Көз жасы арықтауға көмектеседі - зерттеу
Көз жасы арықтауға көмектеседі. Бұл туралы зерттеулерге сүйеніп Stern неміс журналы жазады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Адамдар әртүрлі себеппен жылайды. Ғалымдар да көз жасы туралы түрлі зерттеулер жүргізіп келеді. Мамандар анықтағандай, қуаныштан немесе дене жарақатынан пайда болған көз жасы түрлерінің атаулары бар және олардың химиялық құрамы әртүрлі келеді.
Ғалымдар анықтағандай, көз жасы эмоциялық тұрғыдан ғана емес, арықтау үшін де пайдалы», деп жазады басылым. Мақала авторының сөзінше, «психолоиялық көз жасы» яғни, күйзеліс, қайғы немесе көңілсіздіктен ағатын көз жасы адам ағзасына ерекше әсер етеді.
«Калифорния офтальмологы доктор Аарон Нойфельдтің айтуынша, психологиялық көз жасы гормондарға әсер етеді. Эмоционалды қиын жағдайда адам ағзасында кортизол атты гормон көбейеді. Бұл майдың артуына алып келеді. Сол себепті адам психологиялық дискомфорт кезінде шоколад немесе фаст-фуд жейді.
Дегенмен, егер осындай жағдайда адам эмоциясына ерік беріп, жылап алса, көз жасы «кортизолды» шайып кетеді. Яғни, оның ағзадағы мөлшері қалпына келіп, артық салмақ азая бастайды», деп жазылған мақалада. Атап өтілгендей, әдейі жылау арықтауға көмектесе алмайды. Яғни, ол ешқандай гормонға әсер етпейді. «Бұл зерттеу адам өз эмоциясын басып тастамау керектігін көрсетеді. Яғни, керек кезде жылап алғанның да пайдасы бар», - деп жазады автор.
www.inform.kz