Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Күз көңіл-күйдің мезгелі

Күз көңіл-күйдің мезгелі

Қазанды артқа тастап қарашаға аяқ басар сәт те алыс емес. Күздің ең бір көрікті һәм сұрықсыз кезі енді басталды. Күздің құдіреті неде? Осы бір мезгілдің адам жанына бөлекше әсер етуінде не сыр бар? Санада сұрақ көп. Бір анығы Күз - көңіл сарайымыздың айнасы. Күз - сағыныш. Күз - сезім симфониясы. Бәлкім, Күз - ой-қиялымыздың құндағы. Қалай болса да тылсымына тартар жұмбақтығы - талай ақынның таусылмас тақырыбына айналып қала берері анық. Кей кезде көңіліңді күздің бұлты торласа, жаныңды жапырағын жел тонаған жетім бақтың жалғыздығы жегідей жесе, жүрек дертіңді өлеңнен іздейтініміз анық.
Бүгін сіздерің назарларыңызға күз жайындағы топтама өлеңдерді ұсынамыз.

КҮЗ. КӨҢІЛ-КҮЙ  
Осы күздің аспаны жылауық тым,
Сәл жымиса қайтеді бірауық Күн.
Көз жасыңды қайтсін ел…
Боқтайды кеп, құлаған мас шетіне бір арықтың.  
Ұйқы қашып, мәңгірсе бір басыңыз,
Ұзақ түнге терезе — сырласыңыз.
Өршелене оны да сабалайды
Әлденеге ызалы ұрғашы-күз.  
Неге сонша жылайды, (тұспал ма екен?…)
Бағын әлде байлады, іштар бөтен.
Әлде бәрі бір күнде кетіп қалып
Кеулін әбден босатқан құстар ма екен?  
Жаңбыр ғана шаяр деп мына шерді,
Содан ақыл берді ме, мұң әсерлі.
…Мені-дағы көп достар сатып кетті,
Өлгем жоқ қой, (жылағам, рас, енді…).  
Мөлдір бұлттан пәренжі жамылды Ай да,
Шаршады ғой… аспан сәл дамылдай ма?
“Жылама енді, сүрткін деп, көз жасыңды”
Ақыл айтар күзге ешкім табылмай ма?  
Мен-ақ ақыл айтар ем, түсін, бірақ…
Біреу алып кеткендей күшімді нақ.
Айқайлаймын, дауысым шығар емес,
Тұр, өйткені, менің де ішім жылап.  
Көңілдің көп бояуы оңар шерден,
Бізге-дағы көп адам болар сенген.
Сол сенімнен шығайық, жылама, Күз,
…Алдыменен сен тоқта, содан соң мен.

Бауыржан Бабажанұлы



22 қазан 2019 ж. 1 260 0