Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан Президенті мен Иордания Королі кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Қазақстан Президенті мен Иордания Королі кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен II Абдалла бен әл-Хусейн келіссөзді екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен жалғастырды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Иорданиямен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беретінін жеткізді.

– Екіжақты қарым-қатынасты дамытуға деген шынайы ниетіңізді жоғары бағалаймыз. Сіздің салиқалы әрі сарабдал көшбасшылығыңызды, сондай-ақ аймақтағы және әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі ерекше рөліңізді атап өткім келеді. Сіздің күш-жігеріңіздің арқасында Иордания Таяу Шығыстағы тұрақтылық мекеніне айналды. Диалог пен ықпалдастықты басты бағдар ретінде ұстануыңыздың нәтижесінде Корольдіктің халықаралық аренадағы абырой-беделі артты. Биыл ақпан айында Қазақстан Президенті ретінде Иордания Хашимит Корольдігіне жасаған бірінші ресми сапарымды ерекше ықыласпен еске аламын. Бүгінгі сапар екіжақты қатынастарға тың серпін беріп, ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенімдімін, – деді Президент.


Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Иорданияны саяси және экономикалық тұрғыдағы ортақ мүдде ғана емес, дін, толеранттылық дәстүрі және өзара құрмет секілді ғасырлар бойғы құндылықтар біріктіреді. Екі ел әлемге сан алуан мәдениет пен конфессиядағы халықтардың тату-тәтті өмір сүріп, адамзат дамуына үлес қоса алатынын көрсетті.


Король ІІ Абдалла қос мемлекеттің достығын жоғары бағалайтынын атап өтті.

– Бүгінгі сапар түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайтуға және екіжақты байланыстарды тереңдетуге тараптардың мүдделі екенін растайды. Бұған дейінгі келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар маңызды келісім мен меморандумға қол қойылды. Бүгінгі уағдаластықтар, сондай-ақ оны табысты іске асыру елдеріміздің арасындағы серіктестікті кеңейтуге берік негіз қалайтынына сенімдімін, – деді Иордания Королі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Аммандағы кездесу барысында тараптар тауар айналымын 500 миллион долларға дейін ұлғайтуға уағдаласқанын еске салды. Қазақстан Иордания нарығына жалпы құны 250 миллион доллар болатын 60 өнім түрін экспорттауға дайын.

Президент «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы мен Иордания уран өндіруші компаниясының (JUMCO) атом өнеркәсібін дамыту саласындағы ынтымақтастығына қолдау білдірді.

Президент Иордания делегациясына еліміздің халықаралық көлік-логистика желісін кеңейту бастамалары туралы мәлімет беріп, Орталық Азия мен Таяу Шығыс арасында интермодальді жүк тасымалын бірлесе өркендету мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы, туризм, цифрландыру салаларындағы ықпалдастықтың әлеуеті зор.

Өз кезегінде Иордания тарапы медицина, фармацевтика, халал индустриясы және қорғаныс өнеркәсібі бағытындағы тәжірибесімен бөлісуге ниетті. Сонымен қатар Royal Jordanian әуе компаниясы келесі жылы Амман мен Алматы арасында тікелей әуе рейсін ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұл қадам екі елдің азаматтары мен іскерлік ортасының байланыстарын жандандырады.

Бұдан бөлек, тараптар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге, соның ішінде бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүргізіп, университеттер арасында серіктестік орнатуға қызығушылық танытты.




27 тамыз 2025 ж. 184 0