Қызылорда өңірі құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша республикада бірінші орында
Соңғы жылдары Қызылорда құрылысы қарқынды қалаға айналды. Білім саласы бойынша “Жайлы мектептер” бой көтеріп, салаға лайықты көңіл бөлінуде. Бүгінде 4 мектептің құрылысы аяқталса, қалған 5 мектеп 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Құрылыс саласындағы қарқынды жұмыстар легін облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев тізбектеп берді.
– Денсаулық саласы бойынша 22 құрылыс нысаны жүргізіліп, 15-і пайдалануға берілді. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында республикада алғашқы болып 9 амбулатория мен 2 фельдшерлік-акушерлік бекет пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ, Қызылорда қаласында 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүргізілуде.
Бұған дейін, қаламыздағы Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан Қан орталығы ел игілігіне табысталды. Сондай-ақ “Руханият жылы” аясында аудандарда 7 “Руханият орталығы” бой көтерді. Әзірге олардың екеуі халық игіліне жұмыс жасауда. Аймағымыздың ажарын айшықтай түскен ғимараттардың бірі - Өнер орталығы. Мәдениет саласына да лайықты көңіл бөлінуде. Облыс орталығында халықаралық стандарттарға сәйкес 11 мың орындық орталық стадион, жабық бассейні бар көп салалы дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Жақын арада Қызылорда қаласында «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы басталады.
Биыл бюджеттен тұрғын үй құрылысына және жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға қажетті қаржы бөлініп 2500-ден астам пәтер сатып алынды. Атап өтетін жайт, облысымыз халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үй сатып алу бойынша республикада 2-ші орында.
Бүгінде тұрғын үй құрылысы бойынша барлығы 1910 пәтерден тұратын 33 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде,- деді Ерлан Кәрімбекұлы.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Фото: Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметі