Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үндістанның он бесінші президенті ант қабылдады

Үндістанның он бесінші президенті ант қабылдады

Драупади Мурму дүйсенбі күні ант беріп, ресми түрде Үндістанның ХV президенті болып сайланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үндістан телеарналары тікелей эфирде көрсеткен салтанатты шара Нью-Делидегі ел парламентінің орталық залында өткен.

«Тәуелсiздiктiң 75 жылдығында маған осы қызметке келу бақыты бұйырды. Бізге, тәуелсіз Үндістан азаматтарына азаттық жолындағы күрескерлеріміздің үмітін ақтау үшін күш-жігерді арттыруға тура келеді», – деді Мурму ант қабылдағаннан кейін президент ретіндегі алғашқы сөзінде. Президент сайлауы 18 шілдеде өтті. Оған ел парламентінің жоғарғы және төменгі палаталарының депутаттары, сондай-ақ 28 штат пен екі одақтық аумақтың заң шығарушы жиналыстарының (аймақтық парламенттердің) мүшелері қатысты. 21 шілдеде дауыс саналды, билеуші Бхаратия Джаната партиясы (Үндістан халық партиясы) басқаратын ұлттық демократиялық альянс атынан шыққан Мурму 64 проценттен астам дауыс жинап, біріккен оппозиция өкілі Яшвант Синхадан әлдеқайда озып кетті.

25 шілде 2022 ж. 776 0