Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Алаш тағылымы: Тәуелсіздік негізі

Алаш тағылымы: Тәуелсіздік негізі

№210 О.Әбілпаттаев атын­дағы орта мектеп, кент мә­дениет үйі мен аудандық тари­хи-өлкетану музейінің ұйым­дастыруымен тағылымы мол іс-шара өтті. «Алаш тағы­лымы: Тәуелсіздік негізі» тақы­ры­бын арқау еткен кеш хал­қымыздың қамы үшін аянбай қызмет еткен Алаш арыстарына арналды.

Сахна төрінде мектеп оқушылары Алаш зиялылары – Ахмет Байтұрсынұлы, Міржа­қып Дулатұлы, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлына ар­налған арнауларын оқыды.

Кешегі азаматтық сыналар сол бір қи­лы күндердегі Алаш арыстарының өрлігі ұйқыдағы елін өнер мен білімге шақырды. «Оян, қазақ!» деп ұрандатып, елін езгіден, отаршылдықтан шығуға үндеді.

Алаш қайраткерлерінің еңбегі мен рухани мол қазынасы, қазақ жұртының басына түскен нәубет – ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандары туралы ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы Жәнібек Маханбет әңгімеледі. Өлкетанушы қатыгез де қатаң кеңестік дәуірдің ұлтымызға бер­генінен алғаны көп болғанын айтты. Қан­шама асыл азаматтарымыз жазықсыз саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Бүкіл қазақ даласын азаттық идеясына жұмылдырған бұл ұлы қозғалыстың тарихы мен тағылымы уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Алаш партиясының мақсаты – ұлттық мемлекет құру болса, сол зиялылардың арманы бүгінгі таңда орындалып отыр.

Сонымен қатар кештің арнайы қонағы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық жазушылар одағының мүшесі, өлкетанушы Жұмабай Әубәкір қазақ тарихынан сыр шертті.

Алаштың арда азаматы А.Байтұрсынұлы­ның 150 жылдығы өткен жылы ЮНЕСКО кө­лемінде әлемнің бірнеше елінде аталып өтілгені белгілі. 2022 жылдың қыркүйек айында ұлт ұстазының туған елінде кең кө­лемде өткен мерейтойға шақырту алған Ж.Байзақұлы тойдан алған әсерімен бөлісті.

– Өткен жылы ақпан айында Түр­кия­да басталып, жыл бойы Ахмет Байтұр­сынұлының өмірі мен қазақ еліне сіңірген еңбегі насихатталды. Мерейтойға арнайы шақырту алып, Алаш арысының ту­ған елінде зиярат етіп, ғалымдар бас қос­қан кон­ференциядан рухани азық алып қайттым. Ұлт ұстазының қазақ халқына деген шынайы сүйіспеншілігіне, ағартушылық қасиетіне қайран қаласың. Ең алғаш қа­зақ әліпбиін жазған ұлы тұлға «Қазақ» газетін шығарды. Осындай арда азаматтың есімін мәңгі жаңғырту мақсатында аудан орталығынан бір көшеге есімін беру туралы ұсыныс білдірдім. Ұсыныс қолдау тапты. Міне, өткен жылдың соңында кенттегі жаңа қоныс аймағындағы үлкен көшеге ұлт ұстазының есімі берілді, – деді Жұмабай Байзақұлы.

Өлкетатушы сонымен қатар туған ауыл­дың атын әлемге шығарған, ұрпақтары сол заманның өзінде шетелде білім алып, ғалым атанған Мұңайтпас Лапин туралы айтты. Мешіт салғызып, ағартушылыққа, ауыл адамдарының сауатын ашуға арнап салғызған Хан мектебі жайында тарихи деректерден мәлімет келтірді.

Қазақстан Журналистер одағының мүше­сі, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы­ның аудандық филиал төрағасы Шаһар­бек Нұрсейітов қос өлкетанушының тағы­лым­ды ойын жалғастырды. Ардагер-журналист өткен жылдан бастап еліміз­де тілдер ме­рекесі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінің құр­­ме­ті­­не 22 қыркүйектен 5 қыркүйекке ауыстырылғанын айтты. Соң­ғы жылдары ау­дан көлемінде арнайы құ­рылған қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы жұмысшы топтың мүшесі ретінде аудан орталығынан қуғын-сүргін құрбандары үшін арнайы ескерткіш қою туралы ұсыныс айтылғанын және атқарылған бірқатар жұ­мыс­қа тоқталды.  

Иә, өткеннің өткелін түгендейтін жігер­лі жастар барда, Алаш туы қазақтың көк байрағы қашанда биіктен көрінері анық. «Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбей­міз!» деген аталар аманатын насихаттау – кейінгі ұрпақтың борышы. Тарих толқы­нында «Алаш» деп ұрандатқан қазақ елінің ғұмыры мәңгі болғай!

Тағылымды кеште аудан өнерпаздары патриоттық әндер шырқады. Іс-шараның екінші бөлімі аудандық тарихи-өлкетану му­зейіне саяхатпен жалғасты.

Б.ЖАНӘЛІ
11 ақпан 2023 ж. 444 0