Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәжіліс депутаты Зәкіржан Кузиев қант мәселесін шешудің жолын ұсынды

Мәжіліс депутаты Зәкіржан Кузиев қант мәселесін шешудің жолын ұсынды

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәкіржан Кузиев елімізде қант проблемасын шешудің жолын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Халық қалаулысының пікірінше, жүгеріден өндірілетін сұйытылған қантты зауыттарға ұсынса, халық арасында қантқа деген сұраныс сәл де болса бәсеңдейді.

«Жүгерінің құрамында 78 пайыз қант бар. Екіншіден, көршілес Түркиядан бастап, Еуропа елдерінің 80 пайызы қантты жүгеріден алады. Ал шекерді қант қызылшасынан алу шығынға шаш етектен батырады. Қазақстан бойынша бір жылдың ішіне 500-550 мың тонна қант қажет. Яғни, 500 мың тонна қанттың 350 мың тоннасы зауыттарға кетеді. Сусын, тәтті өнім шығаратын зауыттар құмшекерді тұтынады. Ал егер зауыттар шекер емес, жүгеріден өндірілетін сұйытылған қантты қолданатын болса, елімізде қант мәселесімен дәл мұндай проблема болмайтын еді. Яғни, зауыттар күнделікті дастарханда тұратын қантты сұйытылған қантпен алмастыру керек», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәкіржан Кузиев Жетісу облысына сапары барысында.

Ал енді елімізде жүгері өсіруді қолға алу үшін шаруаларға қолдау қажет. Мәселен, жүгеріні көптеп өсіретін Жаркент өңірі шаруаларының басты проблемасы - су тапшылығы.

«Бірінші проблема - су, біздің ауданда су аз. Үкімет су мәселесін шешіп берсе, субсидия берсе, содан кейін өсірген жүгерімізді қымбатырақ қабылдаса», - дейді Жаркенттегі шаруа иесі Сейфул Жұманов.

Айта кетейік, еліміз қанттың 30-35 пайызын ғана өндіреді. Оның басым бөлігі Жетісу облысынан шығады. Ал қалған 70 пайызы өзге елдерден жеткізіледі.

«Егер қант мәселесін өзге елдердің тәжірибесіне сүйеніп шешпейтін болсақ, онда тек импортқа тәуелді боламыз дейді», депутат Кузиев.
01 қазан 2022 ж. 237 0