болған кейіпкерлер  жайлы бұрын шетелдік фильдерден көрсек қазіргі күні  есіркінің шырмауына түскендер ортамызда жүр. Балалар еліктегіш келеді. Бірі  өнер жұлдыздарына еліктеп, бірі спорт чемпиондарына ұқсағысы келіп өнер, спорт мектептерімен түрлі үйірмелерге қатысып жатады.

Әр баланың  талабы әр қалай. Кей балаларды  өнер, білім, спорт қызықтырмайды. Отбасындағы әлеуметтік жағдайда балалардың жасөспірім шағында өз жолын таңдауға әсер етіп жатады. «Бірі тойып секіреді, бірі тоңып секіреді» демекші ауқатты отбасынан шыққан кей отбасының балалары  қазіргі күні сәнге айналған плейстейшн клубтарына барып уақыт өткізсе, қатарымнан қалмаймын деп аз қамтылған отбасының балаларыда барып жатады. Сол плейстейшн клубтарының сыртындағы Кальян ұсынатын жарнамасына қарап шошынасың. Тіпті қазіргі уақытта кафелердеде кальян қызметі қарқынды дамып тұр. Ұстаздар  түнгі уақыттарда  кафе аралап, клуб аралап оқушыларын тексеріп рейдте жүреді. Күндіз білім беріп, түнде көше кезіп оқуыларды қадағалап жүрген ұстаздар қауымы көптеген келеңсіз жағдайлардың басты куәгерлері. Кальян шеккен оқушылар ертеңгі күні есірткіге әуес болама деген үрей ұстаздардың үлкен уайымы. Оқушылардың болашағы, өмірі, денсаулығы ұстаздар үшін ғана маңызды деген пікір туындайды. Мүмкін сол кальянның құрамында есірткінің азда болса мөлшері бар шығар деген де қорқынышты ой келеді. «Ұрайын десең жалғызым, ұрмайын десең жалмауызым» демекші, ұстаздар теріс қылық көрсеткен оқушылармен және ата-аналарымен жабық түрде сөйлесіп  «ел естімесінұят болады, жаман аты шықса болашағына зиян болады» деген мақсатта  оқушыларды тәртіпке шақырып, әңгімелесумен шектеледі. Ал сол кальян қызметінің жұмысы ашық түрде жалғаса береді. Себебі заңды бизнес! Америкада есірткі заттары мектеп буфеттерінде ашық сатылады дегенді естігенде бұл қалай? деп шошындым. Бүгін кальян қызметі заңды түрде ашық ұсынылса, есірткі бизнесі ертеңгі күні есіріп төрімізге шықпауына кім кепіл? Есірткімен күрес – ертеңің үшін күрес!

Асанова Ақтоты Ертісқызы
Сырдария аудандық Оқушылар үйі
04 қараша 2020 ж. 487 0